Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күш – бірлікте!

18.09.2022, 12:00 394

HALYQLINE.KZ

(Ертегі)

Ертеде «Қызыл құмырсқалар» патшалығы өмір сүріпті. Алғашқыда басы бірікпеген құмырсқалар нөсер жауын, жел сияқты табиғат құбылыстарына да, түрлі жәндіктер мен жан-жануарлардың шабуылына да төтеп бере алмай, көп қырылыпты. Ақырында, бір абыз құмырсқа: «Уа, жарандар! Құлақ салып мені тыңдаңдар! Бұдан былай бытырап өмір сүруге болмайды! Мына табиғат апаты мен тіршілік атаулының қысымына шыдай алмай босқа қырыламыз! Ендігі жерде басымызды біріктіріп, тұрақ соғып, сонда өмір сүрейік!» – деп жар салыпты.

Абыз құмырсқаның ақылын алып, бас қосқан құмырсқалар бірігіп илеу соғып, бақытты өмір сүре бастапты. Абыз құмырсқаның ақылымен ұрпақ тәрбиесіне де аса ден қойыпты.

Таңның атысы, күннің батысы еңбектеніп, жауларынан бірігіп қорғанып, ұрпаққа ауызбірліктің маңыздылығын айтудан жалықпауды дәстүрге айналдырған  құмырсқалардың арасынан күндердің бір күнінде арғы аталарына ұқсаған жалқау әрі өз илеулестерін жақтыра бермейтін бір жас құмырсқа өсіп жетіліпті. 

Мұны байқап қалған ақсақал құмырсқалардың бірі бір күні:

– Сен ер жеттің. Бірақ әлі күнге өз илеулестеріңе қолғабыс тигізіп, еңбек етіп көргенің жоқ. Бұл жарамайды! Ауызбірлікке ұмтылмау – бүгін өзіңе қауіп төндірсе, ертең сендейлер көбейіп кетіп, бүкіл илеудегі құмырсқалардың ынтымағын бұзып, бір кездегі ата-бабаларымыздың шеккен азабын шегуіміз мүмкін! – деді. 

Ақсақалдың сөзін дұрыс қабылдамаған жалқау жас құмырсқа: «Мен бұларға керек емес екенмін. Орталарында жүргенімді қаламайтын болғаны ғой!» деп ойлайды да, жүктерін жинап, бөтен құмырсқалар елін іздеп жолға шығады.

Жүре-жүре әбден шаршайды. Қас қарайып бара жатты. Бұрын-соңды көрмеген жері болғандықтан, бойына қорқыныш ұялай бастайды. Осылай қалтырап-дірілдеп келе жатқанда, бірдеңе шөптерді сыдырлатып жетіп келгендей сезілді. Кенет құлағының түбінен саңқ ете қалған дыбыс жалқау жас құмырсқаны еріксіз жер бауырлатып тастады. Үстінен ұшып өткен әлдене қорқынышын одан әрі қоюлата түсті. Жан дәрмен бір шөптің тасасына тығылмақшы боп еді, шыққа толы шөптен аяғы тайып, жылғаға құлап кетті. Жылғадан  ағып жатқан су іліп алып, белгісіз жаққа қарай ағыза жөнелгенде, жалқау жас құмырсқа: «Егер ақсақалдың ақылын тыңдап, үйден безбей, жұрт қатарлы еңбек етіп, отандастарыммен тату-тәтті өмір сүріп жүргенімде ғой!… Осыдан аман қалсам ба?!…» – деп өз ісіне өкініш білдіреді.

«Суға кеткен тал қармайды» дегендей, жалқау жас құмырсқа жанталасып жүріп, әрең дегенде ығып келе жатқан жапыраққа ілініп үлгірді. Малтыққан күйі, жылғаның бір қайырылысына келгенде, кептеле қалған жапырақтан аунап түсіп, сәтін салғанда жағаға шығып қалды. Әбден сілесі қатқан ол, таң атқанша сол жерде тырп етпестен жатты.

Әбден тыныққан жалқау жас құмырсқа есін жиған соң, түндегі қиналған сәтіндегі тәубасын ұмытып, қайтадан өзге жерден бақыт іздеуге шығады.

– Жо-оқ! Мен бәрібір бақытымды өзге жерден табамын! – деп дауыстап та жіберді.

Осылай армандап келе жатқанда, алдынан таң сәріден тұрып, қызу жұмысқа кірісіп кеткен қара құмырсқаларды көреді.

– Түсте тұрған не бар! Бәріміз де бір құмырсқаның баласы емеспіз бе? Бұлар әлгі менің отандастарымнан дәстүрі бөлек ғұмыр кешетін шығар? Мүмкін, менің арманыма сай келіп, жалқаулықты да кешіре білер!

Жалқау жас қызыл құмырсқаның дауысын естіген қара құмырсқаның күзетші сарбазары жанына жетіп келді.

– Әй, сен кімсің?! Не қып жұмыс істемей жүрген жансың? – деді.

– Сәлеметсіздер ме, бұл қара құмырсқалар патшалығы ма? – деді жалқау жас қызыл құмырсқа қара құмырсқалардың «жұмыс» деген сөзін онша жақтыра қоймай.

– Иә, қара құмырсқалар патшалығы…

 – Олай болса, мені елдің патшасына алып барыңыздар. Бүгіннен бастап мен қара құмырсқалар елінің азаматы болғым келеді, – деді жалқау жас қызыл құмырсқа.

Мына сөзді естігенде, қара құмырсқалар бір-біріне таңдана қарасты.

– О-оу, ол үшін патшаға жолығудың қажеті қанша?! Біздің азаматтығымызды алу үшін сынақтан өтсең болды…

– Ол қандай сынақ?! – деді жалқау жас қызыл құмырсқа.

– Өзен жағасындағы ана қара тасты көтеріп, біздің илеуге әкелсең, бітті…

Қара құмырсқалардың сілтеген жағына барып, тасты әрі қозғайды, бері қозғайды. Алайда, қара тас жерден көтерілмейді. Әбден жалқауланып, бұлшық еттері жөнді дамымаған жалқау жас қызыл құмырсқаның белі үзілердей боп қатты қиналады. Ақыры, әрең дегенде жерден сәл көтерген тасын ұстап тұра алмай ауытқытып, тобығын тайдырып, аяғын сындырады.

Мұны көрген қара құмырсқа сарбазары басын шайқап:

– Өй, өзің нағыз жалқау екенсің-ау! Мұндай тасты біздің кішкентай балаларымыз да көтереді ғой! Сен біздің патшалықтың азаматы бола алмайсың. Бізде жалқауларға жол жоқ! – десті де, бұрылып жүре берді.

Аяғы сынып, айдалада дәрменсіз күйде қалған жалқау жас қызыл құмырсқа өзінің өрескел қателігін түсініп, тау-тасқа, өзен-суға, желге, күн мен айға, құстарға, қысқасы, бүкіл табиғат жаратылысына жалбарынып, өзінің мүшкіл халін отандастарына жеткізуді сұрай бастайды. 

Жалқау қызыл құмырсқаның аянышты халіне жаны ашыған тіршілік иелері отанына хабар беруге ұмтылса, тау-тастар күңіреніп, өзен-сулар сылдырап, жел гуілдеп өз ақылдарын айта бастайды.

 «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне», «Ағайының азары болса да, безері жоқ», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді», «Еңбек түбі – зейнет», «Дос жылатып айтар, дұшпан күлдіріп айтар», «Досы көпті жау алмайды», «Бірлігі бардың тірлігі бар»…

Әр нақыл сөзден ғибрат ала отырып, өз қатесін терең түсінген жалқау жас қызыл құмырсқа аз уақыттың ішінде жан дүниесін байытып, жөнге түседі.

Осы аралықта құстардан хабар алған өз отандастары жерлесіне көмекке ұмтылады. Көп ұзамай-ақ мүшкіл халде жатқан жалқау жас қызыл құмырсқаны тауып алып, өз еліне алып келеді.

Жан-жақты қамқорлықтың арқасында қатарға қосылған жалқау жас қызыл құмырсқа өз отандастарынан үлкен қателігі үшін  кешірім сұрапты.

Сонда ақсақал қызыл құмырсқа көпшілікке қарап:

– «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демекші, Құдай біздің отандасымызды «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғыс сөзден сақтады. Бұл жалқау жас құмырсқа қателігін түсініп, көпшіліктен кешірім сұрап тұр ғой! «Кең болсаң, кем болмайсың» деген де бар, біз кеңшілік жасап, кешірім берейік! Уа, халқым, бұған не дейсіңдер?! – депті.

Көпшілік: «Кешірейік! Кешірейік!» – деп айқайлапты. Соңы үлкен тойға айналған бұл оқиғадан көпшілік ұмтылмастай ғибрат алыпты.

Күні бүгінге дейін өз отанына деген адалдықты, еңбекқорлықты, ауызбірлікті ту етіп келе жатқан күллі құмырсқалар ұрпағы осы оқиғадан соң, санасы жаңа сатыға көтеріліп, «Күшіміз – бірлікте!» деген ұранды басшылыққа алып, бақытты өмір сүріп келеді екен.

Гүлназ  Нұрбайқызы,

Қамыстыбас  ауылдық  клубы  әдіскері

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: