Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«СЫР ЕЛІ ЖАСТАРЫ» баспаналы болуға жаңа мүмкіндік береді

12.01.2023, 10:40 70

Бүгінде жас отбасылардың баспаналы болып, қоғамда әлеуметтенуі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі.  Мемлекет басшысы жастардың баспаналы болуына барынша жағдай жасалу керектігін атап айтқан еді. Осылайша, мемлекеттің басты міндетінің бірі саналған бұл маңызды түйткілдің түйіні бүгінде еліміздің әр өңірінде қолға алынуда. Бұған дейін жастарды қолдайтын тек «Алматы жастары», «Елорда жастары» секілді бағдарламалар ғана сол аймақтың жастарына арналып, өзге өңірлердегі жастардың үйлі болуына ешқандай сеп болмаған еді. Енді өзге өңірлерде жүзеге асатын мұндай бағдарлама  Сыр өңірінде де қабылданбақ.

Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасынан кейін, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы «Сыр елі жастары» Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын қабылдау бойынша 1 ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізіледі» деді. Соған сәйкес, «Сыр елі жастары» баспаналы болуға үлкен мүмкіндік ашу үшін  облыстық мәслихат депутаты Гүлнара Есқалиеваның төрағалығымен облыстық мәслихаттың Әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтіп, онда «Сыр елі жастары» Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы туралы мәселе көтері­ліп, оның негізгі шарттары мен мақсаты айқындалды. Көптен күткен жағымды жаңалықтың тұсында, яғни жастарға берілген  қолдау 2019  жылы  «Жастар  жылында»  емес, 4 жыл артқа тастап, 2023 жылы қайта жастарды қолдауға арналған жылдың лебі сезілгендей болды.

Өңір жастарын жаңа, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында бұл бағдарлама арқылы жүздеген жастың баспана мәселесін шешу жоспарланып отыр. Бағдарламаның ережесі мен шарттарына тоқталар болсақ, жастар бастапқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын салып, 19 жылға ипотекалық несие алуына болады. Жылына 5 пайыздық өсіммен 18 млн теңгеге дейін «Отбасы банк» арқылы беріледі. Бағдарламаға 18-35 жасқа дейінгі ҚР азаматы және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Бұл ипотеканы мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер мен журналистер және жоғары оқу орындарының оқытушылары да ала алады. Бағдарламаның мақсаты – бюджетті көбейтіп, жеңілдетілген несие­нің санын арттыра түсу. Бұл – жергілікті жас отбасыларды, жас мамандарды қолдауға арналған тиімді  әдіс.

Иә, бүгінде пәтер жалдап жұмыс істейтін жастар мен жас отбасылардың саны өте көп. Бұл жаңалық Сыр жастары мен жас отбасыларын қолдап қана қоймай, оларға берілген үлкен мүмкіндік екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, бұл бағдарлама нақты іс жүзіне енгеннен кейін, электронды құжат қабылдауға мүмкіндіктер де қарастырылатыны тағы бар. Сондықтан, жеңілдетілген  несие  арқылы  жаңа,  жеке  үйіңіздің  кірпішін  қалау­ға бастамалар  ашылуда.

Өңірімізде тұрғын үй кезегінде тұрған 7,5 мыңға жуық жас бар екенін ескерсек, алдағы уақытта бағдарлама арқылы берілетін үйлер жас отбасыларға айтарлықтай қолдау болмақ. Айта кетейік, бағдарлама әлі бекітілген жоқ. Облыстық мәслихаттың алдын ала талқылауы кезінде айтылған ұсыныстар ескеріліп, бағдарлама жобасы бірлескен отырыста қаралып, келесі облыстық мәслихат сессиясына шығарылатын болады. Бұл бағдарламаның сәтті өз күшіне енгенін Сыр жастары мен жас отбасылары тағатсыздана күтетіні анық. Өйткені, жаса­лып жатқан бұл оңтайлы бағдарлама оларды қуантып отырғаны белгілі. Осы тұрғыда, кез келген сала бойынша берілетін жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы туралы жас мамандардың пікірін білгенді жөн санадық.

Аружан  Әбдіқаева,  әлеуметтік  сала  қызметкері:

– Жалақыны пәтер иесіне кетіріп жүргенімізге жылдан аса уақыт өтіпті. Осы аралықта қаншама қаражат өзгенің шаруасына ыңғайланып жатыр. Көптен бері жастарға жеңілдікпен ипотекалық несие жүйесі қажет-ақ деген ойда жүр едім, жақында «Сыр елі жастарына» деген жобаның жөнін естіп, төбем көкке жеткендей болды. Бұл біздер секілді жас маманның үйлі болып, бір жерде тұрақтауына, алдыға үлкен қадам жасайтынына көмектесетіні айқын. Сол үшін осы жоба шеңберінде атқарылатын жұмыстарды қолдаймын. Бұған дейін пәтер иесіне 70 мың теңгені, оның үстіне коммуналдық төлемді қосып төлеуші едік. Енді осы бағдарлама бойынша үй алсақ, сол ақшаның өзіміз үшін жұмсалатыны мені қуантады. Әрі өз үйің болғанға ештеңе жетпейді. Дегенмен, бұл бағдарлама өзге өңірлерде өз кезегінде іске асып келеді. Сыр елінде де қолға алынғанына қуаныштымын. Әрі қарай да осы бағдарлама өз нәтижесін беретініне сенімдімін. Бұл біз үшін өте қажет.

Әсем  Пірімова,  мұғалім:

– Жалпы, шаңырақ көтерген жас отбасылардың кейде үй-күйсіз немесе пәтер жалдап тұратыны белгілі. Осы орайда, аталған бағдарламалар бір қажетіне жараса, енді ғана аяғына тұрған отбасыларға сеп болушы еді. Тіпті, өзім де осы жаңалықты естіп қуанғанымды жасыра алмаймын. Жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы Сыр елінде жүзеге асатынына көптеген жан қуанышты болған шығар. Қанша дегенмен, мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетілгені құба-құп. Енді осы бағдарлама аясында баспаналы болу бұйырса, жеңілдетілген несиенің де жақсылығын  көрдік  деген  сөз.

Рыскелді  Жахман,  журналист:

– Өз басым «Сыр елі жастары» секілді жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын 2019 жылы «Жастар жылы» қарсаңында күттім. Уақытында бұл тақырыпты газетте, ақпараттық порталдарда, әлеуметтік желілерде де қозғадық. Бірақ, бұл араға 4 жыл салып енді қолға алынып жатыр. «Ештен кеш жақсы» деген, қуаныштымын. Мұны жастарға берілген жақсы мүмкіндік, үлкен қолдау деп білемін. Бағдарламаның ережесі мен шарты көңілге қонымды, өзім де осы бағдарлама арқылы баспаналы болуға ниеттіміз.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: