Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таулардың биіктігі білінбейді

13.02.2020, 9:59 1094

Әрбір жиде талының түбі сарғай­ған тарихтан сыр шертетін ауылымның қойынында біз білмейтін қан­шама хатқа түспеген құпия сыр жатыр­. Сондай құпияның бірі – ұлағатты ұстазымыз Жәкенов Әуезхан Остайұлының  ғибратты  ғұмыры.

Марғау жатқан қазақ даласына Голоще­кин басшылыққа келген соң, асыра сілтеудің зор болғаны тарихта ұмытылмайтын қасірет. «Асыра сіл­теу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген ұранды желеу еткен шолақ белсен­ділер қарапайым халықтың тігерге тұяғын, ішерге асын қалдырмаған заман болды. Жан сақтаудың қамымен ұлтымыздың басым бөлігі Қытай, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей­ сынды елдер асты. Одан да әрі асып кеткендері де жетерлік. Бұл зұлмат Остай ата отбасына да өзіндік қиыншылығын алып келді. Ел басына­ күн туған осындай қысылтаяң кезде Остай әкеміз мен Бибіарша анамыз­ да ұрпағының қамын ойлап, бастары әбден қатса керек. Бибіарша анамыз байдың қызы болған. Сол себеп­ті де жас отбасының бар малы кәмпескеленіп, ас-сусыз қаңғырып қалады.

27 жастағы Остай сонау Жезқаз­ғаннан арбаға әйелін, үш жастағы және құндақтаулы бір ұлын артып, Сырдың суының балығын ауласақ та өлмеспіз, әрі ауа райы да қолайлы деп белді бекем буып, жолға шығады. Ұлыған қасқырдың даусының өзі жаның­ды түршіктіреді. Елден біраз ұзаған соң, Остай артына қараса, құндақтаулы бала жоқ. Әйелі қалың ұйқыда, бір сәт балаларының болашағы мен амандығы үшін осы жолға шыққан мақсатының күл-талқан болған­ына жаны күйеді. Қайғыруға, ойлауға  уақыт жоқ. Бар ойы бауыр еті баласын ажал тырнағынан құтқару болады. Жалма-жан әйелін оятып, жанталасып сексеуіл жинап беріп, не істеу керектігін түсіндіріп, кері қарай жүгіреді. Өлім мен өмір үшін арпалыс… осындай болса керек-ті. Бір Аллаға сыйынып, өзі жүрген жолға түртінектеп қараумен келеді… жолдың бойында 300 метрдей жерде құндақтаулы ұлы ұйықтап жатыр екен. Тәңіріне шексіз алғысын біл­діріп, айырылдым деген перзентімен қауышып, құшағына қысып ұстаған күйі кері қарай қайта жүгіре жөнеледі… Сол 3 жастағы бала – Әуезхан, құндақтаулы ұл – Мырзахан ағайларым екен. Екі ұлын бір-біріне қайта қауыштырғанда, иманы саламат болғ­ай Остай  әкеміз ұрпағына бауырмал, қамқор  болса деген берекелі ниет  тілеген  шығар.

Остай ақсақалдың тағы бір ерекше айтатын қасиеті жақынының жанын­ жүрегімен түсіне білетіндігі, пейілдің кеңдігі. Өз балаларын кін­дігінен ұрпақ сүйе алмаған бауырларының шаңырағы жоғалмасын деп бауырларына салған. Қазақтың байыр­ғы жол-жоралғысының мықтысы. Мырзаханын Тоқтамыс ағасына, Төлеуханын Бекмұратқа, Абайды Зағипа қарындасына берген. Бұл – екінің қолынан келе бермейтін ерлік, ақсақалдың ақылмандығы. Ананың айрықша махаббаты арқылы берілген бауырмалдық сезім, әкенің көрсеткен ұлы өнегесі балаға берілгендей.

Үйдің үлкені болған соң Әуекеңе төбеден төмен қарауға тура келеді. «Балаусаға жайылған бағландардай балпаң басқан мынау менің інілерім» деп Төлеубай, Мырзахан, Батырхан, Сәдірханды, аппақ Ақкенже қарын­дасын қорғаштап өскен Әуезхан ағамыз бауырларының ақжелең арман­дарының орындалуына, өмірде адаспай орындарын табуларына бағыт­ та бере алды. Барлығының да жоғары білім алуларына жәрдем етті. Әкесі: – Әуезжан-ай! Шаруаға қарайтын бір бала қалдырмадың-ау, – деп кейістік те білдірген екен кезінде. Ол кісі ата әулетінен тараған туыстарының балаларын ғана емес, елдің ұл мен қызын да қамқорлыққа ала біл­ген. Білім алуға ынтық, жаңалық атау­лыға құштар жас көрсе қуанып, мамандық таңдауда қателеспеулеріне ықпал ете білді. Есім­дері елге белгілі ақындар Ү.Тоқмағанбетова, И.Исаев, профессор-ғалымдар  Ә.Тоқтамысов, С.Мұста­фаев, Н.Байқадамов, Қ.Ерім­бетова, А.Әбуова, Р.Махан­бетова, Б.Қазы­бекова, А.Остаева, А.Баймолдаева, т.б. мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлімді тәрбие мектебін қалыптастырды.

Мақтауға тұратын, мақтан тұтатын бауырлары әкенің ғана баласы болмай, адамның баласы бола білді. Ағалары бастаған оң жолдан ауыт­қымай, бір эстафета таяқшасын бір-біріне тапсырғандай өнегелі өмір сүрді. Ағасының алдынан кесе-көл­денең өтпеген, інілік жолдарына көлеңке  түсірмеген аяулы бауырлары Төлеубай мен Мырзахан, Сәдір­хан, Әділхан, Күләйхан, Төреханның, зайыбы Женкеннің өмірден ертерек кетіп, жер бесікте жатқандары оның өзегін өртейтін. Иә, бұрынғының адамдарының ең ұлы қасиеті бауырмалдықтарында болар. Олар қызылды-жасылды дүниеге өлердей қызықпай, қолдағы барларына қанағат тұтты. Түбі опа тапқызбас дәулетке жету үшін өлермен болып алға ұмтыл­ған жоқ. Оларға ең керегі ағайын-туыс­тың амандығы, бауырдың бүтін болғандығы еді. Бір ананың омы­рауын тел еміп, тай құлындай тебіскен  бауырлардың өзімен бірге ұзағырақ жүргені Әуезханның да арманы еді. «Лұқпандай мың жыл өмір сүр­сең-дағы, ақыры өлім кімді тербетпеген»,-деп Сырдың сүлейі Кете Жүсіп бабамыз тектен-текке жырламаған. Өлім кім-кімді де тербетер, тек мез­гілсіз келмегені жақсы. Бауыр десе елжі­реп тұратын, бірінен-бірін бөл­мей­тін, қазақтың даласындай әкенің кең пейілі, отбасы, бала тәрбиесіндегі ұлағаты ұрпағына үлгі-өнеге. Ағайдың әкеден алған тәрбиесін ұрпағы жалғастыруда, оған  ел  куә.

Иә, ағайын-тумасының ардақ­тысы, шаңырағының алып бәйтерегі, бауырларының ең қымбаттысы, құда-жекжатының қадірлісі, ұл мен қыздың асқар тауы, қамқоры бола білген Остай атаның оғланы Әуезхан ағайымыздың өмірден өткеніне он жыл, осы әулеттің түтінін түзу түзетіп, қазақ әйеліне тән асыл қасиетімен, ауыл-аймақтың «Женкені» атанған ел анасы Балабиқызы Зейнелғайыптың ана дүниенің тұрғыны болғанына жиырма бес жылдың бедері болыпты.

Балаларының әкесі мен аналары жайлы естеліктерін тыңдай отырып, олардың үндерінен, дауыстарынан ата-аналарына деген сағыныштарын аңғардым. «Әкеміз адам көңілін аулау­дың шебері», – дейді Абылай. «Мерекелерде ешқашан ұмытып кетпей, сыйлық жасауды өзіне мақсат етіп қойғандай болатын. Мүмкін­ді­гінше, жас ерекшелігімізге қарай кітап алып беретін. Алып беріп ғана қоймай, оны оқығандығымызға назар­ аударатын, қадағалайтын. Бұл қасиеті біздерді ұқыптылыққа үйрет­ті. Ұл, қыз демей шөп шабуға, егін егуге, отын-су тасуға, малды жайлауға жүктейтін. Еңбекке баулыды, адал нан табуды үйретті», – деп еске алса, Гүлнар: «Мен ата-анамның бірін-бірі сыйлаудан, құрметтеуден жалықпайтын қасиеттеріне таңғалатынмын. Дастарқан басында бәріміз жасы­мызға қарай отырып, бата қайырмай тұрып кету деген болмайтын. Әкеміз бастамайтын асқа қол сұғу дегенді білмедік. Бұл анамыздың тәрбиесінің жемісі болатын. Нағашыларымызды, қайын-жұртын ерекше құрметтейтін. Бәріміздің аузымыз қолымызға жеткен соң, жолдама алып берейік, демалып қайтыңыздар десек: «Мені қайын-жұртыма жіберсеңдер  болды», – деп Жезқазғанға тартатын. Ең ұзап барған жері де сол әкесі, анасы өмірге келген Жезқазған өлкесі болды­. Мүмкін, бір тылсым күш әкесі­нің, сүйікті анасының кіндік қаны тамғ­ан  жерге  қарай  тартқан  шығар», – дейді.

Әуекеңнің сөзбен өрілер сәнді са­райы,­ тыңдаушысының құрақ құрышын қандырар әдемі әңгіме, әзілдері жетерлік. Бірде жетіп, бірде жетпей жататын мезгіл. Ұзыны болса ұлына кигізген, қызылы болса қызына кигіз­ген ерлі-зайыптылар бір күні сөзге келіп қалады. Женкен апам пальтосының тозғанын, жаңалағысы келетінін, яғни сыртқы киім алып беруі­н сұрайды. Ағай ұзақ ойланып тұрып: «Құдайым-ай! Әйелдерді де әскерге алғанда, қайтарларыңда бір-бір жылы сыртқы киімді болып қайтар  едіңдер», – десе керек. Сонда апамыз: «Әскерден жазда қайтсам, не етер едің?», – депті. Олардың әдемі әзілдері арқылы жоқшылық жайлаған сол кездің көрінісі қылаң береді. Дау-дамайсыз, әдемі әзілдері арқылы өз-өздерін жұбата білген олар шын мәніндегі бақытты жандар еді.

Фәни жалғанда саналы ғұмыр кешіп, адамгершілік қасиетімен, әділдік, мәрттігімен өзгенің пікірімен санасатын ақылмандығымен, ашық қол жомарттығымен жақсы мен жайсаңға жанаса білген абзал жан, ардақ тұтар ҰСТАЗДЫҢ ғибратқа толы ғұмыры әрине, бұл мақаланың ауқы­мына сыймайтыны анық. М.Жүсіп­қожаұлының «Туысқаны аз елдің ерлігі зая болады, Тілеуқоры аз ердің еңбегі зая болады» дегені бар. Әуезхан ағайдың еткен еңбегінің зая болмасына, ұрпағымен, елімен мәңгі бірге жасай беретініне еш күмән жоқ. Балаларының асқар таудай әкесі, аяулы аналарының қашанда алды жарық, жатқан жері мамық болғай.

Айман  АЙТБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы

ҚМУ-дың доценті, филология  ғылымдарының  кандидаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: