Қазақ халқы – ежелден Құдайын, аруағын ұмытпаған ел. Әсілінде адамзат баласы үшін тумақ барда, өлмек бар. «Өзекті жанға бір өлім» дейді халық даналығы. Тумақ – өсіп-өнбек – өлмек атты үш кезең – ғаламдағы барша жан иесінің тіршілік әлеуетіне тән ақиқат. Бұл ақиқат жер бетіндегі ең жоғарғы даму сатысындағы, яғни қоғамдық-тарихи әрекет пен мәдениет жасаушы тіршілік иесіне тиесілі. Бұл – өлімнің ғылыми анықтамасы. Мұндайда атам қазақ «қамшының сабындай қысқа ғұмыр», «бес күндік жалған» деп сипаттаған.
Міне, осы өлшеулі өмірде әркім әртүрлі ғұмыр кешеді. Біреу шариғат жолын ұстанып, дін жолында өтсе, енді бірі алдау-арбау, біреудің қақысын жеуді қалыпты жағдай санап, онысына өзін кінәлі сезінбейді. Әрбір тағдыр иесінің таңдаулы жолы өзіне уәжіп.
Алақандай ауылдың кешкі күйбің тірлігі аяқталып, барлығы кешкі ұйқыға кетті. Ал, Еркін болса ертеңгі үй тіршілігін ойлап көз іле алар емес. Осылай әрнені ойлап жатып, қалай ұйықтап кеткенін де сезбей қалды.
«Шал-ау, тұрсай. Шабатын отын іздеймін деп едің ғой» деген жұбайы Жазираның дауысынан әзер оянды.
Асықпай шай-суын ішіп алып, отын қылар жыңғыл іздеп келе жатып, ауыл шетіндегі «Асан» қорымы тұсына келгенде, «Осы Асан бабаның бейітіне кіріп көрсем, қалай болар екен?» деген ой сап ете қалғаны. Көп ойланбастан бейіт басына жақын келіп, есігін енді аша бергенде гүрілдеген көлік дауысы құлағын жарып жіберердей жақын маңда шығып жатты. Дереу бойын жинап алып, жан-жағына қарап еді, көлік те, адам да көрінбеді. «Құлағым шыңылдағаны ма, жаңағы ненің дауысы болды екен?» деп бейітке кіруге екінші мәрте ұмтыла бергенде, әлгі дауыс қайта естілді. Осылай өз ойымен алысып, ақыры ішкі үрейін жеңіп, білген құранын оқып, бейіт ішіне де кірді.
О, тоба! Мына ғажайыпты қараңыз. Үлкен күмбезді кесене ішінде шағын ғана салынған бейітті көрді. Айналасында қойылған құран кәрім кітабы мен ақ мата және аядай ғана кілемді көзі шалды. Кесене іші көзге түртсе көргісіз тас түнек қараңғы. Қолындағы жарық шаммен асықпай бажайлап бәрін қарап шықты. Бас-аяғы жарты сағаттай аялдап тұрды да әлгі кілемді өзімен бірге арқалап үйіне ала келді.
Кешқұрым теледидар көріп, төсекке басын қойғаны сол еді. Бағанағы гүрілдеген көлік дауысы қайта естілді. Ауыл іші болғасын әрі-бері жүрген көп көліктің бірі болар деген оймен ішкі сезімін басқандай болды. Арада қанша уақыт өтсе де, осы дауыс құлақ түбіне келді де тұрды. Басын жастыққа қойып жата берсе болғаны, тап үй ішіне көлік кіргендей дауыс жаңғырығы құлағын жарып жіберердей боп естіледі.
Осылай күн артынан күн өтіп, Еркін ұйықтамағалы үш күн болады. Бір қызығы, бұл дыбыс үйінде өзінен басқа жан адамға естілмейді.
Қанша жерден өзін салқынқанды ұстап, сыр білдірмесе де, уақыт өте келе бойын үрей билей бастайды. Бейсенбі таң атысымен ерте тұрып, кілемді алған жеріне қайта апарып қойды. Үйіне келіп, демалып жатып, көзі ілініп кетті. Үш күн бойы құлақ түбіне келген жаңғырық та қайта естілмеді. Содан бері мұның бойын қорқыныш үрей билеп, жалғыз қалуға жүрексінеді. Түнде ұйықтаса да жарық жағып қоюды әдетке айналдырды. Бұл қылығын естіген ауылдастарының бірі келеке қылса, енді бірі ағат қадамына алаңдап жанашырлық танытты.
Арада бірнеше ай өткенде Еркіннің түр-әлпеті кетіп, реңі қашып, қу сүйегі қалды. Әр дыбыстан бір үрейленіп, қорыққаны соншалық жасына ерік беретін болды. Басында мұнысын ерсі көрген ауылдастары жағдайдың анық-қанығын біліп, «аруақ атқан ғой» деген тұжырымға келді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауыл арасындағы бұл оқиға көпке дейін үреймен айтылып жүрді.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!