Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордаға екі автокөлік көпір-өткелі жеткіліксіз

07.12.2020, 10:00 595 0

Қызылорда облысы Әкімі Гүлшара Наушақызы назарына!

Сіз осы аймаққа басшылық жасағаннан бері облыс пен қалада бірқатар оң өзгерістер жасалып жатыр. Бірақ,​ теміржолдың арғы бетінде орналасқан қаланың елді мекендеріне әлі де көңіл жетпей жатқан сияқты. Бұл жақта шамамен шаһар халқының үштен бір бөлігі тұрады. Қазір бізді орталықтан қаланың ішімен өтетін «Орынбор – Ташкент» теміржолы бөліп тастап отыр. Ал қала орталығымен біздің тірлік-тіршілігіміз өте тығыз байланысты. Біздің осы аймақты қала орталығымен жалғастыратын екі ғана автокөлік көпір-өткелі бар. Біріншісі – Саламатов пен Хон Бом До көшелерін теміржолдың үстімен жалғастырып қосатын автокөлік көпірі де, екіншісі – Қорқыт ата көшесіндегі темір жолдың астымен жүріп өтетін автокөлік өткелі. Бірақ бұл – шаһар халқының үштен бір бөлігін құрайтын аймаққа мүлдем жеткіліксіз! Аптаның жұмыс күндері, атап айтқанда таңертеңгілік, түсте және кешке осы көпір-өткелдерде көлік кептелісі /орысша айтқанда – пробка немесе затор/ қалыптасады. Ал, қыс мезгілінің қар түскен сәттерінде, жоғарыда айтылған бірінші көпір арқылы жүріп өту өте қиынға соғады, кейбір көліктер көпірдің биігіне тайғанақтап шыға алмай, көпірдің үстінде тұрып немесе бұзылып қалса, ал басқа көліктер айналып өтейін десе өте алмайды, себебі – көпір үсті тар, жоба бойынша көпір тек қана екі көлік қарама-қарсы жүріп өтуге арналып салынған. Амал жоқ, қалған өте алмаған басқа көліктерге жоғарыда айтылған екінші өткелге айналып баруына тура келеді де, ол жақтың көлік кептелісінің одан да әрі көбеюіне ықпал етеді.

Міне, осы жоғарыда келтірілген себептерге байланысты:

1)​ ​ Ертеректе Жанқожа батыр көшесімен өтетін, бірақ қазіргі уақытта жабық тұрған бұрынғы теміржол өткелін /старый переезд/ «Қазақстан Теміржолы» АҚ-мен байланыс жасап, одан рұқсат алып, және ол өткел арқылы тек қана жеңіл көліктер мен автобустар жүретін етіп қайта ашқызып берсеңіз екен. Осы мәселе бойынша кезінде қала Әкімі болған Б.Досмамбетов «Қазақстан Теміржолы» АҚ-на сұрау салған болатын, бірақ ол кісі кетті, мәселе аяқсыз қалды.​ ​

2)​ ​ Қаладан​ Қаратоғай көшесімен Тереңөзек кентіне қарай шығар жолдағы «Титов» қыстағы мен бұрынғы ЦКЗ жақ беттерін жалғастыратын «Орынбор – Ташкент» теміржолының астымен өтетін автокөлік өткелі қазіргі уақытта шыны зауытына қарай теміржол тармағы түсуімен неге екені белгісіз өткел қалдырмай салынып кетті. Шыны зауыт әлі қосылған жоқ, ал осы өткелді де жөнге келтіріп, осыны қайта ашқызып берсеңіз.

3)​ ​ Бұл да ертеректе Ғ.Мұратбаев көшесінен КБИ шағын ауданына шығатын, қазіргі уақытта жабық тұрған бұрынғы теміржол өткелін /переезд/, бұны да «Қазақстан Теміржолы» АҚ-ы арқылы байланыс жасап, оны да осы өткел арқылы автокөлік тер өту үшін қайта ашқызсаңыз қандай жақсы болар еді.

Сонымен бірге, қаншама тұрғынның батасын алып, жұмысыңыз одан әрі алға баса береді деп ойлаймын!

Талғат НАУРЫЗБАЕВ,

қала тұрғыны

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: