Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Есірткіге жол жоқ!

19.07.2023, 10:37 456

«Нашақорлық, есірткі» – бұл сөздерді жиі еститін болдық. Адамға бірнеше секундтық ләззат сыйлап, қалған өмірінің күл талқанын шығаратын есірткі жайлы не білесіз? Оның зардаптары қандай?

Есірткі – адамзат баласының санасын улап, физикалық тәуелділік шақыратын, психикалық ауытқуға себеп болатын ауру түрі. Тарихи деректерде алғаш рет Египетте өте аз мөлшерін емдік қасиеті үшін пайдаланса, ежелгі Қытай елінде құлдарды басқару үшін қолданған екен.

Әлемдегі есірткінің 60%-ын 16-30 жас аралығындағы азаматтар тұтынады. Байқағандарыңыздай, қазіргі қоғамда есірткіге елітіп, есін жоғалтқан жасөспірімдер саны күрт көбейген. Бұған дәлел – синтетикалық есірткі әсерінен өз-өзіне қол жұмсаған жастар бойынша Қазақстанның 9 орында болуы. Одан бөлек, елімізде жылына 20-40 тонна есірткі заттары тәркіленеді екен. Ендеше тәуелділіктің тұзағына түскен азаматтарды қалай байқауға болады?

  • Ауа-райының суық, ыстығына қарамастан тек ұзын жеңді киім киюі;
  • Қолдары мен білегінде белгісіз ісіктер пайда болуы;
  • Шашы қурап, түрі қуаруы;
  • Терінің түсі сұрғылт тартуы;

Осындай белгілерді байқасаңыз, бірден ескерткеніңіз жөн. Өзгелердің өмірін сақтап, есірткіге қарсы бірге күресейік!

Нашақорлықтың нәтижесі – нашар денсаулық, бұзылған жүйке жүйе, бұлыңғыр болашақ. Есірткі жастарды бедеулікке ұшыратып, белсіз етеді. Балалы болғанның өзінде шақалақтары жарымжан болып өмірге келеді. Ең сорақысы – есірткінің өлімге жетелеуі.

Жақындарыңыз есірткі шырмауына шатылмасын десеңіз, олармен арадағы байланысты күшейтіп, жиі сөйлесіп тұрыңыз. Заңсыз заттар жайлы ойын сұрап, дұрыс-бұрысты көрсетіңіз. Есірткімен күрес – шегірткемен күрес емес, күрмеуі көп күрделі іс. Еңселі ел болу үшін есірткіден ертерек ес жиюымыз керек. Бір сәттік ләззат мәңгілік азапқа айналмаудың жалғыз жолы – есірткіге жоламау.

Аружан Садықбекова

Қызылорда облыстық білім басқармасының

Қызылорда қаласы бойынша қосымша білім беру

оқу әдістемелік орталығы жанындағы “Жас тілші” үйірмесінің оқушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: