Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара бейне…

18.06.2020, 10:45 634

Үлкен үзіліс уақыты еді. Акт залға мерекелік кештің дайындығына жиналдық. Барлығымыз сахнада қаз-қатар тізіліп тұрмыз. Сценарий бойынша алдымызда оқушылар өнерлерін көрсетіп жатыр. Мектеп ескі болғандықтан, акт зал шағын еді. Артқы жағы тар қуыс, қараңғы болатын. Мен ортаға ән айтуға шықтым. Әуен орындап жатқанда қайырмасында бүкіл зал әнге қосыла шырқады. Кенет, сахнаның артынан біреудің «Алтынай» деп шыңғырғандай дауысы естілді. Мен ән салуды доғара артыма жалт қарадым. Бірақ, барлығы менің әуеніме қосыла шырқауда. Түсінбей қарап, әнімді жалғастырып кеттім. Дайындық өз мәресіне жетіп, қоңырау соғылды. Бәріміз сабаққа кешігіп қалмайық деп есікке қарай топтаса жүгірдік. Әлгі дауыс тағы естілді. Мен тоқтай қалып, сахнаға бет алғанымда жанымдағы құрбым:

– Жүрсеңші, Алтынай, сабаққа кешіктік, – деді де, бірге есіктен шығып кеттік.

Сонда да мен біртүрлі күй кешіп, артыма қарайлаумен болдым. Сол сәтте, түсініксіз қара құбылыстың акт зал есігінен қарап тұрғанын байқадым. Бойымды үрей биледі.

Сабақ үстінде ойға батып, айналамда не болып жатқанынан бейхабар едім. Сынып жетекшім жаныма келіп, иығымнан түрткенде барып ес жидым. Сабақ аяқталып, бәріміз үйге қайтуға асықтық. Мен болған жағдайды ұмытқандай болдым. Бірақ, ойымның бір түкпірінде тұрды. Ол туралы ешкімге тіс жармадым.

Күнделікті тіршілік жалғасты. Мектеп пен үй арасында жүріп, әлгі қара бейнені ұмытып-ақ кеттім. Бір күні сабақ уақыты мерекемен тұспа-тұс келді. Сыныпта мерекелік дастарқан жайып, ән шырқап, би билеп, барлығымыз көңілді үйімізге қайттық. Жарты жолға жеткенде, күнделігімді сыныпта ұмытып кеткенімді байқадым. Қайтадан артқа кері жүріп, мектепке оралғанымда ішкі есік жабық болды. Келгенімді көрген мектеп күзетшісі есікті ашты.

– Не істеп жүрсің? Неге келдің, айналайын?

– Ағай, сыныпта күнделігім қалып қойыпты. Соны алуға келіп едім.

– Ааа, мектепте ешкім жоқ, барлығы қайтып кеткен. Өзің барып ала аласың ба? Қорықпайсың ба? Әлде жаныңа бірге еріп барайын ба?

– Жоқ, ағай!  Рақмет!  Өзім бара  аламын, – деп жоғары 2-қабатқа  баспалдақпен көтерілдім.

Біздің сынып 3-қабатта болатын. Мектеп іші тып-тыныш. Тағы бір қабат көтеріліп, дәліз бойына қарасам, сыныпқа дейін шақырымдай жер бардай көрінді. Іштей қатты қорқып келе жатырмын. Сыныпқа кіріп, күнделікті сөмкеме салып алдым. Есіктен шығып дәлізге ұзақ қарадым. Ішімнен «бісміллә» деп жүріп келемін. Тыныштық жайлаған дәлізде түсініксіз дыбыстар естіле бастады. Тезірек төменге жетуге асықтым. Қорыққаннан баспалдақтан қалай секіргенімді білмеймін. Акт зал шыға беріс есіктің жанында орналасқан болатын. Есікке жақындай бергенімде, тағы әлгі дауыс «Алтынай» деп айғайлап, мені қылғындырып жатқандай. Біткен жерім осы деп ойладым. Қашып шықтым.

Түнде ұйқымды төрт бөлетін, оянып кетсем көз алдымда сол бір қара бейне маған төніп келе жатқандай, өздігімнен тұншығып, жүрегім аузыма тығылатын болды. Сол қаралық қорқыныштан арыла алмай біраз уақыт өтті. Жүрегім қысылып, жиі ауыратынды шығарды. Ата-анам дәрігерге тексертіп, жүрегімде кінәраттың барын және жұдырықтай еттің өз қалпынан кішкентай екенін білді. Тумысымнан тұйықпын, жан баласына ашылып сөйлемейтінмін. Болған жағдайды айта алмадым. Құдды мені аңдып, соңымда жүргендей қорқыныш билейтін бойымды. Тынысым тарылып, қолдарым мұздап тұратын. Иманымды күшейтуге талпындым. Әлі кішкентай болсам да, балиғат жасына келгендіктен намаз оқи бастадым. Міне, осыдан кейін бойымдағы үрей де, әрдайым мазалайтын қара құбылыс та жоғалды. Жаным тыныштық тапты.

Мен ол кезде, 7-сынып оқушысы едім. Көп ұзамай жаңа мектепке көштік. Ескі мектептің ғимаратына әскери бөлім көшіп келді. Ауыл арасында аңыз-әңгіме гулей бастады. Өте ертеректе бұл ғимарат қыздар жатақханасы болған көрінеді. Қыздардың көпшілігі зорлық-зомбылық, қатыгездіктің құрбаны болған деседі. Әскери бөлімнің сарбаздары да ғимаратта елестер барын растайды. Тіпті, соның әсерінен сарбаздар қорыққаннан қашпақшы болған. Ел аузында айтылған өтірік әңгіме деп көпшілігі сенімсіздік білдіреді. Бәлкім біреулер сенбес, біреулер күдікпен қарар, мен бұл жайтқа сенемін. Ғимарат ауыл кіреберісінде орналасқан. Ауылға кіріп-шыққан сайын әскери бөлімнің ғимаратына ұзақ қарап өтемін…

Тоғжан  ҮБАЙДІЛДАҚЫЗЫ,

ҚМУ-дың  4-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: