Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар жаңылмасын деп…

29.07.2021, 9:30 502

Жастардың таусылмайтын жыры көп… Бұл жолы өңірдегі жастар саясаты жайлы «жырласақ». Ахмет сынап, Мағжан сенген қазақ жастарының қазіргі жағдайы қалай? Алдыңғы жақсының артқы жасқа қашанда көңілі толмайтыны белгілі. Ал шындығына келгенде бүгінгі буынға оң бағдар, түзу бағыт көрсетіліп жатыр ма? Елдің болашағы да, байлығы да жастар екені түсінікті. Мемлекеттің нығая түсуі үшін де дәл осы жастар білек сыбана іске кірісуі керек. Қазіргі таңда жастарымыз әр салада үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Десе де, жастар саясатының айналасында жүрген сыни пікірлер аз емес. Соның ішінде Сыр өңірінің айналасында да түрлі әңгімелер көп. Осы тұрғыда, аймақтағы жастар саясатының соңғы жұмыстары жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.

Жоғарыда айтқандай, қазіргі жастардың қарымын мойындағысы келмейтіндер көп. Керісінше, оларға жол сілтеп, бағыт көрсетіп жүргендер де жетерлік. Қызыл­орда – әртүрлі субмәдениет тоғысқан қала. Сол үшін де пікірдің алуан түрлі болатыны түсінікті. Жалпы, республика бойынша 206 мекеме жастарға қызмет етеді. Оның 177-сі жастар ресурстық орталықтары екен. Жастардың басын қосып, жұмысын жоспарлауда бұл орталықтар көптеген жұмыстар атқарып келеді. ҚР Ұлттық статис­тика бюросының мәліметіне сәйкес, Қызылорда қаласында  63  мыңнан астам жас тұрады. Олардың  басын біріктіріп, қабілетін тиімді пайдалану үшін арнайы орталықтар көптеген жұмыстар атқарып  келеді.

Жұттың алдында тұрған Арал жұртына көмек көрсету үшін еріктілер бір жұдырықтың астына жинала білді. Солардың басым бөлігі – жастар. Барлығының мақсаты һәм тілегі бір. Бұл – бір ғана мысал. Қызыл­орда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйым­дастыруымен  «Қайырымды  істер  марафоны» өткі­зіліп жүр. Президент бастамасымен қолға алынған марафон аясында 6347 іс-шара өткізілген. Атап айтсақ, 31 отбасыға компьютер, 6 мыңға жуық отбасыға азық-түлік, 109 отбасыға тұрмыстық жиһаз және тағы басқа түрлі көмектер жеткізілген. Орталықтың бастауымен жыл басынан бастап 2159 іс-шара өткен. Сондай-ақ, атқарылған іс-шараларға 28 381 жас атсалысып, сегіз мыңнан  астамы  өзіне  керек  кеңес  алған.

– Жастар – еліміздің болашағы. Осы мақсатта әрбір жасты қолдап, демеп отыру – біздің міндетіміз. Сондықтан кез келген жастың бос уақытын тиімді пайдалануына септігімізді тигізуіміз керек. Соған орай жыл басынан бері көптеген ауқымды жұмыстар атқарудамыз, және де жастардың шығармашылығын дамытып, пат­риоттық тәрбие беруде бірнеше жоба жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, жастар қайырымды істер үшін де еш уақытта аянып, қол қусырып қалған емес. Қашанда қол ұшын соза білетін Сыр жастары көптеген игі бастамалардың басы-қасында болуға тырысады. Соның бір айқын дәлелі ретінде, Арал ауданындағы қуаңшылыққа байланысты облыстық жастар ресурстық орталығы жария­лаған «Жастардан жәрдем» атты үндеудің аясындағы бастамалар. Акция аясында өңірдегі барша жастар жұмылған  жұдырықтай атсалысып, демеу білдірді. Игі жұмыстардың қасынан табыла білді. Мысалы, Қармақшы ауданынан – 500 бау, Жалағаш ауданынан – 650 бау, Сырдария ауданынан – 500 бау және де белгілі кәсіпкер Мағжан Ералиевтің қолдауымен 1000 бау шөп Аралға жеткізілді. Бұл жұмыстарда Сыр жастарының да еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай. Орталықтың есігі кез келген жасқа айқара ашық. Келіп қолдау, кеңес аламын десе, мамандарымыз әрқашан дайын. Себебі, жастар – біздің болашығымыз. Біз үшін әрбір жастың қадамы маңызды. Осы мақсатта еліміздің, өңіріміздің дамуына қызмет етуміз қажет, – деді Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Мукеев.

Ғаламды шарпыған эпидахуалмен күресте де жастар белсенділік танытуда. Бұған әлеуметтік желі беттерінен куә болып отырмыз. «Бірге таза Қазақстан» эко-акция­сы аясында орталық ғимараты жанынан «Жастар аллеясы» бой көтеріп, 400-ге жуық көшет отырғызыпты. Сонымен қатар, «Таза қала» эко-акциясына қолдау білдіру мақсатында бірқатар көпшілік орындарға және аллеялар мен саябақтарға, мемлекет қарауындағы ескерткіштер мен зираттарға сенбілік жұмыстары жүргізіліп, 10 000-нан астам көшет отырғызылған.

Бұл – орталықтың берген ресми мәлімдемесі. Әрине, жылтыраған сандарға қарап, барлығы 100 пайызға жақсы деп айту қисынға келмейді. Аяғын шалыс басып, сүрінген жастар да кездеседі. Осы күнге дейін сарапталған ақпараттарға сәйкес, өңірімізде жастардың қатысуымен 61 жағымсыз оқиға тіркелген. Келеңсіз оқиғалар, тіпті, қылмысқа барып жатқан жастар бар. Аймағымызда топтық төбелес мәселесі күрмеленіп қалған. Оны шешу мүмкін еместей көрінеді. Алайда орталық бұл мәселені шешу үшін тырысып жатқанын айтады. Облыс жастарының ахуалы мен әлеуметтік көңіл күйін анықтау мақсатында онлайн форматта блиц-сауал­нама жүргізілген. Нәтижесінде жастардың өзекті мәселелерінің бірі жұмыссыздық екені анықталған. Келеңсіз оқиғалардың себебі сол, бос уақыттарының көп болуы мен екеуара түсінбеушіліктің орнауы.

Б.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: