Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тыртық

18.01.2021, 9:00 812

HALYQLINE.KZ

Мөлтек сыр

Бетперде таққан сұңғақ бойлы әйелмен кездейсоқ жолығыстым. Жанынан өте бергенімде жеңімнен ұстап, тоқтатты. Қыстық бас киімі мен бетпердесінен өзінің жүзі де анық көрінбейді. Бірақ… жанары маған біртүрлі іш тартқандай күлімдейді. Кім екенін толық блмесем де, сәлем бердім. Бейтаныс әйел сәл уақыт үнсіз қалды. Кенет…

– Мәссаған! Кешегі мойны қылдырықтай «қылқу» салиқалы азаматқа айналыпты. Уақыт қандай жылдам еді?! – дегені…

«Қылқу»… Аң-таң қалдым. Бала кезімде таңылған жанама атты естімегелі қай заман?! Бұлай мені анамның жан құрбысы Масаты апа ғана айтушы еді. Ал… Масаты кемпірді өмірден озды деп естідік. Бұл кім болды екен?!

Ойымды оқығандай бейтаныс әйел бетпердесін ағытты. Оның оң жақ қабағының үстіндегі ұзынша тыртықты көргенде жүрегім дір ете түсті. Бұл менің соққымнан қалған із болатын… «Апатай, бұл сіз бе?!» деп құшақтай алдым. Менің алдымда анамның жан құрбысы Масаты апаның жалғыз қызы Жібек тұр еді. Екеуміз мәре-сәре болдық.

«Адамның есімі тағдырына әсер етеді» деседі. Жібек те атына заты сай, келбетті қыз болатын. Өзінің менен бес-алты жасқа үлкендігі бар. Екеуміз кездеспегелі жарты ғасырға жуықтапты. Жібек қазір Шымкент қаласында тұрады екен. Мұғалімдіктен зейнеткерлікке шығыпты. Қыз ұзатып, келін түсіріпті. Қазалыға қыдырып келіпті. Енді қайтадан Шымқалаға жолға шығып бара жатыр. Қоштасарда Жібек бетімнен сүйіп, көзіне жас алды. Егде тартқаны байқалады.

Екі үй көрші тұрдық. Масаты апа мамамның жақын құрбысы еді. Ол тұстағы ауыл адамдарының пейілі аппақ қардай кіршіксіз болатын. Көршілер бірімен-бірі туған бауырдай араласады. Масаты апа – жалғызілікті жан. Мен есімді білерде апайдың үйінен ер адамның кіріп-шығып жүргенін көрген емеспін. Жалғыз қызы Жібекті де інісінен асырап алған дегенді ұзынқұлақтан естідік. Масаты апа – өте балажан адам. Кішкентай балаларды, әсіресе мені қатты жақсы көруші еді. Өзімнің қатарларыма қарағанда тым әлжуаз, дене бітімім нәзік маған «қылқу» деген айдар тағып, еркелететін. Мұны естігенде әжем марқұм «сен-ақ қайдағыны айтады екенсің, менің құлыным өскенде таудай жігіт болады» деп шыр-пыры шығады.

Ал ол кезде… Масаты ападан талай «ақыретті» көрдім. Ойнауға шықсам болды Масаты кемпір шап беріп ұстап алады. «Кемпір» деймін-ау, қазір ойлап тұрсам, апай сол кезде әлі 40-қа толмаған келіншек екен. Алдымен тіке көтеріп, аспанға лақтырады. Көзім бақырайып, мойнынан тас қылып құшақтап алам. Мұнан соң әбден күнге күйіп, шыт-шыт жарылған бетімді сілекейлеп сүйеді. Бірде төбемнен құшырлана иіскеген апаның булыға егілгеніне таңғалған едім. Әжеме айтқанымда, «ой, мұңлық-ай, жаны жаралы ғой» деп жаулығының ұшымен көзін сүрткен-ді. Менімен жасты ұлының ауыр науқастан шетінеп кеткенін жылдар өте білдім…

Масатының әуселесі мұнымен бітпейді. Маған өзі үйреткен өлеңді айтқызады. Мені қайбір әнші дейсіз?! Шырылдаған дауыспен:

– Ақ самаурын қайнап тұр,

Кесе-шәйнек жайнап тұр.

Тұқымы құрғыр Патима,

Түйреуішпен ойнап тұр, – деп сұңқылдаймын.

«Р» әрпіне тілім келмейді. «Тұй» деп қайырам. Қалайда Масатыдан құтылуды ойлаймын. Ән салғаннан жаман болмаймын. Масаты кемпір бірнеше түйір кәмпит, бір-жар пешенейді қолыма ұстатады. Енді бар бала менің соңымда жүреді. Қашан кәмпит, пешеней біткенше менімен «дос» болады… Бәрі жақсы ғой… Бірақ… Масаты кемпірдің «концерттен» соң лыпамды сыпырып алып, жұмсақ жеріме түкіріп-түкіріп жіберетіні ұнамайды. Балалар шулап мазақтай күлісіп, мәз болады.

Бірде дене қызуым көтеріліп, қатты сырқаттандым. Сол күндерде Масаты апа әке-анам, әжеммен бірдей қиналды. Үйінен тәтті-дәмдісін тасып, бәйек болды. Маңдайымнан сипап, көзінің жасын төгіп алатын. Мен басымды көтеріп, ас-суға қарағанымдағы қуанғанын көрсеңіз…

Үшінші класта оқып жүрмін. Көктемгі каникулдың кезі. Айкөлдің қызығымен дүниенің бәрін ұмытқанбыз. Сұраған екеуміз әлденеге ерегісіп қалдық. Досым мені лас сөзбен сыбаған күйі, үйіне қарай қаша жөнелді. Бойымды алапат ашу буды. Жуандығы білектей жыңғылдың бұтағынан жасалған айкөл таяқты Сұрағанның желкесін көздеп, құлаштай лақтырдым. Бар-ей… Сонан кейінгі қорқынышты көрініс көпке дейін есімнен кетпей жүрді. Әккі Сұраған бір жағына қарай жалт берді… Ал зілдей жыңғылдың кесіндісі ауланың есігінен аттай берген Жібектің маңдайына сарт ете түсті… Оның бетінен тамшылаған қанды көргенде… зәрем зәр түбіне кетті. Құстай ұшып, үйге қашып тығылдым. Кішкентай жүрегім дүрс-дүрс соққанда жарылып кетердей сезіндім… Масаты апа мені іздеп үйге келген жоқ. Көпке дейін көзіне шалынбауға тырыстым. Алайда апай бұл мінімді бетіме басқан емес. Өкініштісі, менің абайсызда жасаған әрекетімнен соң Жібектің жүзінде өшпестей тыртық қалды…

Кейін Масаты апаның үйі әлдеқайда көшіп кетті. Сонан соң сол бір асыл анамен кездескен емеспін…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: