Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Түркияға оқуға түсу үшін түрік тілін білу маңызды емес»

23.06.2022, 10:00 968

Жастар шет мемлекетке кетуді аңсайды. Осы арманын орындау үшін «оқуға түсуге көмектесемін» дейтін топтарға жүгінеді. Бұл қаншалықты дұрыс? Әрине, құжат жағынан жөн сілтейтін маманға жолыққан дұрыс шығар. Алайда мотивациялық хат сынды негізгі талаптарды да жаздырып алатын адамдар болады. Бұны қос қолдап құптауға болмас. Себебі біреудің еңбегі сен үшін бақыт әкелмейтіні анық. «Арманым үшін бәрін істеймін» деп жүріп, артынша қомақты қаражаттан да қағылып жататындар бар. Сондықтан бұғанасы қатса да, ақылы тоқтамаған мектеп бітіруші түлектерге шетелге түсудің жолын яки механизмін түсіндіруді шештік. Тұла бойы төзімділік пен тәуекелге тұнып тұрған жастардың құлағына алтын сырға. Сіздер үшін Түркия елімен тікелей байланысқа шығып, Ыстамбұл техникалық университетінде «Мұнай-газ инженериясы» мамандығы бойынша білім алып жатқан Азим Нұрбергенге қоңырау шалдық.

– Алло! Қайырлы күн, Азим? Хал-жағдайың қалай?

– Қайырлы күн! Шүкір жақсымын, өздеріңіз?

– Аллаға шүкір! Ә дегеннен бастап, жұмысқа кіріссек. Өзің Түркияда оқып жатқан «Түркия бурслары» қандай бағдарлама? Кімдер үміткер бола  алады?

– Бұл – Түркияның мемлекеттік стипен­дия­лық бағдарламасы. Бұған тек шетелдік студенттер үміткер бола алады. Осы бағдарлама арқылы Түркияның үздік университеттерінің бірінде толықтай тегін, ешқандай қайтарымсыз грант арқылы білім алуға бола­ды. Бұл грантқа не кіреді? Біріншіден, бір жылдық түрік тілінен дайындық курсы, одан кейін бакалавр 4 жыл, магистр 2 жылдық оқу ақысы төленеді. Сондай-ақ тегін жатақхана, екі мезгіл тамақ, шәкіртақы, медициналық сақтандыру беріледі. Былайша айтқанда студенттің оқуына толықтай мүмкіндік жасалған. Бізді ешнәрсе алаңдатпай, тек бар зейінімізді сабаққа арнауымызды қамтамасыз етіп отыр.

– Олай  болса, бағдарламаның  мүмкіндіктері  қандай?

– Мүмкіндік өте көп. Ата-ананың қалтасына жүк салмай, толығымен тегін оқуға болады. Бұны көпшілігі армандайтыны сөзсіз. Және осында оқып жүріп, Еуропаның ERASMUS ауысым бағдар­ламасы арқылы оқып келу мүмкіндігі бар. Тіпті Түркияның басқа қаласына да бір семестр оқып келу де қарастырылған. Яғни түсінікті болуы үшін нақтыласам, акаде­миялық ұтқыр­лық бойынша оқып келесіз. Түркия университеттерінің ең басты артық­шылығы – еуропалық стандарттан өткен халық­аралық университтер болып табылады. Сол себепті бұл жақтан алған диплом алыс-жақын ел болсын, бүкіл әлемге заңдық тұрғыдан  жарамды.

– Ал енді бағдарламаға қатысу үшін қандай құжаттар  керек?  Талаптары  қандай?

– Жалпы, бағдарлама қаңтар-ақпан айларында өтеді. Егер мектеп бітіруші түлек бакалаврға тапсыратын болса, 9-сыныпты бітірген аттестатын, 10-сыныптың табелін, сондай-ақ 11-сыныптың алғашқы екі тоқсанының табе­лін жүктеу керек. Бұл бағдарламаға ұсыныс хат керек, бұны мектептен немесе үйірмелерден алсаңыз болады. Және мотивациялық хат міндеттелген. «Не үшін «Түркия бурслары» бағдарламасы арқылы оқығым келеді?» деген тақырыпта жазу керек. Мұнымен қоймай, республикалық деңгейдегі диплом, сертификаттардың болғаны абзал.  Өйткені сіздің сабақтан бөлек, қоғамдық іс-шараларға белсенді екеніңізді көрсетеді. Түркияда бұл жоғары бағаланады. Бірақ сабақ үлгеріміңіз де өте жақсы болғаны жөн. Және халықаралық емтихандардың болғаны да дұрыс деп санаймын. Өзімнің тәжірибеммен бөлісетін болсам, мен НИШ-та оқығандықтан IELTS, SAT емтихандарының нәтижесі болды. Осы да сіздің келесі кезеңге өтуіңізге  үлкен  көмегін  тигізеді.

– Мен де бұл бағдарламадан алшақ емеспін. Тапсыру жағынан тәжірибем болмаса да ізденіп, көріп жүрмін. Бағдарламаның сайтында 12 университетке құжат тапсыру болады делінген. Бұл қаншалықты  рас?

– Иә, бағдарлама бойынша бірінші турдың дедлайны жоғарыда атап өткендей жылдың басында болады. Сол кезде құжат өткіз­ген сәтте 12 университетті таңдауға немесе қалауыңыз­ша 6-10 университетпен шектелуге де болады. Максималды  таңдау  мүмкіндігіңіз – 12 жо­ғары оқу орны. Мәселен, үлкен қалалардан тек 6  университет  таңдауға   болады.  Ал  екінші  кезең – сұхбаттасу. Барлық кезеңді сәтті аяқтаған соң, бағдарлама сізді лайықты деп тапқан  бір оқу  ордасына  жібереді.

– Алайда бұл жерде ескеретін жайт, барлық университетте сіз қалаған мамандық болмауы мүмкін. Сондықтан кейбір қатысушылар 6-7 университетті таңдап жатады. Енді түрік тілін білу маңызды ма? Ағылшын тілі заман талабы ғой. Оны білмесек, әлемге сапар шегу қиынға соғады. Сонда да сұрай кетейік, IELTS қанша  болу  керек?

– Түркияға оқуға түсу үшін түрік тілін білу маңызды емес. Бұл бағдарлама бойынша оқуға түскен әрбір студентке бір жыл тегін түрік тілі курсы өткізіледі. Ағылшын тілі де міндетті емес. Бірақ білген өзіңізге жақсы. IELTS  кем  дегенде  6.0  болса…

– Шамамен бүгінгі күні қанша қазақстандық осы  бағдарлама  аясында  білім  алып  жатыр?

– Бағдарлама Қазақстанға жыл сайын 200-300 шақты грант бөледі. Әр елге әртүрлі. Қазіргі таңда белсенді түрде оқып жатқан студенттердің саны 1500-ге жуық. Бұның арасына бакалавр, магистр, докторанттар да кіреді. Мүмкін бұдан да көп шығар. Себебі бакалаврды аяқтау мерзімі 4 жыл болса да, белгілі бір себептерге байланысты студент үлгер­мей қалса, 1 жыл тағы тегін ұзартып бере­ді. Сондықтан кейбір отандастарымыз бакалавр дәрежесін 4,5-5 жылда аяқтап  жата­ды. Осыған дейін оқып, диплом алған азаматтардың  саны 3000-4000  деп  айта  аламын.

– Бұл бағдарламаға бағымыз жанбай қалды дедік немесе аузымыз ашылып жүріп дедлайнды өткізіп алдық. Келесі жылға дейін күткіміз келмейді. Не істеу керек?  Бұдан бөлек тағы қандай  бағдарламалар  бар?

– Әрине, бар. «Diyanet» деген бағдарлама да толық студентті қамтамасыз етеді. Бірақ көбіне діни мамандықтарға негізделген. «Түркия бурслары» бағдарламасының базасында былтырдан бастап жұмыс істейтін «Дүние­жүзілік Ислам банкі» бар. Тапсырған үміткерлерге қосымша гранттар бөледі. Қысқаша айтқан­да, банк пен бағдарлама бірлесіп жұмыс істеуде. Екеуіне де бір сайт арқылы тапсыруға болады. Түркия айтады: «Біз стипендиялық бағдарламадан бөлек, шетелдік азаматтар үшін грант бермейміз. Десе де қолжетімді баға ұсынамыз. Жылына 200-300 мың теңге төлеп оқуға мүмкіндіктеріңіз бар» дейді. Баға арзан болғанымен, тәжірибелі оқу орындары болған соң білім сапасы жоғары екеніне еш  күмән  болмасын.

– Түркияда  оқуға  кеңес  бересіз  бе?  Және  осы  бағдарлама  арқылы  түскісі  келетіндерге  қолғабыс ете  аласыз  ба?

– Егер шет мемлекетте, соның ішінде толық грант болып тұрса, оқуға кеңес беремін. Өйткені экономикасы бізден әлдеқайда дамыған. Түрік бауырларымыздан үйренеріміз көп. Қазақ жастары кезіндегі екінші дүние­жүзілік соғыстан кейінгі жапондықтар секілді «барлығымыз өзге елге барып, білім алып, елімізді  дамытуға  сүбелі үлес қосамыз» деген­ді ұстануымыз керек. Еліміз енді ғана нық қадам басып келеді. Бұл –жастарымыз­дың арқасы. Сондықтан Түркиядан білім алған жөн. Мұнда әділеттілік  пен таза білім бар. Мен ақылы негізде оқуға түскісі келетіндерге бағыт-бағдар беріп жүрмін. Менен кеңес сұрап келетіндер баршылық.

– Қазақ-түрік елдері туыс дегенмен орналасқан жеріміз екі құрлықта. Адаптация жағы қалай?

– Бұл жақта тұру көптеген қазақтарға ұнайды. Діні бір, тілі бір, ділі бір бауырлас ел болғаннан кейін ортақ дүниеміз жеткілікті. Түркі халқының бауырмашылдылығының арқасында жырақта жүргенімізді сезбейміз. Баға жағы да қолайлы. Тарихы, мәдениеті барлығы керемет. Жалпы, адами  тұрғыдан  үйренетініңіз  көп.

– Сонымен бүгінгі мардымды сұхбатымызды қорытындыласақ. Елге оралу жоспарда бар ма?

– Оқуды тамамдаған соң, туған жеріме қайту жоспарда бар. Нақты бүйтем-сүйтем деп ауызбен орақ ормай-ақ қояйын. Бірақ жеке кәсіп ашып, осы саланың дамуына үлес қосамын деген ниеттемін. Ең бастысы, осы алған білімімді дұрыс бағытта елім үшін қолдану.

– Әңгімеңізге   рақмет!

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: