Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТЫЛСЫМ ҚҰБЫЛЫСТАР, ОҚИҒАЛАР һәм ТІРШІЛІК ИЕЛЕРІ

22.09.2022, 10:20 711

«Халық» газетінің бүгінгі «Тылсым» бетіне біз өмір сүріп жатқан ортада бізден бөлек өзге де тіршілік иелерінің бар екені жайлы мақала шығаруды жөн  көрдік.  Ол үшін дін қызметкеріне жүгініп, құранда айтылған  тылсым құбылыстар,  оқиғалар  һәм тіршілік  иелері  туралы  аз-кем  тілдескен  едік.

Қызылорда  қалалық  «Нұр»  мешітінің бас имамы Марат Үркімбаев сауалдарымызға жауап беріп, тылсым құбылыстардың түр-түріне тоқталды.

– Ассалаумағалайкүм! Мына әлем­нің бізден бөлек тұрғындары жайлы көпшіліктің бірі білсе, бірі  білмейді.  Олар  кімдер?

– Уағалайкүмассалам! Жер бетінде адамдардан бөлек жындар әлемі де бар. Олар адам баласы секілді Аллаға құлшылық етуге әмір етілген. Жындар оттан жаратылған, әртүрлі бейнелер мен пішіндерге ене алатын қасиетке ие. Олардың мұсылмандары, кәпірлері, бой ұсынушылары, күнәһарлары бар. Ішеді, жейді, үйленеді, ұрпақ сүйеді, сондай-ақ, олардың жемейтіні, ішпейтіні де бар. Жындардың бар екендігі Құран және сүннет, ижмағпен бекіді. Олардың барлығына иман келтіру – уәжіп. Алла Тағала Құранда жындар туралы былай деген: «Мен жындар мен адамзатты тек Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» («Зәрият» сүресі, 56-аят). «Ол адамды (Адам атаны) (қыш) (құмыра) секілді құрғақ лайдан жаратты. Ал жынды оттың жалынынан жаратты» («Рахман»  сүресі,  14-15 аят).

– Әдетте оларды көзге көрінбейді дейміз, десе де әлеуметтік желіде камераға түсіп қалған белгісіз мақұлықтарды көріп жүрміз. Олар  туралы  не  дейсіз?

– Жоғарыда айтқанымыздай, жындар әртүрлі бейнелер мен пішіндерде көріне алады. Сондықтан «домовой», «елес», «адамның аруағын» көрдік деп жүргендер ол Алланың жаратылысы – жын болуы мүмкін. Әртүрлі кейіптегі елесті, жынды көрген адамдар Алладан пана тілеп, олардан қорықпағаны жөн. Өйткені олар Алланың қалауынсыз ешкімге зиян бере алмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жындар жоқ (яғни, олар өздігінен ешкімге зиян бере алмайды)» деген (Имам Әбу Дәуід риуаяты). Ибн Әсир «ән-Нихая» кітабында: «Арабтар шөл дала­да жындардың оларға әртүрлі бейнеде көрінетінін, оларды жолдан адастыратынын айтқанда, Алланың елшісі «Жындар жоқ» деп жауап берген. Бұл жерде Алланың елшісі «Жындар жоқ» деп олардың болмысын, барлығын жоққа шығарып жатқан жоқ. Олардың адастыра алмайтынын және олар елес болып көрінетінін айтқан» деп түсіндірме берген. (Ибн  Әсир, ән-Нихая  кітабы).

– Бүгінде тылсым сөзін айтсақ, артында көптеген тақырыптар бұғып жататыны сөзсіз. Олардың қатарында дуа, қара сиқыр, көз тию деген секілді дүниелер кіреді. Осы турасында ой өрбітсек. Бұлар  өмірде  бар  ма?

Сиқырмен шұғылданудың шари­ғаттағы үкіміне келсек,  бүкіл мұсыл­ман қауымы мойындаған атақты ғұламаларының барлығы да сиқырдың мұсылманға жат, харам іс екен­дігін айтқан. Сол ғалымдардың басым көпшілігінің пікірлері мен шығарған үкімдеріне сәйкес сиқырмен шұғылданып, сол арқылы басқаларға зарар беретін адам шариғат бойынша ең үлкен жазаға лайық. Мұндағы сиқыршылық амалдармен бірге адамдарға теріс дуа жасайтын дуахандардың, жындармен сыбайлас болып, «болашақты болжаймын, бәрін біліп тұрмын» дейтін сәуегейлердің, емшінің атын жамылған Ібіліс ұрпақтарының ізіне ерген бақсы-балгерлердің теріс әрекеттері де жатады. Хадис­терде олардың барлығының үкімі бір. Ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім сәуегейге, не балгерге, не сиқыршыға барып, бірдеңені сұрап, сосын оның айтқанын растаса, сол заматта Мұхаммедке түсірілгенге (Құранға, Исламға) күпірлік келтірген болады». (Баззар, Әбу Яғла риуаяты). Бір хадисінде Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім сәуе­гейге, не сиқыршыға, не бақсы-балгерге барып, оның айтқанына сенсе, сол заматта Мұхаммедке түсірілгенге (Құранға, Исламға) күпірлік келтірген болады». Табарани риуаят еткен. Тағы бір хадисін­де Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім бақсы-балгерге барып, оның айтқанын растаса, ол сол заматта Алланың Мұхаммедке (с.а.с.) түсіргенінен (яғни, Ислам дінінен) шығып кетеді. Ал кімде-кім оған барып,  оның айтқанын растамаса, қырық күн бойы намазы қабыл бол­майды». Табарани  риуаят  еткен.

СИҚЫРМЕН  АЙНАЛЫСУ

– Сиқыр сөзінің мағынасы. Қазақтың  «сиқыр» сөзі  араб  тіліндегі «сихр» деген  сөзден  шыққан.  Ол  бірнеше  мағынада  қолданылады. Солардың   бірі – «жұмсақ, нәзік» деген мағына. Осы мағынада  төмендегідей  хадис  бар.

Ибн  Омардан (р.а.) жеткен  риуаятта Пайғам­барымыз (с.а.с.): «Сөзді баяндауда бір сиқырлылық бар», – деген. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

Сиқыр сөзінің тағы бір мағынасы: «алдау». Құран Кәрімде мынадай аят бар. Сәмуд халқы өз пайғамбарлары Салихқа (а.с.) мынадай жала таққан. «Олар: «Шындығында сен, – десті» (Шұғара, 153).  Мұндағы «сиқырланғандардансың» сөзі «алданғандардансың» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, сихр термині «ірі бір нәрсенің өңін айналдыру», «бұзу», «қисайту» деген сияқты басқа  да  мағыналарда  қолданылады.

Ал сиқыр сөзінің терминдік мағынасы туралы ғұламалар  арасында  пікірталас бар. Олар сиқыр­ды әркелкі  түсінулеріне  байланысты бұл сөзге түрліше  анықтама  берген.

Имам әл-Байдауи өзінің тәпсірінде «Сиқыр: адамның жеке істей алмайтын нәрселерінде шайтан­ға жақындық жасау арқылы істейтін әрекеті. Ол әрекетке жамандық пен қаскөй жандылар ғана қол жеткізеді. Ал айлакердің істері және түрлі аспаптар мен дәрілерден келетін нәтижелер немесе қолы жеңіл адамның қимылдары шын мәнінде сиқыр емес. Былайғы жұрт ондай істерді асырмалы райда сиқыр деп атаған. Өйткені сиқыр сөзі әсілінде шығу себебі көзге көрінбейтін істерге қолданылған».

 Шафиғи мазһабы ғалымдарынан әл-Қалиуби: «Сиқыр: шарғи мағынасында нақұрыс жандардың әдеттен тыс нәрселерді шығаратын сөздермен, істермен  айналысуы», – деген  анықтама  берген.

Ал ханбали мазһабының ғалымдары: «Сиқыр: түйіндер, дуалар не арнайы айтылатын немесе жазылатын сөздер немесе сиқырланушының денесіне яки ақылына сырттай, жанама түрде әсер ететін  амал  жасау», – деп  анықтаған.

 Ал Ибн Халдун өзінің әйгілі «Муқаддима» атты кітабында былай дейді: «Сиқыр: қабілеттіліктердің мән-жайы туралы ілім. Адамзат сол ілім арқылы  аспаннан  келген  күштердің  көмегі­мен  немесе көмегінсіз тылсым әлемге әсер ету күшіне ие бола алады. Сиқыр үш деңгейде болады: Біріншісі: көмекші аспапсыз, жәрдемшісіз тек өзіндік күші арқылы әсер ету. Философтар осы түрді сиқыр деп атаған. Екіншісі: аспан  денелері не элементтердің немесе арнайы сандардың көмегі арқылы жасалатын түрі. Мұны тылсым күштер деп те атайды. Бұл сиқырдың әлсіз түрі. Үшінші: елес күштерінің әсерінен  болатын түрі. Сиқыршы сол күштерді игеріп, сосын  жағдайға байланысты оларға қосым­ша қияли әсерлер мен бейнелер қосады. Содан  кейін  өзінің  әсерлі ептілігін пайдаланып, сол  күштерді  көрермендерге  көрсетеді. Сонда  ол  әрекет  көрер­мендерге  әдеттен  тыс құбылыс болып  көрінеді. Ал расында  ол жерде әдеттен тыс ештеңе  жоқ.  Филос­офтар  мұндай  әрекетті  фокус,  айлакерлік  деп  атаған».

КӨЗ  ТИЮ

– Көз тию деген – бар нәрсе. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе бар болса, онда ол нәрсе  көз  тию  болар  еді  (тағдырды өзгертер еді)», – деген.

Негізі барлық адамның көзі тие бермейді. Көз қызғанышпен, іштарлықпен, көреалмаушылықпен, жаман ниетпен қарағанда тиеді. Көз тию деген тек адамға ғана қатысты емес. Үйге, көлікке (жансыз нәрселер), малға да көз тие береді. Көз тиюден қорғану үшін әрдайым Алланы зікір етіп жүру керек. Әсіресе өзіне немесе отбасына таңғалып жатса, «Алланың қалағаны» (мәшаллаһ), «Алладан басқа күш-қуат жоқ» (лә қуатә иллә билләһ) деп айтқаны дұрыс. Көз тиюден сақтану үшін Құран аяттарын, дұғаларды оқып жүрген абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейнді шайтанның және улы жәндіктердің зиянынан, сұқ көзден сақтауын Алладан тілеп, дұға ететін. Тағы бір ескеретін жайт, көп жұрттың ортасында назарға ілінбеуге тырысу керек. Қазақта «шілде сақтау» деген түсінік бар – жаңадан босанған анасын да, баласын да қырық күнге дейін ешкімге көрсетпеуге тырысады. Балаға көз тимесін дейді. Кейбір өңірлерде жаңа үйленгендердің де шілдесін  сақтайды. Мұның  барлығы жұрт қызғанып, сұқтанып  қарайды  дегеннен  шыққан.

– Тікелей тақырыпқа ойыссақ, тылсым тіршілік иелерінің қатарына кімдер немесе нелер кіреді? Адамдарға ол  қауіп  төндіруі  мүмкін  бе?

– Жындар әлемі – адамзат баласы үшін қызық­ты да жасырын бір тылсым әлем. Жындардың болмысы, олардың жаратылу ерекшеліктері, тіршілік  етуі  туралы  біраз  ақпарат  белгілі.

Ал енді осы жындардың адам баласына берер зиян зарары жайлы айтайық. Жын-шайтандар Адам атаға рух берілмей тұрып оған күндес болып, қызғаныш көзбен қараған. Міне, сол сәттен бастап, оның адамға деген дұшпандығы бас­талған. Жын-шайтандар – адам баласының ең үлкен дұшпандарының бірі. Құранда: «Шындығында шайтан сендерге дұшпан, сондықтан да оны дұшпан тұтыңдар. Расында ол өзінің тобын тозақ тұрғындарына айналуға шақырады» («Фатыр», 6). Жын-шайтандар адам баласының бұл дүниедегі ең негізгі мақсаттарының бірі – Құдайға құл болып, оған бой ұсынып шынайы құл болуға кедергі жасайды. Аллаға барар тура жолда көлденеңнен кес-кестеп адам баласын адастыруға бар күшін салады. Олардың мақсаты – адам баласын жаман­дыққа, лас болған амалдарға итермелеу. Адам бала­сына әр тараптан келіп, адамның әлсіз жерін іздеп, оның соңына түседі. Құранда: «Ол (шайтан): «Маған олар қайта тірілетін күнге  дейін  бір  мұрсат бер», – деді. Ол (Алла): «Расында сен мұрсат берілгендерсің», – деді. Ол (шайтан): «Мені азғырғаның үшін оларды Сенің тура жолыңның қасында аңдып отырамын. Сосын мен олардың алдарынан, арттарынан, оңдарынан, солдарынан келемін. Сонда Сен  олардың  көпшілігін шүкірлі күйде таппайсың», – деді» («Ағраф», 14-17). Адам баласын азғыру, Аллаға серік қосудан бастап шариғат тыйым салған амалдармен жалғаса береді. Адамдардың кейбірін күпірлікке итермелеп кәпір қылса, иман келтірген мұсылмандарын Алланың қойған шектерінен шығып күнә жасауға үгіттейді. Күпірлікке бұйыратындығы жайлы Құранда: «Ол адамға: «Күпірлік ет (бойсұнба)» деп, ал ол күпірлік еткен (бойсұнудан бас тартқанда) кезде: «Негізінен  менің  саған  қатысым  жоқ. Шын мәнінде, мен  әлемдердің Раббысы – Алладан қорқамын»  деді»  делінген  («Хашр» сүресі, 16-аят).

– Тылсым тіршілік иелері жайлы айтқан мәліметтеріңізге  көп  рақмет!

Біз білмейтін әлемнің тылсым жаңалықтары, оқиғалары, тіршілік иелері ешқашан өмірімізге зиян әкеле алмайды. Ол туралы жоғарыда айтылған. Сол үшін жасөспірімдер жын-шайтандар туралы қате пікірде болмауы үшін діни  оқиғаларды бөліскеніңіз абзал. Десе де, бұл  қорқыныш  пен  құпияға толы…

Әңгімелескен

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: