Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлболсын әже куә болған тылсым дүние

19.07.2022, 12:30 815

Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін – рухани ерлік керек, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін – рухани байлық керек», – деген екен. Расымен әлемді өрлік пен ерлік, бірлік пен бастамашылдық, татулық пен тәрбие қалыптастырады емес пе!

Бүгін менің қалам тербегелі отырған кейіпкерім де сол ерлік пен рухани байлықты тамырымен бір бойына жиып, үлкеннен алғыс, көптен бата алған Ұлболсын Сапарова туралы болмақ. Ұлболсын әжеміз 1941 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бекбауыл стансасында қарапайым отбасында дүниеге келген. Отбасында жеті баланың ең кішісі. Бекбауыл мектебінде 7 жыл оқып, Қамбаш орта мектебінен 10-сыныпты тамамдаған. 1961 жылы Асан Айтжанов деген азаматқа тұрмысқа шығып, қазіргі таңда ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әже.

Ұлболсын әжемнің айтар ақылы да, бастан өткерген тылсым дүниесі де жетерлік. Сол қызығы мен қиындығы толған өмір шындығын Ұлболсын әженің өз тарапынан қалың оқырманға ұсынғанды жөн көрдім.

***

– «Сен қайдан келдің? – дегенде бір данышпан: – Мен балалықтың елінен келдім», – деген екен. Менің балалық шағым балдай болып өтті десем де болады. Шешем болды, әкем болды, Рәбиға, Ақдәрі деген апаларым, Әбдірайым, Әбдіраман деген көкем болды. Олар мені жақсылап қарады. Бақты, өсірді. Кіші ағам қамыс заводында бригадир болды. Айлық алу бойына өздері ештеңе жеместен, маған кіл тәтті әперетін. Орыстардың дүкендерінде «ләмпаси» деген қызыл ала, көк ала мұзды тәтті болатын. Кең етек киетін біздің көйлек сол тәттіге толатын. Қызылды-жасылды доптар да кездесетін. Допты да әперетін, бірін тастың үстінде кетіп бара жатқанда жарып алса, екіншісін әперетін. Солай балалықтың бал дәмін татып, еркелеп өстік.

***

Менің туған әкем Сапар үлкен кісі, аруақты адам болған. Оның дарқан көңілі, адалдығы, батырлығы мен намысшылдығы, көпке берген көмегі бәрі-бәрі бүгінгі күнге дейін жадымда. Сол кісі айтатын:

  • «Айдалада жалғыз жүрсең, айналаңда адам жоқ деп ойлама, ешкім жоқ деп ойлама. Бәрі бар. Бәрі жүреді. Бірақ «Бісміллә» деп жүр.
  •  Айдалада, жапантүзде ешкім жоқ деп жалаңбас отырма.
  •  Айдалада ешкім жоқ деп дәреттеріңді ашып кетпе, күн тұтылады, ай тұтылады, жиіркенеді.
  • Суға түссеңдер әуреттеріңді ашпаңдар, жауып түсіңдер.
  • Адамның хақында ешқандай ойламаңдар.
  • Егерде қашықта бір шаруаларың болып, көлік болмай жаяу келетін болсаңдар, ал, енді ол орта жолда ауылға жете алмайтын жағдай болса, айдалада бейітке қоныңдар, ол да өзіңдей адам, көмектеседі.
  • Елге жетсең елге қон, елге жете алмасаң, «Бісміллә Рахман Рахим» деп айналаңды дөңгелетіп бір сыз да соның ортасына жат. Саған ештеңе жоламайды.

Солардың бәрін көрдік. Оның бәрі дұрыс әңгіме екен. Бір күні әкем кешкісін ыңылдап, түйенің ырғағымен астық алып келе жатқан. Соғыстың аяқталған уақыты. Біздің бар-жоғымыз белгісіз ол кезде. Келе жатса біреуді-біреу танымастай екі атты жігіт келеді де:

  • Әй қария, тоқтаңыз, – дейді. Сол кезде әкеміз:
  • Әй, жігіттер қалжыңдап тұрған жоқсыздар ма? – деп оларға сұраулы жүзбен қарапты.
  • Әлгі екі жігіт келеді де, екі иығынан шүйіріп, әкеме «қалжыңның не екенін сізге көрсетейік» деп ұстай бастайды.
  • Жасы 74-ке келсе де, қарулы әкеміз түйенің үстінде отырып, екеуінің желкесінен суырып алып, екі аттылы ұрының бірінің басын біріне соғып, екі жаққа екеуін лақтырып жібереді. Сол кезде «ойбай, бізді құдай ұрды, мынау «Сапарака» екен ғой» деп екеуі тұра қашқан екен.

Бір жерге мал түсіп, суға нар түсіп кетсе де бауырына шөп салып, бір өзі шығара беретін адам екен.

***

Бір күні екі жігіт ауға барған ғой, орталарында бір аты бар, атшанасы бар, дария бойына. Бір шана балықты алып екі жігіт келе жатса, мұздың еритін уақыты көлден өте бере әзірде арба толы балығы, аты бәрі суға батып кетеді. Екі жігіт әрі тартып, бері тартып шығара алмаған соң шаршап, қиналады. Ол уақытта ешқандай машина атаулысы жоқ. Тек түйеге артып шығаруға ғана болады. Сонан екі жігіт әбден шаршап, шығара алмай көмек сұрауға ауылға кетеді. Ауылға бара жатып, бір таудың басында дем алып отырса бір адам ат шанамен атты алып келе жатыр екен дейді. «Ойпырмай, бұл кім болды екен?» деп қараса біздің әкеміз екен. Ат шананы арбасымен, арбасын балығымен судан алып шығып келе жатқан. Бұрынғының рухы да, өзі де батыр тұлғалары расымен атына заты сай болған ғой!

***

Сапа деген үлкен атаң болған, руы Асан, соның е қызымын. Алты қанат үйді арқалап жүретін болған соң әкемді Қара Нар дейді екен. Жоқшылықтың уақыты. Әкеміздің әкесі Байбосын, Райс деген әжеміз Үргеніш деген жерде, қазіргі Қарақалпақстанда тұрады екен. Әке-шешесі әкемізді шақырады келіп қайтсын деп. Ол уақытта пойыз да жоқ екен. Бірақ паравоз болады екен. Ат-түйенің өзі барында ғана болады екен де, жоғында жоқ болады екен. Әкемдер үнемі жаяу жүреді. Әкемізді өз әкесі шақырғаннан кейін сол жаяу Сұлутамнан өтіп, Үргенішке жаяу кетеді. Жаяу барып, бір ай, не бір жарым ай болғанда ауылынан хабар келеді. Мына ауыл ашаршылыққа ұшырап жатыр, әлі жеткен тартып алып жатыр, ауылға жетсін деп. Әкем ойланбастан үлкендерінен рұқсат алып ауылға қайтуға дайындала бастайды. Ол уақытта түйе жүннен иірген 70 келілік жүн қап болады екен. Сол қапты дайындап, әкесі бір ешкінің месіне құйылған ашыған, Үргеніштің жүгерісінен екі пұт жүгері береді. Екі пұтың он алтыдан отыз екі келі. Сосын екі ау береді, екі Үргеніштің тапасынан екі үлкен тапа нан береді. Азық қой енді. «Балам-ау, өз жаныңнан артық па, біреу жазым қылар, анау ілулі тұрған қосауыз қара мылтықты ал», деп атамыз баласына уайымдапты. Заттардың барлығын қанар қапқа салып, аузын мықтап буған соң, қөлігі жоқ, жаяу кетеді. Өз-өзін қорғап үйреніп қалған әкеміз мылтықты алудан бас тартып, екі құлашты таяқ алып, жолға шығады. Солай жетпіс келілік қапқа барды салып, бір түйенің жүгін арқалап алыс әрі бейнеті мол сапарға аттанады.

Келе жатады, түн жүреді, күн жүреді, елге жетсе елге қонады, болмаса бейітке қонады, бейітке де жетпесе айналасын дөңгелете сызып «Бісміллә Рахмани Рахим»деп бір сызып соның ортасына жатады. Онан ештеңе аттамайды дейтін. Сөйтіп ауылына да жақындайды. Дариядан өтеді, Сұлутамнан кетеді, солай ішке барады. Ішке барып ауылына бір-екі таудың жотасы қалған уақытта қаптап бір елу шақты адам шығады. Жалғыз аяқ жол. Аттыға жеткізбейтін адамдар ғой әкелеріміз. Жаңағы адамдар қолындағы дүниесін тартып алмақ болып әкемізге қарай жақындапты. Әкемнің не бір ай, не жарты ай жүргенін кім білсін, қолындағы жетпіс келілік жүгі де азайып, талғажау етер дүниесі ғана қалған екен.

Әкеміз жаңағы адамдарға көз де салмайды, құлақ та салмайды, екі құлаш емен таяқпен жосып кете береді. Егер арқамнан тартса емен таяқпен қирату керек деп ойлап келе жатады. Бірақ ешкім оның арқасына жабыспайды. Аман өтіп кете береді.

Ауылға бір қырдың асты қалған әзірде жалғыз аяқ жолдың бойында екі, бір жағында масаты мәулімен тігілген қуыршақ дейді, бір жағында екі дағыра үлкен құда жолы күлше дейді. Іліп қойған. Ол уақытта қожа молдалар адамды айналдырады, ана қуыршақпен сөйтіп ауруын көшіреді ғой, соны жеген адамға ауру сол адамға кетеді. Сонымен әкеміз неғылады: келеді де отыра қалып әйдік дағыраның біреуін бүктеп-бүктеп жеп алады. Құран оқып алып. Біреуін бүктеп-бүктеп төс қалтасына салып алады. Сөйтеді де кете береді. Ауылына келеді аман-есен. Әкеміз анадай жерде келе жатқанда қашып кетті ғой олар жоқ болып. Әкеміз соның бәрін біліп келе жатыр ғой…

***

Тұрмыс құрған соң баяғы қыз дәуір артта қалды. Келін атандым. Екінші үйіме келдім, үш үйлі жан екен. Ата-енеміз, қайын ағамыз балаларымен, қайнымыз бар. Бұл жер де әулиенің үйі екен. Келгеннен кейін енді баяғы дәуір қайда үйдегідей? От жағу керек, тамақ істеу керек, мал сауу керек, кезекке бару керек, бұрын-соңды осындай тірліктер істеп көрмеген мен көнуге қарадым. Көндім. Күйеуім де ақ саусақ, қайным да ақ саусақ, қызметтегі адамдар. Қайын ағам теміржолда қызмет істейді. Тек сол ғана, абысыным да үйдің қара жұмысын атқарады.

От жағу керек болды. Отты түзгінмен жағады екен. Ал, мен отынды сындыра алмай әлекпін. Түзгін қолымды тырнап, икеміме келмей жатыр. Ауылда Марат деген дәрігер бар. Оның әйелі шаруаға пысық еді.

Бір күні мен инағашпен су алып келе жатсам, мен игере алмай жүрген отынды кішкентай ғана шыбық қып ұстап алдымнан келе жатыр. Мен де тұра қалып, «астапыралла, мынаны қалай әкеле жатсың? Мен болсам үйдегі отынды жара алмай әлек болдым ғой» деймін. Маған күле қараған ол ана кетпеннің шүйдесімен ұрсаң құлай береді, соны жинап аласың. Ештеңе етпейді, үйреніп кетесің деп демеп жіберді. Мен де аң-таң болып үйге қайттым.

Абысыным мені отынға ертіп кететін болды. Түйеге екі қапты салып, мен де мініп алып кетеміз отынға. Осы ауылдан он шақты әйел барады. Шөмішбай деген ақын ағаң болған, соның анасы Жамал бәрімізді отынға тізбектеле алып жүретін. Маған ана қапқа тезек теріп кел дейді, тезек теруді де білмеймін, сонымен әйтеуір сағыз бар, құм сағыз, оны қазып, екі қалтамды сағызға толтырып, екі қап түгілі жарты қапты толтыра алмай алып келем.

Бір-екі жылдай осылай жүрдім. Келесі күні түйе жаюға Раш атты қызбен барып келіңдер деп жұмсады. Сонан маған «Ей Ұлболсын, жүр, мен артуды да білем, тартуды да білем, екеуміз түйе бағып келейік» деп жолға шықтық. Өлең айтып келе жатырмыз. Күн ыстық. Біз отынға келгенде әлгі 10 келіншек кесеқұмда қайтайын деп жатыр екен. Мен оларды көріп қайтып бара жатқандарына біртүрлі болып, біз қашан қайтамыз деп Рашқа сұраулы жүзбен қарадым. Ол болса үндеме қазір бәрін болған соң қайтамыз деп қобалжуға жол бермеді.

Үлкен бір ағашты шапсақ кішкентай ғана бола қалады. Сөйтсек «түйесіңір» деген екен. Екеуміз екі теңдік әзер шауып болдық. Жұрт қайтып кеткен. Күн батып барады. Екеуміз екі қап тезек тердік. Мен де отын мен тезек терудің майталманы болып алдым. Барлық дүние бірден бола кетпейді екен ғой. Соған көзім жетті.

***

Келіні жақсының керегесі алтын, демеуші ме еді. Расымен қазақтың қайсы келінін алсақ та отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, қылықты, қолдарынан қырық өнер келетін, отбасы мен ауылына сыйлы атанған арулар қай кезде де өз құндылықтарын жоймаған. Ол кездегі келіндердің тағы бір қызметі қой кезек бағу болды.

Шиқұдық деген жер-ау дейміносы ұмытпасам. Шиқұдық деген жерде ыстық күнде ауылдың кезегі. Көрші Айнаштың қызымен екеуміз бірге жүретінбіз. Бірақ ол сол күні қойға бармай қалып, шілденің ыстық күнінде қолыма 3 литрлік шәйнегімді алып, мен жалғыз жолға шықтым. Қойды түсте көлге өткізу керек, өткізер уақыт та болды.

Күн төбеден, құм аяқтан тесіп жатыр. Шөлдедім, шөлдеп енді не істерімді білмей қойдың бәрін бір биікке қарай айдадым. Қой жүрмейді, әйтеуір дегенде итермелеп алып келдім. Қолыма қарасам 5 саусағым он екен. Енді не істерімді білмей, бұл жаздың күні ғой, шөпке келген адамдар бар шығар, деп жан-жағыма қарасам бір ақ көйлекті бала, бір апа, тағы бір ақ есегі бар біреу жүр.

Көлден қанша қойды өткізгім келсе де өткізе алатын түрім жоқ. Жаңағы адамдарға қарасам 2-еуі жүр екен. Оларға барайын десем аяғым қозғалар емес. Олар құртқашаш теруге келген екен. Бірақ мені білмейді, мен оларды білмеймін. Жете алмай тұрмын. Құдайдан құдай болып бір жауын жауып кетпейді-ау дедім. Аспан ашық. Күн ашық. Ай дала. Шыжыған шілде. Сол кезде осы үйдің аумағындай қара бұлт келді де құйды, құйды да кетті. Құйып-құйып кеткеннен кейін мен көзімді ашып барғанымды, малымды айдап барғанымды екі ортасын сезе алмай қалдым. Көлдің басында жүрмін ғой малыммен…

Үйге келген соң осы жайды айтпаймын ба, атам бар онда. Атама барлық жәйді айттым. Сол Шиқұдықта бейіт тұр екен. Мен осындай жағдайға тап болдым. Бұл ненің әсері дедім.

  • Ертеде Мырыш деген үлкен молда болған. Сол молданың бейіті саған көмектескен,-деді атам.

***

Бір күні тезек теретін болдық. Бір қазанда балық қуырылып жатса, бір қазанда ет асылып жататын. Үйден қонақ арылмайтын. Булшки, хлорс, шак-шак бәрін пісіріп, бір бөлмеге кардонға зат дайындап қоямын. Бір қорап бокалдағы он екі түрлі өрік, мейіз сияқты дүниелерді бөлек қоямын. Алты тауықтың жұмыртқасы үйіліп жатады. Олардың бәрін бір жетіге жететін қылып ашымайтын қылып, сақтап қоятынмын.

Отыннан тарықтық. Қолымызға түскенді әкелеміз, отқа саламыз. Жаңағыдай тамақ жасау үшін от та шақ келмейді. Бір күні жатсам түнде шешей келді. Әй жүр малдың базы бар, сонда барамыз. Сонда тезек көп болады дейді. Менің өмірімде көрген жерім емес. Жүріңіз онда деп ол бір қапты, мен бір қапты иығыма салып екеуміз кеттік Қарақұмның мал ұстайтын базасына. Келдік. Келсек терезелері ашық-ашық. Есіктері де ашық. Төбесін шифырмен жапқан, шомнан істелген, іші малдың шөп жеп тастаған топаны. Үңіліп отырып осындай бір тезекті алайық деп қарасам, шешей-ау бұл жерден ештеңе көрінбейді ғой деп қарай беріп едім шешей жоқ. Күн батып барады. Шешей қайда кетті екен деп жүгіріп бір таудың қасына бардым. Осы таудың баурайына тезекке кеткен шығар, деп. Барсам бір үйір қызыл жылқы, бір қызыл жылқыны жұлып жеп жатыр екен. Ойбай бұл не болды екен деп қорқып, базаға барып тығылайыншы деп аяғымды бір-екі баса бергенде ойыма келді.

  • Әй мен бұлардан қашып қайда барам, бұлардың аяқтары үлкен, маған демде жетіп алады. Не де болса барайын.
  •  Әй қайда қашып бара жатырсың, бері кел – деді жаңағы ат аузын ашып сөйлеп тұрып.
  • Астафиралла, ақұдай, ақұдай, бісміллә деп бардым. Барып едім мына жақта тұр деді. Үлкен бір екі қанатты әкелді де, мынаны қазір саған байлаймын деді. Тұрмын. Қолыма ұзын қанатты байлады. Қанат болды. Ал ұш деді. Ұшып бара жатырмын, аспанға ұшып бара жатырмын. Жерге қарасам бір үйір қызыл жылқы құмырсқаның илеуіндей болып көрінді.
  • Әәә, жоғарыға өте көкке кеткен екенмін ғой деп ойладым. Солай тұрғанда бұрын жолдасым Асанның «Барсакелмеске» сапарлап барып, Аралдың үстімен ұшақпен ұшқанда Аралдың тамдары кірпіш болып көрінді деп еді маған, сол секілді мен де қатты ұшқан екенмін ғой деп ойладым, сонан соң жоқ «пікір» ойламайын Алла, Алла, Алла деп бәрі кезетін сәске түстің уағында келіп ауылдың ортасына лүп етіп түстім. Сөйтсем ұйықтап жатырмын ғой. Түсім екен. Солай өмірімде көрмеген базаны түсімде көрдім. Сонан қайтып пікір ойламайтын болдым. Маған кім жақсы ойлап келеді, кім жаман ойлап келе жатыр, кім мені жек көреді ол ойда жоқ. Бәрі де маған жақсы адам. Пікір ойламай, ойламай келіп, осындайға жеттім. Жақсы болдым. Солай-солай аянмен жүрдім.

***

Ерте замандарда елде қиыншылық болады. Сол заман болған кезде әкеміз Бекбауыл деген жерде Көлбай деген әулие бар, соған келіп әкеміз егін еккен дейді. Егінді еккенде де қос самарды атып, арықты өзі қазып, егінді суарып тұрады екен. Неше диқам болса әрқайсысын атап салады екен. Бала-шағаларына атап. Несібесіне қарай. Сол жерден сол кісі түсте дем алған әзірде адам жоқ, дым жоқ қос самар өзінен-өзі гүрілдеп, атылып жататын көрінеді. Ол дегенің ата-бабалары ғой көмектесіп жатқан. Әке бұл не деп балалары сұраса, үндемеңдер балаларым егін бітік болады дейді екен.

Рас, егіні бітік болады. Бітік болып сонан 40 қап тарыны әлсіз, ештеңесі жоқ адамдарға үлестіріп бөліп берген екен. Қырманды қызылдаған уақыт. Әкеміз балдыздарына барады. Өзі де егін егетін кісі ғой. Балаларым кәне маған кеусен бересіңдер ме? дейді.

  • Ал, саған кеусенді берейік, бірақ ана әкеп тұрған жетпіс қабыңа қызыл бидайды, біз суырған бидайды салып береміз бірақ тісіңменен тістеп, қырманды үш айнал да кете бер дейді. Мен де әкемнің тісін көргенмін. Әкеміз өлер шағында сандықтан алып: «ой дүние-ай баяғы заманда осындай болған деп, күрек тісін алып берген». Сонда сол бір қап қанар қаппен қызылдаған бидайды салып бергенде аузымен тістеп қырманды үш айналғанда, арқасына қағып алып, артқа бұрылып кете берген дейді. Бұл да бір қайтпас қайсарлық пен намыс, бойдағы алаулаған күш пен нар тұлғалықтың белгісі болса керекті.

***

Егінді егіп жүрген уақытында оқпан дейтін болады екен. Су тартатын. Салманы өзі ашып, егіндердің бәрін өзі суарып жүргенде адамдарының бәрі жан-жағасында оқпаннан қолымен бірдеңелерді қағып алады екен. О, Қара Нар ата қара шортан алды дейді екен. Шортан алды десе ол оқпанға тығылып жатқан, су барған соң шыққан жылан екен.

  • Ойбай, Қара нар атау, анау шақпай ма?- десе айтады екен:
  • Ой  айналайындар Алладан ұрқсатсыз  ештеңе шақпайды. Мен, кішкентай кезімде бір ауылдан келе жатырмыз әкемді шақырады жаңағы сонан еріп келе жатырмын, жалаң аяқ жаздың күні кішкентаймын. 5 жасардың шамасындамын-ау. Сонда алдымызда кес-кескестеп жыландар жатыр екен, жалғыз аяқ тақыр жолдағы жыланды көріп әкеме бұл жыландар шықпай ма? дедім.
  • Балам ол ордалы жылан, шақпайды аттап-аттап кете бер деді. Әкем қорықпаған соң мен де қорықпай өтіп кете бердім.
  • Балам бұл ордалы жылан. Ол шақпайды. Бірақ ордалы жыланға тиіссеңдер, қыр іздеріңнен қалмайды. Ешкім тиісуге болмайды, – деді әкем.

***

Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін дейтін қанатты сөз бар емес пе! Мен де әкемнің талай жақсылықтарын өзінің көзін көрген жандардан үнемі естіп жүремін. Соны бірі әкең диқаншы адам еді. Егінді жақсы егетін. Әлемнің бәрі егін егіп жатқанда оныкі бөлек болатын. Адам көтере алмайтын күләбілерді өсіретін, деп марқайып көрші апаларымыз аузын толтыра мақтап айтып отыр. Әкемнің көзін көрген жақсылардың айтқан тұшымды сөздері жүректі жылытады.

Егін көп болып шыққанымен, сен оны сақтап біразға дейін жеткізбесең, ашығып қалуың да мүмкін. Осындай жағдайлар біздің ауылда да болған. Бүгін егінді жинап алдың ба, ертең жазға дейін соны үнемдеп жеткізу керек. Астықтары таусылып қалып, қолдарына қапшықтары мен тостағандарын алып кішкентай жүгермектер біздің үйге келетін көрінеді.

Сондағы әкеңнің айтатыны:

  • Әй ана балалардың қарны ашып келді ғой, қабына салып берші үйдегі деп айтады екен. Сонда анаң да артына бұрылмастан астыққа барып, қапшығын қағып-қағып, балаларға салып береді.
  • Ой таңның тамағы тәңірдің мойнында деп айтты дейді. Сонда да соларға құдай беріп жатыр. Анам Шолпан биязы, қой аузынан шөп алмас, әйелдер қағысып жатса әй балам қарамаңдар бұл жаман нәрсе деп үйге кіргізіп жіберетін асыл текті жан болған. Әке мен анадан алған тәрбиемізді өзіміздің кішкентай ғана өскелең ұрпағымызға сіңіре білсек, соның өзі зор ғанибет емес пе!

Осындай тұлғалардың тәлімді өмір жолдарын көріп, жақсылықтың таусылмай әлі де болса ұзақ жасайтынына сенгендеймін! Қаймағы бұзылмаған қазақылық дәстүрді атасы баласына, баласы өзінің ұрпағына жалғап отырса, кемел келешек сонан қалыптасса керек-ті!

Гүлдана  АСАНЖАНОВА

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: