Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінгі буын елде тұрақтамай тұр

09.03.2023, 11:40 181

Газетіміздің бұған дейінгі сандарының бірінде «Жастарды ауылда тұрақтандырудың жол қайсы?» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын. Дәл қазір қозғайтын тақырып та осы тектес. Бірақ, бұл жолы жастарды ауылда емес, мемлекетте тұрақтандырудың тетіктері жайында  сөз  қозғап  көрелік.

Қазіргі жастарды бірнеше топқа бөліп қа­растырамыз.  Жалпы,  жастардың жасы 18 бен 29 жасты құрап тұрған уақыттары маргинал жастар мен NEET санатындағылардың саны әжептеуір таңданыс туғызарлық еді. Ал қазір, 35 жасқа дейінгілер де «жастар» санатына қосылғандықтан, олардың саны едәуір өскендей. Өйткені, бес саусақ бірдей емес, «бір бала атадан өте туады, бір бала кете туады» дейтін сөз осындай  кезде айтылатын сыңайлы. Олай деуіміздің төркіні, ғылым-білімге қызығатын жастардың  да үлесі аз еместігін айта өткен жөн. Бүгінгі буынды асыра мақтап жатамыз. «Атадан өтіп туғандардың» жайын жан-жақтан жарнамалап, биікке жеткендердің беделін арттырып қоятынымыз бар. Ол дұрыс, әрине. Білімін жетілдіру үшін шетел асып, қаншама қалаларды көріп, барынша таным-көкжиегін кеңейтіп жүргендердің көбі елге оралғаннан кейін, көп тұрақтамай, қайта сырт мемлекеттерге кетуге асығады. Тіпті, оларды Қазақстанда тұрақтандырып қала алмай жатырмыз. Олардың өз елінде тұрақтамауына не себеп? Бұл сұраққа барынша «халықтың» тілінде жауап іздеп көруге тырыстық.

Әлеужеліде білгілі блогер, қаржыгер Дәулет Мұқаев осы сауалға қатысты пікір білдіргенін көзіміз шалды. Онда ол бүгінгі буынның елде тұрақтамауының басты себебін жемқорлықтың ашық деңгейге өтіп, даму жолында кедергілердің пайда болуынан көреді екен. Иә, расымен, жемқорлықтың «жиегі» бара-бара кеңейіп, арнасы толып жатқанын байқап келеміз. Екі күннің бірінде миллиардтаған қаржының тәркіленіп жатқанын жаңалықтар жарыса жазып келеді. Қоғам бұл дерттен баяғыдан хабардар. Себебі, сыбайластық-жемқорлық оқиғаларының тіркелуі ешқашан тоқтаған емес. Оған дәлел де жетерлік. Осы жайында Серікхан Жүзеевтің өңірлік «Сыр дидары» газетінің маңдайшасына басылып шыққан «Өкінішке қарай, біздің өңірде бір «ауру» бар. Ол – проблемамен емес, сол проблеманы көтерген адаммен күресеміз» деген түйінді сөзі біраз дүниеден хабар береді. Яғни, цензура ашық қалыптасты деп айтуға келмейді. Қоғамның «қотырын» билікке бүкпесіз айтқандардың жағдайы барлығына мәлім. Тіпті, бұқара мұндай дүниелерді ашық қозғауға қорқады. Осыдан кейін, кеудесі еуропалық мәдениетпен байыған, ой-санасында әділдік рухы сарнап тұрған жастар өз елінде қайдан қалады?! Қасқыр кейпіндегілердің жанында жүріп, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетпеу үшін, дұрысы бейбітшілігі мен демократиялық жағдайы қатар жүретін мемлекетте қызмет еткенім артық деген тоқтамға келеді. Мәселен, Марлен есімді азамат АҚШ-тан 3 жылдық білім алып, өз елінде жұмыс істеуге келді дейік. Басында барлығы тамаша, өз кезегімен өтіп жатқан жұмыс уақыт өте келе көреалмаушылықтың кесірінен алға баспай, түрлі қастандықтар, жемқорлық оқиғаларының болуы, бәсекелестіктен жеңілуі, бәрі-бәрі оның ойында өз еліне деген жеккөрініштік сезімін тудырып, ынтасын өшіреді. Әрине, барлық жағдайды осылай деп дөп басып айта салуға да болмайды, бірақ, дәл осындай көрініс жоқ емес. Марленнің ендігі мақсаты – шетелдік достары мен білім берген ұстаздары арқылы түрлі жұмыс көзін қарастырып, сонда көшіп кету. Бұны бір ғана жағдай деп қаралық, бірақ дәл осылай сырт мемлекеттен оқып, ғалым атанғандар қайта кетіп жатса, мемлекетті кім дамытып, кім өркендетеді? Қайтпек керек? Ол үшін…

Жастар  арасында  іске  асырылып  жатқан түрлі  бағдарламаларға  қайта өзгерістер енгізу қажет. Сырт  мемлекеттен оқып келгендер үшін  арнайы  жоба жүйесі іске қосылып, түрлі жұмыстар  атқарылу керек. Шет елдің білімін игеріп келген жас ғалымдарға сол еңбегіне татитын жұмыс көзін арттырған дұрыс. Бұл жұмыс бойынша, жалақының да жайы өз кезегінде шешілуі қажет. Салыстырмалы түрде өзгелерден жоғары мөлшерде табыс табатын адамның ендігі мақсаты сол саланың шыңына жету ғана емес пе?! Ал, шетелдік тәжірибені өз мемлекетінде іске асырамын деушілер үшін үкіметтен түрлі секциялар бойынша гранттар ұйымдастырылып, қолдау көрсетілу қажет секілді. Үй-жайдың шаруасы айтпаса да өз ыңғайына қарай шешілуі тиіс. Дәл осындай жағдай жасалатын болса, сырт елдің білімін өз елімізге алып келетіндердің де қатары артып, инновациялық дамудың даңғыл жолына түсеміз. Еліміздегі ірі өндіріс орындары өзге мемлекетке тиесілі. Көршілес алып елдердің біздің жерге өз зауыттарын салудағы басты мақсаты – қолайлы жер мен өз-өздеріне деген жарнама. Дәл осындай білімді сырттан меңгеріп келгендерге де сондай мүмкіндіктеріне қолдау білдірсе, алпауыт елдердің қатарында көп ұзамай тұрар ма едік…

Рас-ақ. Дамыған елдердің алғашқы қатарында сап түзеу үшін біліммен қаржыдан басқа не қажет деп ойлайсыз? Әрине, сол екеуі. Ол үшін жоғарыда айтылған дүниелерге расымен тұсау салу керек. Аяқтан шалу мен жемқорлық дәнін салған жерде өрге емес, көрге кіріп кетерміз. Ал біздің ондай мемлекет болғымыз  келмейді. Соңында  «өзімізді өзіміз  сатып  жатқан  жоқпыз  ба?»  деген сауал санаға  тыным бермей тұр. Сол үшін оған бұқара болып  атсалысуымыз  қажет. Мұның  барлығы ағалар  адал, әпкелер әділ,  інілер іскер болса ғана орындалатындай… Формула оңай, ендігі іске көшу ғана қалды.

МҰНАРА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: