Қала баласының жазғы демалысы енді бұрынғыдай тек ауладағы ойынмен немесе үй ішіндегі тынығумен шектелмейді. Шаһар бүлдіршіндерінің қауіпсіз, мазмұнды әрі пайдалы демалуына мүмкіндік беретін жаңа балалар тынығу лагері бой көтермек. Бұл жоба балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың денсаулығын нығайтуға, шығармашылық қабілетін ашуға, спортқа баулуға және заманауи білімге қызығушылығын арттыруға бағытталған кешенді орталық ретінде жоспарланған.
Балалар тынығу лагерінің жоба құны 9 млрд 968 млн теңгені құрайды. Құрылыс облыстық және қалалық бюджет есебінен жүргізіледі. Бас мердігер мекеме ретінде «Alem Qurylys AQ» ЖШС белгіленген. Нысанның жалпы жер көлемі 6 гектар болса, ғимараттардың жалпы ауданы 13 312 шаршы метрге жетеді. Бұл көрсеткіштің өзі лагерьдің шағын ғана демалыс орны емес, бірнеше бағытты қамтитын толыққанды балалар кешені екенін аңғартады.
Жобаның басты мақсаты – балалардың тиімді демалысын ұйымдастырып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Өйткені қазіргі балаға тек тынығу жеткіліксіз. Оған спорт та, шығармашылық та, танымдық орта да, қауіпсіз кеңістік те қажет. Осы тұрғыдан алғанда жаңа лагерь балалардың жазғы уақытын бос өткізбей, қабілетін шыңдап, достық қарым-қатынасын нығайтып, денсаулығын жақсартуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік нысан болмақ.
Лагерь төрт негізгі бағыттағы ғимараттан тұрады. Олар – спорт кешені, балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктар, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған «Event place» ғимараты және ұлттық нақышта жабдықталатын киіз үйлер. Әр ғимараттың өз міндеті бар. Бірі баланың денесін шынықтырса, екіншісі жайлы тынығуын қамтамасыз етеді. Үшіншісі шығармашылық пен танымға жол ашса, киіз үйлер ұлттық болмысты сезінуге мүмкіндік береді.
Лагерьдегі ең ірі ғимараттың бірі – спорт кешені. Оның жалпы ауданы 5451,14 шаршы метрді құрайды. Бұл ғимаратта спорттық, әкімшілік, медициналық және шаруашылық қызметтер бір арнаға тоғыстырылған. Мұнда 823,3 шаршы метрлік әмбебап спортзалы, 381,66 шаршы метрлік бассейн, 251,26 шаршы метрлік асхана, 136,04 шаршы метрлік әкімшілік және 144,25 шаршы метрлік медициналық блок қарастырылған. Яғни, бала демалыс кезінде спортпен шұғылданып ғана қоймай, сапалы тамақтанып, қажет жағдайда медициналық көмек ала алады.
Тұрғын блоктар да балалардың жайлылығы ескеріле отырып жобаланған. Әрқайсысының ауданы 1543,08 шаршы метр болатын екі қабатты төрт ғимарат салынады. Олардың жалпы ауданы 6172,32 шаршы метрді құрайды. Әр ғимарат 81 адамға есептелген. Бірінші қабатта 37 бала мен 2 тәрбиешіге, екінші қабатта 40 бала мен 2 тәрбиешіге орын қарастырылған. Жалпы алғанда лагерьде 308 баланың тынығуына мүмкіндік жасалады.
Жаңа балалар тынығу лагері іске қосылған кезде қала балалары есте қаларлық демалыстың жаңа кезеңін бастайды. Мұнда бала тек пайдалы уақыт өткізіп, достар табады, ұлттық құндылықпен танысады, жаңа технологияға қызығады. Ең бастысы, ол қауіпсіз әрі жайлы ортада уақыт өткізеді. Қоғам үшін де баланың күлкісінен қымбат ештеңе жоқ. Ал сол күлкінің артында сапалы инфрақұрылым, ойластырылған жоба, қауіпсіз кеңістік және бала болашағына деген жауапкершілік тұруы тиіс.
Халық-хабар
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!