Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалынды жастар марапат биігінен көрінді

26.12.2023, 13:15 188

Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов дәстүрлі «QOSYL премия» қала жастарының қорытынды кешіне қатысып, «Самғау» жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттады. Еркін формат, ерекше көңіл-күйде өткен шарада сөз алған қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы жастардан көп үміт күтетінін тілге тиек етті.

– Биылғы жыл Сыр өңірі үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Қос тойымыз қабат келіп, аймақтың 85 жылдық, шаһарымыздың 205 жылдық мерейтойларын сән-салтанатымен атап өттік. Бұл мерекелік күндерде жастарымыз белсенділік танытып, ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, қоғамның қозғаушы күші екендігін дәлелдеді.
Жастар бастамаларының тұрақты қолдауға ие болуының арқасында Қызылордада жастар саясаты саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту бойынша биыл жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеп, аймақ басшысының қолдауымен алғаш рет «Сыр Жастары» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама арқылы өңір жастарына жыл сайын 100 пәтердің кілті табысталады. Қолдаулар легі мұнымен тоқтамайды. Біз әрбір жастың бастамаларын қолдауға және олардың қабілетін шыңдауға дайынбыз» деген шаһар басшысы Асылбек Шаменов Сыр елінде шығыс жастарының жалынды көшбасшысы болған Ғани Мұратбаевтың қазіргі ізбасарларының қалыптасып келе жатқанына риза екенін жеткізді.

Іc-шарада әр номинация бойынша үздік он жасқа Қызылорда қаласы әкімінің 100 000 теңге ақшалай сыйлығы мен «Самғау» жастар сыйлығының естелік статуэткасы табыс етілді. Сонымен қатар, салтанатты жиында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастар саясаты саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар жастар қала әкімінің арнайы «Алғыс хаттарымен» және қызықты номинациялармен марапатталды.

Қала әкімі Асылбек Шаменов «Біз Мемлекет басшысының «Жастармен бірге» қағидатын ұстанып, Өздеріңіз секілді жалынды жастармен Әділетті Қазақстанның іргесін бекітеміз. Келе жатқан Ұлу жылы армандарымыз орындалар берекелі жыл болсын!» деген жүрекжарды лебізін білдірді.

Қазіргі таңда елімізде жастардың дамуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның дәлелі – биыл Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңға өзгерістер енгізіліп, жастар санаты 35 жасқа дейін ұзартылды. Сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылды.

Облыс орталығында жастардың әлеуметтік жобаларын қолдау үшін жергілікті бюджеттен 18 млн 113 мың теңге бөлінді. Бұл қаражат келер жылы да артып, қажетті шаралар жүзеге асырылатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: