Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінгі буынның бейнесі

09.06.2023, 14:40 134

Оқшау ой

Жастар – қоғамымызды алға жетелеп, еліміздің дамуына үлес қосатын ерекше тұлға. Олар үшін жылына бір күн арнайы жастар мерекесі тойланады. Яғни, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі. Осы орайда қазіргі жастардың көзқарасы, оларды не қызықтыратыны секілді тақырыптарды алып, әңгімелесек. 

Иә, жастар – дамушы күш және үлгі бола білетін де солар. Бойларында күш-жігері қайнаған еліміздің іргетасын қалайтын қорғаушылар деп те есептейміз. Яғни, ұлтымыздың өсуі де өшуі де соларға байланысты. Қазіргі жастар бейнесі, олардың көзқарасы аға буын өкілдерінің көкейінде жүргені белгілі. 

Ұлы пәлсапашы Әл-Фараби «Кез-келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тыныс-тіршілігіне қара» деген екен. Жастарымыздың жарты бөлігі өз мақсаттарына жету үшін еңбек етіп, ізденісте болып, білім-ғылым жолдарын игеріп, өз заңдылықтарын қоя алады. Бірақ ашығын айтсақ, кейбір жастарымыз оңай жолдың құрбаны яғни, ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүргісі келетінін байқаймыз. Қазіргі жастар еліктегіш келеді. Шет елдерге шамадан тыс еліктеу, қарапайым салт-дәстүрлерді жаттамау, ана тілімізде сөйлегісі келмеу олардың көзқарастарына айналып бара жатқандай. Арзан ойын-күлкі, әлеуметтік желідегі қажет емес дүниелер қызығушылықтарын арттыруда. Яғни, біздің байырғы заманнан бергі жалғасып жатқан салт-дәстүрлерді дұрыс білмегеннен осындай жағдайға жетіп жатырмыз. Бір ғана мысал келтірсек, қазір жиі естіп жатқан әңгімеміз жастардың жарты бөлігі яғни қазақ қыздарымыз шет елдерге тұрмысқа шығып кетуі немесе шетел қыздарын қалыңдық етіп алуы. Бұл нәрсе модаға айналып бара жатқандай. Алғашқы естіп жүрген уақыттары оғаш болып көрінетін, қазір көбейіп кеткендіктен құлақ үйреніп қалғандай. Дамыған ел қатарында болған соң ондай дүние болмайды деп айта алмайтынымыз белгілі. Бірақ қазақ халқымыздың келешек өмірі қалай болады? Әрі қарай да жалғаса берсе ұлтымыздың саны да, сапасы да азайып кетпеуіне кім кепіл? Байырғы заман емес болса да қазақ халқымыздың өсуіне, еліміздің көркеюіне атсалыссақ болашақта бізден артық ел болмас. Әрине, әркімнің өз қалауы, бірақ, әр ұлттың салты басқа. Арам пиғылдарға еріп, бөтен дін, бөтен елдің жыртысын жырып жүрмей ме екен деген де үлкендердің уайымдарын байқаймыз. Себебі, қазіргі таңда қаншама олқы дүние болып жатыр. Біреудің ала жібін аттау, бір-бірін аямау, басқаша ұғымда өмір сүру секілді оқиғалардың қасында жастардың есімі айтылып жатады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп қазақ атамыз бекер айтпаған. 

Иә, қазір уақыт өткен сайын еліміз дамып, бірнеше жаңалықтар туып жатыр. Заман талабына сай жүрмеу керек демеймін, өйткені, барлығынан қалып, өзімізде дамымай қалуымыз мүмкін. Тек шамадан тыс болмаған жөн деп есептеймін. Әрине, ақыл айтқаным емес, тек мендегі пікір осындай. Кейде әжем «қызым, қыз бала әрқашан инабатты, ибалы, қазақ қызы екенін көрсетіп,  жігіттер де нық сөйлейтін, сегіз қырлы бір сырлы бола білуі қажет» деп ақыл-кеңесін айтып отырады. Үлкендердің қалауы болашағы жарқын, жастары мықты ел болу.

Нұрилаәсем ӘСЕТҚЫЗЫ

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың студенті

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: