Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан үшін дипломның түсі маңызды ма?

13.07.2023, 12:05 190

HALYQLINE.KZ

Бір салада қызмет ету үшін дипломның керегі түсінікті. Сондықтан мектепті аяқтай сала ата-аналар балаларын студент қылуға асығады. Дей тұрғанымен, жетістікке жету үшін қатырма қағаздың қажеті жоқ. Бұны тірі тұлғалар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мәселен, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобс, Генри Форд, Коко Шанель, Джим Керри, Уолт Дисней сынды әлем мойындайтын жандардың ешқайсысында диплом жоқ. Бірақ олардың үш-төрт дипломы бар адамдардан бәсі биік. Яки табысы мен жетістігі жоғары. Десек те, қазақтың ұлы немесе қызы мектептен кейін оқуға түсе алмаса, ата-анасына қара күйе жаққандай сезімде болады. Тума-туыстың өсегіне қалудан қорқып әуре болатыны анық. Солай болашақ ұрпақ өзінің дамуын емес, өзгенің «аузында жүрмесем» деп жұмысы жоқ болса да бір мамандыққа басын тығып алады. Алайда не оқып, жалпы не істеп жүргенінен хабарсыз болады. Осылайша, Z  буынның ұрпағы стереотиптердің құрбанына айналады.

Хош. Көптің қалауын өзінің таңдауынан жоғары қойған елдің болашақтары университетке оқуға түседі. Теориялық білімді жеткілікті мөлшерде қаламаса да алады. Алайда практикалық білім жеткіліксіз болатыны ақиқат. Тіпті өндірістік немесе кәсіптік практикаға 4 жыл бойы барса да, біраз нәрсені үйренуі неғайбыл. Іс-тәжірибеден қашып, нәпақасын тауып жүретіндері бар. Сол себепті университетте практикалық білім мықты болу үшін уақытша жұмысқа орналастыру қажет. Журналистика мамандығының студенттері жергілікті мерзімді басылымдарда, жеке сайттарда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Дәл осындай мүмкіндік басқа мамандықтарда бар ма? Әрине, дәрігер мамандығында оқып жүріп, жұмыс істеу ақылға сыйымсыз. Адамзатты дертінен айықтыру үшін көпжылдық білім мен ізденіс қажет. Дегенмен, ақпараттық технологиялар, мұғалім, т.т. мамандықтарға практикалық білімнің кеңінен болуына мүмкіндік жасалғаны жөн. Мысалы, педагогикалық мамандықта білім алып жатқан студенттерге оқушыларды ҰБТ, IELTS, TOEFL, SAT емтихандарына дайындайтын орталық ашуларына мұрындық болған дұрыс. Бірақ мұндай мүмкіндікті министрлік жасамаса да білімге құштар жастар бірігіп, жұмыс істеп жатқандары бар. Аймағымызда да жетерлік. Яки ізденген адамға мүмкіндік әрдайым болады.

Бірді айтып, біргекетіп жатырмыз ғой. Себебі білім саласында олқылық көп. Сондықтан өзгерістер де жиі көрініс тауып тұрады. Жаздың аптап ыстығында бітіруші түлектер жас маман атанып, дипломдарын қолдарына алады. Бірі «елдің құрбаны» болып оқуға түссін, бірі жан қалауымен оқуын аяқтасын, салтанатты түрде университет қабырғасында диплом алатыны хақ. Жасыратыны жоқ, диплом үшін оқуға түскендерге салтанатты түрде куәліктері қалай табысталып жатыр?

Әлеуметтік желіде өз оқу орнын сын мен мінге толтырған жастардың қатары көбейді. Әсіресе, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне студенттерінің реніші қара қазандай. Tiktok желісіндегі бірер мысалды келтірсек.

«Бұл ұлттық университет тек қызыл диплом алатындарға көңіл бөлді. Ал, көк диплом алатындар көгалдың бойында алдық. Қатты өкінішті, ұлттық деңгейдегі университеттің студенттерін бөліп-жаруы. Ұйымдастырушылардың ақталған сөзі: «биыл 3000 түлек бар». Меніңше, жоғары деңгейде өткізудің бірден-бір себебі болуы керек сияқты. Өйткені ұлттық университетті 3000 оқушы кезінде таңдады. Қазір олар жас маман атанып түлеп ұшуда. Салтанатты іс-шараның масштабын кеңейтіп, қызықты қылып өткізуге болады. Ренжулі студентер жай ғана отырды, тіпті шапалақтап қолдау көрсетпеді. Әрине, диплом алып, мақтаныш сезімді сезіне алмады».

«ҚазҰУ сұмдық! Лэд экран жұмыс істемейді! Қызыл, көк деп бөлгені былай тұрғанда, тіпті көктердің қолдарына дұрыс табыстай алмады. Пәннен сабақ беретін апай студенттердің қолына таратып берді. Ең дайындығы жоқ диплом табыстау кеші».

Тіпті aitoqueen1 никнеймімен 150,8 мың оқырманы бар тикток блогері оқу орнына қатысты пікірін білдірді.

– ҚазҰУ білім жағынан жаман университет емес. Университеттің жағдайы мен жатақаханасына тоқталып өтейін. Сіздер оқуға түсер кезде интернеттен университеттің бас оқу ғимаратының түрін көріп, алданып қалмаңдар. Бүкіл Алматы бойынша қаншама корпусы бар. Барлық корпусы әдемі емес. «Әдемі емес» деп айтқаным ренжіп қалмасын деп айтқаным. Ал, шындап келгенде «ужас» болып жатыр. Мен оқыған жылда оқу ақысы қолжетімді болды. 4 жыл бойы 465 мың төледім. Қазіргі таңда 1 миллион 200 мыңдайға жуық болып өскен. Бұл ақшаға хореография мамандығы бойынша оқудың керегі жоқ. Өйткені зал жеткіліксіз. Кішкентай кабинетті зал қылып қойған. Сол жақта тығылысып 50 студент билеп жүрдік. Бұған қоса, арнайы биге арналған линолеум болуы керек. Ондай жоқ. Қарапайым, тозығы жетіп, «скотчталған» линолеум. Станок дұрыс орнатылмаған. Стандартқа сай емес. Сондай-ақ билегенде қажет айналардың кей жерлері сынық. Ал, жатақхана жайында айтсам. 2 жыл сонда тұрдым. Душты көріп, таң қалдым. Ол жертөледе орналасқан. 7 кабинасы бар. Есіктері жоқ. Ұл да, қыз да уақытымен сонда түседі. Тек 6-7 адамдық комнаталар ғана бар. Сондықтан университет таңдағанда ойланып, жеті рет өлшеп, бір рет кесеміз, – деп экс-студенті пікірін ашық айтты.

Бұл тек бір оқу орнына қатысты айтылған сын емес екенін «комментарий» батырмасын басу арқылы аңғардық. Барлық жоғары оқу орнының жағдайы студенттердің көңілінен шықпайтын тәрізді. Десе де, студентті білімге аш қылмаса, қалғанына көнетіні сөзсіз. Демек, жастар білімге де шөлдеп тұрған болу керек. Сондықтан теорияға басымдықты бермей, практиканы да қолға алып, дипломсыз жұмыс істеуге баулыған жөн. Ал, қызыл мен көк диплом деп бөлген әрекет ұлттық университеттің жасайтын тірлігі емес. Қазақ қазақты бөлуін қоймаса, кемелденуіміз қиынға соғатыны даусыз.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: