Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жезтырнақ

08.08.2020, 9:00 2934

«…Әжем қалтамды қайыра тігіп, су болған ұлтарақтарымды пешке жайып, қыз-е-ек ертегі айтуға отырған. Бұл кісінің ертегісі көз алдыңдағы заттарды көгілдір аспанға айналдырып, қанат байлап ұшып жүретін кеңістікке оп-оңай алып барады. Құлағыңды салсаң, шайтан-перілердің шатағына араласып, періштелерді қорғап, есуас диюлардың жалына жабысып, әлдеқайда аға жөнелесің. Әтіс-қатысы жоқ әлдебіреулерге қастасып, жаның жаратқандарына кәдімгідей іш тартасың. Ертегі таусылғанда есің кірмей, қалғып-мүлгіп тұрғаның. Сабақ үйрету – бірыңғай ертек үйретуден тұрса деп қиялдайсың.

– Баяғыда Төрежан деген аңшы болыпты… – Әжем ұршық сабын шиырып тастап қызықты хикаяларды баяндауға кіріскен. – Өзіміз күнде көріп жүрген ақ шаңдақты Шоңтөбе – ол кезде сыңсыған орман, сірескен сексеуіл, бықыған құсқа тұнып тұрса керек. Келе-келе бұл аймақта «үйрек ұшып, қаз қонған…

Бізге бұйырғаны осы ғана. Бірін ұшырып, екіншісін түсіріп қоятын тұстары түсініксіз, дегенмен, ештеңе қалмағаны қалай? «Неге?» деймін. «Өзім де білмеймін» дейді әжем әңгімесін әрі сабақтай.

– Сол Төрежан қысы-жазы елден жырақтау барып, жата-жастана аң аулайды екен. Ұлтаны қатты кең табандықтан баспаналық жертөле қазған… Үй сияқты… Мезгіл-мезгіл керуеншілер өтетін құба жолдың бойына шығып, қолына түскен аң терілерін азық-түлікке, шыт-бөздемелерге айырбас жасап, бір ауылды асыраған көрінеді.
Күн кешкіріп қалған уақыт, ақ пен қызылдың арасында ет қақтап отырған аңшының есігін біреу қаққан екен дейді.

– Кіре бер! – Ер жүрек аңшы орнынан қозғалмаған.
Еппен ашылған есіктен қарақат көзді, сұңғақ бойлы, сұлу келіншек ізетпен иіліп сәлем етіпті. Адам қарасынан аулақ жүріп, өгейсіп қалған батыр әдемі бикешке ықылас көрсеткен. Ошақ аузынан орын беріп, жөн сұраған көрінеді.

– Көшіп келе жатқан елміз. – Күлімкөз әйел күдік алдырмай байыппен сөйлепті. – Тоңып-жаурап келеміз. Тамызыққа салар от ала кетсем деп едім.

Аңшы жеп отырған тамағынан ендете кесіп, әлгі келіншекке ұсыныпты. Қолын жасырып тұрған әйел жеңінің ұшымен алса керек…

Әңгіменің қызықты кезінде жастықтан басын көтерген атам да құлағын түріп, қосыла тыңдайды. «Ойпырмай, ә…»

От алып шыққан бикешке көңілінде күдік қалған Төрежан да қулыққа көшеді. Есік алдындағы отындық сексеуілді өзінің пошымына келтіріп киіндіреді де, аулақтан аңдып жатады. Орман ішін қорқынышты қараңғылық басып, биік ағаштар жайған жасыл жапырақтар арасынан жарты ай сығалаған шақта, түннен бөлінген бір сүлде жақындай түскен. Ай жарығымен аңшы жүзтаныс келіншекті көріпті. Бұрынғы түрін өзгертіп, үсті-басын түк басқан әлдебір мақұлыққа ұқсап сақтана басып келеді екен. Оның күжірейген мойны мен кескінсіз бейнесінен, қараңғылықты қақ жарған отты жанарынан аңшының тұла бойы тітіреп қоя берген. Үрей билеген денесін әрең игеріп, демін ішіне тартып жатса керек. Әлгі алып тұлғалы албасты аяғын сыбдырсыз басып, қарақшыға төніп барып:

Ахау, ахау, ахалақ,
Менің атым жезтырнақ! – деп бас салған.

– Өй, атаңа нәлет! – Атам тырнақтың бір ұшы өзіне тигендей шоршып түсті. – Беті жылтырағанмен, бар бәлесі артыңда екен де. – Қолына түссе жіберіп ұратындай насыбай шақшасын іздеген. Бір-екі соққан соң жүрегім тоқтап қалатындай мен отырмын.

– Сексеуілдің өзегіне дейін ендеп кеткен болат пышақтай сояу тырнақтар қайта суыруға келмеген. Әрі-бері тартқылап қалжыраған Жезтырнақ: «Екі аяқтыдан айла аспас», – деп еңіреген екен.
Бәрін бақылап жатқан аңшы қанжарын қынабынан суырып, Жезтырнақтың саусақтарын түбінен шауып тастаған. Орманға қарай сүмеңдеп қашқан жауыз мақұлықтың хабарын аңшыдан естіген ауыл ақсақалдары: «Бекер істепсің, жанын алғаның жақсы еді. Енді ұя жасап, ұрпақ шашатын болды», – деп өкінген екен…

Көкірегімде көп сауал туындайды. Көпке дейін көзім ілінбей әжем мен атама маза бермеймін.

– Осының бәрі рас па?

– Қайдам, жұрт айтады ғой… Төрежанның осы ауылда шөбере-шөпшектері бар.

«Шөбере-шөпшек?..»

– Қазір Жезтырнақтар бар ма, ата?

– Білмеймін, балам, болуы да мүмкін. – Атам «мазамды алып, қоймадың ғой» дегендей аунап түсіп, бетін пешке беріп жатты. – Ұйықта енді, бұған бірдеңе десең, бәлеге қаласың.

Қалай ұйықтаймын, қалған сұрақтарымды әжеме қоямын.

– Жезтырнақтың қазіргі балаларын қалай білуге болады?
Әжем де, атам да орындарында жатып, селкілдей күлді. Маған қайтарар жауап таппай жатқандарын біле қоямын.

«Орман қайда, жертөле қайда, Жезтырнақты өлтірмегені несі?» Қалың ойдың қабатында көшіп жүріп көзіміз ілініп кетеді.

…Шоңтөбенің баурайы қайысқан қалың ағаш екен деймін. Кәдімгі «Әліппеде» әшекейлеп салатын әсем бейнелер. Қармалап қай жерінен ұстағаным есімде емес, ойымда қалғаны әлдебіреумен тартысып, алыса кеткем. Зер салып қарасам, қарсы алдымда Қарасақаудың қып-қызыл мұрны, уысыма іліккені сиыр емшек жағалар. Ұмтылып, ұрған болады. Маған маңайламай, көз алдымнан жарқылдап өтіп жатқан сояу істіктей состиған тырнақтар… Ойпырмай, қалай білмей келгем, мынау барып тұрған Жезтырнақтың ұрпағы ғой, тіпті туған баласы да шығар?! Күндізгіден күшейген бе, мысы басып барады. Қашуға талап жасағам, қозғала алмадым, айғайлайын деп едім, үнім шықпады…

Ән салғандай мұрнымнан ыңқылдап қалсам керек, әжем қолымен тербеп тұр. Таңмен таласа түрегелетін атам мені ажал алып кетсе де жұмысы жоқ, қою шайды сораптап тартып отыр.

– Ата, Жезтырнақтың баласын мен таптым, ол – Түгелбайдың Қарасақауы екен, – дедім.

– Қой-әй, әкесі естісе ұят-ты. Ол осы үйдің алты атадан туысатын ағайыны екенін білесің бе?

«Ағайынымыз…» Біреу тас төбемнен қос қолдап ұрып кеткен сияқты, бақырайып отырмын. «Қа-а-арасақау – біздің ағайынымыз»…

Қази ДАНАБАЕВ,

«ШОҢТӨБЕ, ШОТАЙ, БАЛДӘУРЕН» хикаятынан үзінді

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: