Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАРАЛЫ СОЛДАТ пен СӘБИ

06.05.2021, 10:30 325

Сталинград қаласын неміс фашистерінен

қорғауға бастан-аяқ қатысқан әкем

 Сейітжан Бекбергеновтың әңгімесінен

Жауды қуып ілгері,

Сан күндер көз ілмеді.

Кенет қолы ұйыды,

Не істерін білмеді.

Санбат таңып жарасын,

– Қансырап жолда қаларсыз,-

Тілегенге деді ол,-

Госпитальге тез барасыз.

Үлкен жолдың шетімен,

Келеді алған бетімен.

Шыдатпай жара барады,

Ет кескендей етінен.

Орманға қалың жетеді,

Бойдан дегбір кетеді.

Жер қайысқан көп өлік,

Жанын қарып өтеді.

Бірі жоқ тірі, жаралы,

Үңіліп ұзақ қарады.

Қан тоқтамай қолынан,

Әлі кетіп барады.

Тағы да жылжып ілгері,

Белгісіз қанша жүргені.

Естілді әлсіз бір дауыс,

Адам ба, құс па білмеді.

Кідіріп біраз қарады,

Көзімен сүзіп даланы.

Селк етті кенет көргенде,

Кішкентай кір-кір баланы.

Басына түсіп зор қыспақ,

Бауырын ана сорғыштап,

Шешесінің алыпты,

Қан жаулығын қолға ұстап.

Жанарын жастан аша алмай,

Өксігін жатыр баса алмай.

Кішкентай көңіл тым күпті,

Ана әлдиі жасалмай.

Былдырлап, ойнап таса алмай,

Күлкісін күміс шаша алмай.

Анасын құша береді,

Үстінен әрі аса алмай.

Шырылдап зілсіз жылайды,

Кімнен көмек сұрайды?

Ойлап та, толқып жатқан жоқ

Тағдырын бұдан былайғы.

Соғыстың отты дауылын,

Өмірдің көріп ауырын.

Еміп жатыр бүлдіршін

Өлген ана бауырын.

Оққа ұшып сұлаған,

Жас ана жатыр құлаған.

Білмейді ол сәбиін

Төсін еміп жылаған.

Жанында жанған қос емен,

Жас ана күлін төсенген.

Туған жер топырағында,

Қоштаспапты осы елмен.

Жұбанбады, болмады,

Сәби көңілі толмады.

Қымбат оған бұл сәтте

Мамасын бір сорғаны.

Тілеген бірге егіліп,

Маңдайдан тері төгіліп.

Бауырына салды баланы,

Жатыр сәби не біліп?

Орманның қалың етегі

Жасқа толып кетеді.

Сәби дауысы шырылдап,

Сүйегіне жетеді.

Тілегеннің  әлдиі

– Көзің жақсы көгілдір,

Көркейсінші көңіл бір.

Алтын түсті кекілің,

Маңдайыңа төгілдір.

Сипайыншы шашыңды,

Сүртейін көз жасыңды.

Саған ана санаймын

Жарым Қарлығашымды.

Әкеңдей көр өзімді,

Тыңда, қызым, сөзімді.

Саған апа санаймын

Қызым Қаракөзімді.

Тыңда әлди-әнімді,

Келтір өсіп сәнімді.

Саған аға санаймын

Ұлым Бауыржанымды.

Үкілі қос нарымды,

Үйімдегі барымды.

Қызым, саған берейін

Жиған жиһаздарымды.

Күлші, мен де күлейін,

Тілегіңді тілейін.

Жауынгер қазақ әкесін

Таныды деп білейін.

Күле қойшы бірауық,

Тілегімді құп алып.

Сәуле деп ат қояйын,

Соны екеуміз жуалық.

Күлші, қызым, қуанып,

Күлкің болсын куәлік.

Жауды жеңіп еліме

Қайтар ма екем ту алып?

***

Жылағаны басылып,

Мойынына асылып.

Қалғи берді Сәулесі,

Бір сәт мұңын жасырып.

Әке жаны езілді,

Ауыр мұңнан безінді.

Бір емес, көп сәбиді

Жұбатқандай сезінді.

Құшағында баласы,

Батып ауыр жарасы,

Келе жатыр Тілеген,

Болмай өзге шарасы.

Госпитальге жетеді,

Бәрін баян етеді.

Ондағылар жақсы ойға

Ортақтасып кетеді.

– Енді осы баланы

Ойлап жаным талады.

Бауыр басты өзіме,

Қайда, кімде қалады?..

Туған қалам – Ордада,

Госпиталь бар онда да.

Емделейін сол жақта,

Менен тілек сол ғана.

Айырмаңдар баланы, –

Деді, – жүдеп қалады.

Сенбеймін бұл тағдырға,

Не күйге оны салады.

Қоңыр салқын түн еді,

Болып солдат тілегі,

Қызын алып Тілеген,

Пойызбен елге жүреді.

Аман жетті еліне,

Келді туған жеріне.

Сәлем берді Орданың

Әйеліне, еріне.

Орманына, көліне,

Құмайтына, шөліне,

Жанын жайып көз салды

Туған қала төріне.

Адалдығы, арманы

Туған елге арналды.

Сағынышы самғаған

Тым биікті шарлады.

Көрші-көлем жиылды,

Жанға шаттық құйылды.

Көңілдегі мұң-қайғы

Сонда бір сәт тыйылды.

Қарлығашы өзінің

Күткен таусып төзімін.

Ұлы, қызы жүгірді,

Жанары қос көзінің.

Кенет тұрып қалады,

Көріп бөтен баланы.

«Үйленген бе?» – деп іштей

Секем алып қалады.

Тілеген кірді үйіне,

Бір ой ішке түйіле.

Ортақтасты келгендер

Оның көңіл-күйіне.

– Әкесінен айырылған,

Анасынан айырылған,

Алып келдім сәбиді

Қос қанаты қайырылған.

Сенем, көңілің тарылмас,

Жарым, жаным Қарлығаш.

Қаракөзге сіңлі – бұл,

Бауыржанға – қарындас.

Сен – ана, мен – әкемін,

Деме неге әкелдің?

Жатыр екен бір өзі

Ішінде отты қатердің.

Кем көрме өз балаңнан,

Болсын аққу таранған.

Гүлдер тергіз ақ, қызыл,

Өзің өскен далаңнан.

***

Дедік біз осы Ордада,

Госпиталь бар онда да.

Тілеген сонда емделіп,

Ұл-қызға қамқор болды ана.

Жазылып ауыр жарадан

Майданға тағы аттанды.

Бұл кезде фашист-немістер

Қашып бара жатқан-ды.

Берлинге кіре бергенде

Көкпен және жермен де.

Ел үшін құрбан көп болды

Жеңіс оңай келген бе?

Соның бірі – Тілеген

Жауға кегі үдеген.

Қаза тапты ерлікпен,

Жасық емес жүдеген.

Үш ұл-қыздың әкесі

Сапарға қайтпас аттанды.

Ұлы Жеңіске жеткенмен,

Жазылмас жанда дақ қалды.

Қарлығаштың қолында

Қарақағаз және де

Соңғы келген

Хат қалды…

Рысты  БЕКБЕРГЕНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: