Шиелі аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушылары, егіз түлектер Алтынсары Кәусар мен Алтынсары Гауһар ҰБТ-ның алғашқы кезеңінде жоғары нәтиже көрсетті.
10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтетін тестілеуде қос түлек ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихы пәндерін таңдаған. Бұған дейін олар IELTS халықаралық емтиханынан 7.5 балл алған.
ҰБТ қорытындысы бойынша Алтынсары Кәусар мүмкін болған 140 балдың 140-ын жинады. Ал Алтынсары Гауһар 139 балл иеленді.
Егіз түлектердің ата-анасы да білім саласында еңбек етеді. Әкесі Әмзе Қанат Алтынсарыұлы Шиелі ауданы бойынша білім бөліміне қарасты №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінің директоры, құқық пәнінің мұғалімі. Анасы Индира Арызбайқызы Тоқсанбаева “Айналайын” бөбекжай-бақшасында әдіскер болып қызмет атқарады.
Шиелі аудандық білім бөлімі егіз түлектерге алдағы білім жолында сәттілік тіледі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!