Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бақытты отбасынан» бақыт іздегендер…

21.04.2021, 16:00 896

«Өз таныстарын әдейі терезеден кіргізіп жатыр. Қызметкерлер шығып, таныстарынан білдіртпей құжаттарын жинап алып кетіп жатқанын өз көзіммен көрдім». Бұл – «Бақытты отбасы» орталығының алдына жиналған халықтың жанайқайы. Апта басында аталмыш орталыққа қала тұрғындары қайтарымсыз грант алу үшін жиналған еді. Алайда оның арты дауға ұласып, ұзын сонар кезектің басым бөлігі бақыр тиынсыз қалды. Нәтижесінде бүлік шығарған жұрт мекемеге басып кіріп, ғимарат терезелерін сындырған. Жауаптыларға мазалаған сұрақтарын қойып, жүйелі жұмысты талап етті. Бұл карантин кезіндегі кептеліс сол мезетте-ақ әлеуметтік желілердің желін шығарды. Осы тұрғыда, «халықтың онда жиналуының себебі неде? «Бақытты отбасы» орталығында сыбайлас жемқорлықтың болғаны рас па және мәселе қалай шешілмек?» деген сұрақтарға жауап іздедік.

Қала халқы бүй дейді…

Сынған есік пен терезелер, аяқ астында қалған орындықтар мен жарамсыз болып қалған үстелдер. «Бақытты отбасы» орталығының бүгінгі бейнесі – осы. Кәсіп ашуға ниет білдіріп келген қара халық ғимараттың астан-кестенін шығарған. Ғимарат есігін жауып, кіргізбей тұрған күзетшілерді бұзып өтіп, шағын ғимаратқа жүздеген адам басып кірді. Тұрғындардың айтуынша, қайтарымсыз грант жыры жыл басынан бері басталған. Қаңтар айынан бері қала халқын кәсіп ашуға бағыттайтын «Бизнес бастау» жобасына алдын ала тіркеу жүрген. Тіркелген тұрғындар қайтарымсыз грантты алуға қатты дәмеленді. Тиісінше, сәуірдің жиырмасынан бастап оқу курсының жолдамасы бөлінеді дегенді естігеннен-ақ, қала халқы сонда жиналған. Тіпті көпшілігін «Бақытты отбасы» орталығына шақырған да сол мекеменің қызметкерлері екен. Десе де, жауаптылар мұндай лекке дайын болмаған.

– Басты есіктен бізді кіргізбей отыр. Өз таныстарын терезе арқылы да, басқа есіктермен де кіргізіп үлгеріп жатыр. Тіпті, сыртта тұрған таныстарының қағаз-құжаттарын жинап кетуде. Мен – көпбалалы анамын, күйеуім – мүгедек. Қайтарымсыз грантқа тіркелгеніме біраз болды. Жолдама қашан берілетінін күнде хабарласып сұрап жүрміз. Бүгін берілетінін естігеннен-ақ, балаларымды үйге қамап, келіп отырмын. Осында болған «бармақ басты, көз қысты» оқиғалардың барлығын өз көзіммен көрдім. Іштен құжатпен 500 адам шыққан жоқ. Бірақ, жолдамалар саны таусылды дейді, – деді қала тұрғыны Ақсауле Оразова.

Жалпы, Ақсауле мұнда сағат таңғы 6:30-да келген екен. Дегенмен, кезекке тұрғанымен жолдаманы терезеден кіргендер мен танысы барлар бірінші алып кеткенін айтады. Ал жауаптылар мұндай әңгіменің болғанын растап, бүгінде тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Ғимараттың ішінде де, сыртында да камералар орнатылған екен. Соларды қайта қарап шығып, тұрғындар шағымданған оқиғалар расталса, жауаптыларды заң жүзінде жазалайтындарын жеткізді.

Мәселенің шешімі…

Жалпы, жоба шеңберінде облыста биылғы жылы 2500 адамды, оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша 535 адамды оқыту жоспарланған. Оқуға тіркелу үшін 20 сәуірден бастап барлық жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды тіркеп, жолдама беруді бастаған. Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан, жұмыссыздар және кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға қатысушылар болып табылады.

– Апта басында қаламызда келеңсіз жағдай болды. Бір мезетте 500-ден астам адам келеді деп жоспарламадық. «Бизнес Бастау» жобасы аясында оқу қурсына жазылуға өтініш беруге 5-6 күннің ішінде қабылдау мүмкіндіктері болады деп хабарлама жібергенбіз. Алайда тұрғындардың арасында «бір күннің ішінде ғана қабылдайды екен» деген қауесет тарап кеткен. Сол себепті көп адам жиналды. Бұл оқиғаға байланысты қала әкімдігінің атынан кешірім сұраймын. Өтініштерді қабылдау үшін онлайн режимді пайдалануды ұсынамыз. Сонымен қатар, егер тұрғындар карантиндік нормаларды сақтап, арнайы электронды кезекке тұрғанда мұндай оқиға болмас еді. Бірақ, сол кезекке көңілдері толмай, терезелерден кіріп, шу шығарғаны үшін осындай жағдайға тап болып отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары жауапқа тартылатын болды. Қатаң сынға қалатын орынбасар ғана емес, «Бақытты отбасы» орталығының басшысы мен қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысы да жауапкершілікке тартылмақ.

Жалпы, қазіргі таңда тұрғындарды қайта тіркеу жүріп жатыр. Алайда бүгінде барлығы тек онлайн форматта. Тұрғындардың сұранысына қарай грант саны көбейтілуі мүмкін. Сондай-ақ, оқу курстарына жолдама алғандар оқуды аяқтаған соң, арнайы комиссияның алдында өз кәсіптерін қорғайтын болады. Сәтті қорғап шыққанда ғана көрсетілген қаражатты алу мүмкіндігі бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: