Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сарықұл қожа мен ұрпақтары туралы сыр

08.05.2020, 12:43 775 0

Қазалы өңірінің жұртшылығы әулие әрі емші Сарықұл қожа есіміне жақсы қанық. Оқырмандарымызға ғұлама атамыз жайлы қолдағы деректі ұсынсақ: «Aққозыұлы Сaрықұл – XVIII ғaсырдың aяқ кезінде өмірге келіп, XIX ғaсырдa Қонaқкөлмен шектес жaтқaн Жaрықкөлді мекен еткен. Руы – Қожa. Туғaн жері – Қазалы ауданы, Aрықбaлық aуылдық округі. Тaрихи шежіреге құлaқ түрсек, ол кісі зікір сaлып, aдaмдaрды емдеген және кәріп-қaсерге қaрaсып, сыйынсa қорғaны болғaн, қинaлғaндa қолдaйтын ұлы тұлғaғa aйнaлғaн aтaқты дa әруaқты қожaның бірі. Сонaу 1932 жылы қызылдaрдың ГПУ-інен қaшып келе жaтқaн бір кісі: «Уa, Сaрықұл, қорғaп және қолдaй гөр! Өзің көмек бермесең, мен өлдім», – деген екен. Сол сәтте дaрияның жaғaсындa ескекті қaйық пaйдa болып, aрғы бетіне өтіп aлғaн. Сaрықұл қожaның бейітінен 100 метрдей жерде биік төбе бaр. Бұл – Сaрықұл aтaның бaлa оқытқaн мешітінің орны. Ол мешітте де ерекше қaсиет бaр. Сaрықұл қожa өмірден өткеннен кейін мешіт дүкен, кеңсе болғaн. Сол кездегі aдaмдaрдың aйтуы бойыншa, мешіттің есігі өзінен-өзі aшылып-жaбылып тұрaды екен. Оның немересі Пaнaұлы Aбылдa қожa XIX-ХХ ғaсырлaрдa өмір сүрген aтaқты зікірші, қыздырып темір шaйнaғaн, періні мaтaп бaйлaғaн, жын-шaйтaнды зікірмен қойшa топтaп aйдaғaн. Aл оның ұлы Ізтұрғaн дa aуырғaн тісті жaзaтын болған. Бүгінгі таңда Жaнқожa бaтыр aуылындa «Сaрықұл қожa» мешіті бой көтерген». Дереккөз: Қaзaлы aудaны энциклопедиясы. (Aлмaты: Қазақ университеті, 2016).

Сарықұл қожа бабамыз өмірге келген Жанқожа батыр ауылында туып-өстік. Бабалар рухына деген құрмет, асылдың сынығы, тектінің тұяғын бағалау қанға сіңген дағды. Осы ұстаныммен біздің ауылдың тұрғындары да Сарықұл баба ұрпақтарына ерекше ілтипат танытады. Атамыздың ұрпағы, атақты Әбілда қожаның немересі, марқұм Ізтұрған көкеміздің ұлы Балтабекпен кезінде қызметтес болдым. Менен бір жас кіші Бәкеңмен әлі күнге дейін ағалы-інілі сыйластығымыз үзілген емес. Бірнеше жыл бұрын аяқ астынан қатты сырқаттанып, жансақтау бөліміне түстім. Жағдайымның ауыр екенін ақ желеңділер маған айтпаса да, іштей сездім. Ақылы емдеу палатасында жатырмын. Түнімен қиналып шығамын. Кенет… Басыма бір ой сап ете түссін. Неге олай жасағаныма әлі күнге дейін қайран қаламын. Жанымда күндіз-түні күзетіп отырған жұбайыма Байқоңыр қаласында тұратын Балтабекке телефон соғып, жағдайды түсіндіріп, атаның тұтынған бір бұйымын сұрауды тапсырдым. Өзімнің сөйлесуге шамам жетпейтін еді. Аңқылдаған, ақпейіл Балтабегім жүз шақырым жерден сол күні жетіп келді. Жанында келіншегі Ақмарал бар. Азық-түлік базарын түгелімен көшіріп әкелген бе, сәлем-сауқатқа палатаның ішін толтырып тастады. Ең бастысы, Әбілда атаның өзі киген, тері сіңген ескі шапанын әкеліпті. Мұндай қуанбаспын… Сенесіз бе, сол күні ауруханаға жатқаннан бері алғаш рет аздап ас іштім. Қасиетті бабаның киелі шапанын бас жағыма салып, науқастанған сәттен бері рақаттана ұйықтадым. Біршама күннен кейін ауруханадан аман-есен шықтым. Кейін алғысымды айтып Сарықұл қожаның немересі, Әбілда атамның шапанын досыма табыстадым.

Үлкендерден Бекарыстан би ауылына қарай өтетін көлік жолын салған жолшылардың Сарықұл қожаның бейітінің жанына келгенде су жаңа техникалары жиі істен шығып, жұмыстарынан береке қашқанын, әбден қиналған құрылысшылардың мал шалып, бабаның аруағына арнап құран оқытқан соң ғана істері оңға басқанын естіген едім. «Аруақ сыйлаған азбайды». Осы орайда, әлденеше жылдан бері халық емшісі Ақтолқын апа Тұрғанбаева, ұрпақтары болып Сарықұл қожа атамыздың рухына бағыштап ауқымды әрі тұрақты түрде ас жасап жүргенін атап кетсек.

Өткен жылы ауылдан Ғалымжан Хайруллаұлы бастаған азаматтардың бастамасы, ел-жұрттың қостауы, халықтың демеушілігімен Сарықұл қожа атындағы әсем, еңселі де замана талабымен үндесетін жаңа мешіт пайдалануға берілді. Бұған дейінгі мешіт әу баста музыка мектебінің ғимараты болып салынған еді.

– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ауылдағы музыка мектебіне деп салынған ғимаратты мешітке айналдыруға көп күш жұмсалды, Кеңшар директоры Берік Бисембаев шаруашылықтан қаржы бөлдірді. Ол кезде ауданда Қожаназар ишан мешіті, қалада Нұрәлі мешіті, яғни екі мешіт ғана жұмыс істейтін. Осылайша аудандағы елді мекендер арасында алғаш рет біздің ауылда ашылды. Мешіт құрылысын ауылдағы азаматтар жүргізді. Әсіресе, марқұм Оңдасын Ахметов көп еңбек сіңірді. Құрылыс жұмыстарының басы-қасында мен, сол кездегі құрылыс шебері Мереке Табынбаева болдық. Сол тұстағы аудан әкімі Самұрат Имандосов бастаған ел ағалары мешіттің ашылуына арнайы қатысты. Мереке бағалы сыйлықпен марапатталды, – дейді ұзақ жылдар бойы ауылдағы құрылыс саласына басшылық жасаған, еңбек ардагері Жаңабай Жақсылықов ағамыз.

Мұратбек Бәлкеев бауырымыздың «Сарықұл қожа» мешітінде имам болғанына тура 15 жылға толды. Қашанда биязы қалпынан танбайтын, Аузынан Алла, жанынан Құраны қалмайтын Мұратбек ауыл арасында өте сыйлы. Қоғамдық шараларға, ауыл өміріне белсене араласатын имамға көпшілік дән риза. 

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

Суретте: Әулие «Сарықұл қожа» атындағы бұрынғы және қазіргі мешіт ғимараты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: