Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар күні кең көлемде тойланды

11.08.2022, 11:25 368

Әрбір елдің ертеңі – жастар. Сол себепті жастар саясаты деген ұғым қалыптасып, түрлі қолдау көрсетілуде. «Жасыңда жалықпасаң, қартайғанда тарықпайсың» деген. Еліміздің керегесі берік, шаңырағы мәңгі болуы үшін қанатын қомдап, туған жерінде еселі еңбек етіп келе жатқан жастар қауымы жетерлік. Жаспын деп жасқанбай, кедергілерге қарамай табысты, көшбасшы болуға ұмтылатын­дар­дың қатары артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Дәстүрлі түрде өткізілетін «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» биыл да облыс көлемінде аталып өтіледі. Бұны облыс­тық «Жастар ресурстық орталығы» ұйым­дастырмақ. Олардың  айтуынша,  мереке  қар­саңындағы  іс-шара  жастарға  мол мүм­кіндік  беріп  қана қоймай, көтеріңкі көңіл күй сыйлай­ды екен. Аталмыш іс-шара жайын­да жауапты  мамандар өңірлік коммуникациялар  қызметінің  баспасөз  алаңында тереңірек  тарқатты.

– Жоспар  бойынша  біздің  ұсынысымызбен    5 тамыз – «Жастар апталығының» ашылуы күні, 6 тамыз – «Экомәдениетті дамыту күні», 7  тамыз – «Таланттар  күні», 8    тамыз –  «Еңбек  күні», 9  тамыз  –  «Балаларға  қуа­ныш  сыйлау  күні», 10  тамыз – «OPEN AIR», 11 тамыз – «Спорт күні», 12 тамыз «Мүмкіндіктер және инновациялық идеялар күні» болып белгіленді. Сәйкесінше, атаулы күндер бойынша Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда жастар апталығының негізгі жоспарынан тін тартатын жүздеген іс-шара ұйым­дастырылып, өткізілетін  болады. Бүгін­нен бастап өңіріміздің барлық қаласы мен ауданында  жастар күнін атап өту мақсатында өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс­тық жастар  ресурстық  орталығының КММ  дирек­торы  Мақсат  Дауылбай.

Жалпы, мереке жастардыкі болған соң, жастардың вайбындағы кештер өткізілмек. Әрбір он күндік іс-шара әлеуметтік желіде жастардың  ұсынысына сай дайындалған екен. Жастардың инновациялық дамуына қолғабыс етіп, олардың жастық шағының тәтті сезімдерінің өшіп қалмауына бұл іс-шара­ның негізгі бағыты осы болмақ. Сол себеп­ті аймақтағы танымал DJ-лердің әрлеуі­мен қорытынды кеш аяқталады. Айта кету керек, бұл шаралардың барлығы аймағы­мыздың Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда бір күнде, бір уақытта ұйым­дастырылып,  өтетін  болады.

Сондай-ақ, облыстық «Жастар ресурс­тық  орталығы» да «Кинотаим», «ЖазFEST», «Бір толқында», «TabooArt», «Мінбер» сынды мәде­ни-көпшілік іс-шараларды өткізеді. Бұған қоса, облысқа танымал сәнгер Динара Алмуссаеваның тегін мастер-класын, бүгінгі күні табысты кәсіп түрінің ТОП-5-тігіне кіретін бютииндустрияның бірі, тырнақ әрлеу бойынша тегін курсын, жазасын өтеу­шілер арасындағы «Абай оқулары» сайысын және пробация есебіндегі қыз-келіншектерге арналған  кәсіби  бағдар  жобалары  өткізіледі.

Бет қатталып жатқанда жастарға арналған іс-шараның бірсыпырасы өткізілді. Атап айт­сақ, «Экомәдениетті дамыту күнінде» облыс жастарының таза аймақ қалыптас­тыру  мақсатындағы  «ЭкоМарафон» сенбі­лік  акциясы жүзеге асырылды. Ең алдымен, айналамыздың таза болуы бізге маңызды. Сондықтан мұндай іс-шара бүгінгі қоғамға қажет. Ғалымдардың айтуынша, жер бетінде адамдар болмаса, жазық дала, көкпеңбек бола­тын көрінеді. Дегенмен табиғатты қорғау адамдарға байланысты. Аталмыш акция­ға «Жасыл ел» еңбек жасақтары штабының жастары, белсенді азаматтар мен «Syr Jastary» орталығының мамандары өз үлестерін қос­ты. Акция барысында «әл-Фараби» мөлтек ауданындағы саябақ күл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қосым­ша  әлеуметтік  нысандардың  айналасындағы қоқыс қалдықтары шығарылды және тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталмыш шараға 60-тан аса белсенді жас қатысып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әрі қарай сенбілікке қатысушыларға және қала, аудан жастарына арналған «Қарбыз­FEST»  ұйымдастырылды.

Жастар  апталығында «Таланттар күні» аталып өтілді. Бұл күні «ЖазFEST» атты шығармашылық өкілдерінің (барлық жанрлар бойынша) ашық аспан астындағы өнер фестивалі  өтті. Өңіріміздің  ең дарынды бала­лары бас қосып, қала тұрғындары мен қонақ­тарына керемет көңіл күй сыйлады. Фестиваль аясында заманауи би түрлерінен кеш өтіп, өнер көрмелері, қолөнер бұйымдарының және көркемөнер түрлерінің галереясы ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушыларға атаулы дипломдар мен «CoffeeLIКE» кофе орталығының  сертификаттары  табысталды.

8 тамыз – Еңбек күні деп аталып, жастарға «Еңбек лагерьлері» жоспарланды. Қала және аудан орталықтарындағы кәсіптік білім бере­тін орта арнаулы ББҰ базасында өтетін «Еңбек лагерлері» жұмыссыз жастарға және түлектерге арналған болатын. Лагерь барысында жұмыссыз және талапкер жастарға кәсіби бағдар ұсынылып, техникалық маман­дықтар насихатталды. Және техникалық маман­дықтар  бойынша  тәжірибе алаңдарында  практикалық  дәрістер  берілді.

– Биыл  құрылысшылар  күні қарсаңында «Тас қалаушылар» мен «Дәнекерлеушілер» сайы­сы өткізіліп, бас жүлдеге Қызылорда қаласы әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі сыйақысы табысталды. Алдағы  уақытта, «Самғау» сыйлығының форматындағы  жүлде кәсіпкерлік техникалық мамандықтарында жұмыс істейтін мамандарға қала күні аясында беріледі. Айта  кетерлігі,  «Qosyl»  жастар орталы­ғының ұйымдастыруымен «Арбат» бойында әр апта­ның  бейсенбі  күні – «PING-PONG», жұма күні – «Караоке Battle», сенбі күні – «Кино TIME»  жобалары тұрақты түрде өткізілу­де. Осы және өзге де қала жастарына қатыс­ты күнделікті ақпараттар мен жаңалықтар «qosylbot» телеграм-бот және «qosyl.mrc» инстаг­рам парақшасында жариялануда, – деді «Qosyl»  қалалық жастар ресурстық орта­лы­ғының  директоры  Әліби  Басаров

Балаларға   қуаныш  сыйлау күнінде – «Барлық игілік – балаларға» жастар акция­сы өтті. Акцияда облыс аумағындағы жөндеуді қажет  ететін  балаларға арналған ойын алаңдарын қалыпқа келтіру бойынша көпшілік қайырымдылық іс-әрекеттерді жүзе­ге асырды. Ал, 10 тамыз күні жастардың көптен күткен «Open air» аталып өткізілді. Бұл күні облыстық «Жастар ресурстық орта­лығы» КММ-нің базасында, ашық аспан астында «Мінбер» атты атаулы іс-шара ту көтерді. Оған жастар саласының жанашылары, сонымен қатар, осыған дейін және бүгінгі күні сала дамуы­на атсалысқан, атсалысып жүрген көшбасшылар мен жастарға қызмет көрсетуші мамандар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, әкімшілік құрылымының барлық уәкілетті органдарының басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, депуттар, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері, барлық деңгейдегі жастар орталықтарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Дәл осы күні барлық жастар орталықтарында әлеу­меттік сала жетекшілерінің жастарды жеке мәселелері  бойын­ша  қабылдау  жүргізілді.

Жастар аптасы мұнымен аяқталған жоқ. Алдағы күндері бірнеше іс-шара өткізіледі. Жастардың  салауатты  өмір  салтын  ұстануды да  насихаттау  бұл мерекеде  қамтылған. 11 тамыз – Спорт күнінде барлық аудан мен қаламызда  «АулаСПОРТ» шарасы өтеді. Бұл – заманауи спорт түрлерінің ашық аспан астындағы  іс-шарасы. Сондай-ақ 12 тамыз – «Мүмкіндіктер  және инновациялық идеялар күні» болып белгіленген. Бұл күні Қызыл­орда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда «Мүмкіндіктер керуені» және «Иннова­циялық идеялар жәрмеңкесі» жобалары  өтеді.  Жалпы, мұндай мүмкіндік беретін іс-шара аймағымызда бірнеше рет өткізілді, тәжірибе­мізде бар. Ашық аспан астындағы мүмкін­діктер алаңында қала жастарына бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, кас­тингтер, мемле­кеттік бағдар­ламалар мен жобалар­ға  байланысты жастарға кеңес  беру,  жылжымалы  медициналық  қыз­мет  түрлері  ұсынылады.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: