Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Иесіз шаңырақ

13.02.2021, 11:00 417 0

HALYQLINE.KZ

(әңгіме)

Әлімнің бұл ауылға әкім болып сайланғанына үш-ақ күн. Сайлауға түсерінде ауылдың жағдайын зерделегенмен, ауылдастарымен кездесіп, емен-жарқын сөйлесу үшін ауылдың хал-ахуалымен, құжаттармен танысып алғанды жөн көріп, хатшысына құжаттарды алдырып қарай бастағаны сол еді, жанындағы ақ телефонның күмбірлеген дауысы естілді.

Телефон тұтқасын көтеріп:

– «Жаңаөркен» ауылының әкімі Әлім Талапов тыңдап тұр, – деді.

– Әлім, саламатсыз ба? Мен аудан әкімдігінен Орынбаймын ғой. Сізге аудан әкімінің алғашқы тапсырмасы. Бірісі күні ауданға облыстың басшысы өзі келіп, ауылдарды аралайды. Облыс басшысы бас сұғатын мекеме, мектепті, аралағанда жүретін жолдағы көзге оғаш көрінетін жерлерді ретке келтіресің. Сырлап, әктеп дегендей… Тіптен болмай жатса, тасалап қоршай саларсың. Алғашқы тапсырма екенін ұмытпа, – деп телефон тұтқасын қойып қойды.

– Аға, жай ма? – деген хатшысына:

– Екі күннен кейін облыс басшысы келіп ауылдарды аралайтын көрінеді. Соған дайындық жасауымыз керек. Түсінесің ғой, көше тазалау, тәртіпке келтіру дегендей, – деді де, есіне бір нәрсе түсіп орнынан тұрып, «жүр», – деді хатшысына.

Сыртқа шығып өзінің жеке көлігін от алдырды да, ауылдың кіреберісіндегі кеше келе жатқанда өзі көрген көріксіздеу көрініске, иесіз үйге беттеді.

Бұлардың көлігі келіп тоқтағанда екі-үш ешкі үрке жөнелді де, қызыл ала сиыр басын марғау бұрып, күйіс қайтарып тұра берді.

Кең аула. Ара-тұра шыққан пішен сүйрігі болмаса, көбісі арамшөп. Төрде бір кездері еңселі болған үйдің ұлым-жұлым қаңқасы ғана тұр. Терезелері үңірейіп, қалқиған қабырғалары мен қалбиған пештің мұржалары тым сүреңсіз көрінеді.

Арамшөп ортасында тең болып түйілген киіз үйдің жабулары мен сынған уықтардың үстінде күнге күйіп қаңсыған қара шаңырақ жатыр.

Мына көрініс Әлімнің көңілін құлазытып жіберді. Көлікке мінген соң да, от алдырмай біраз отырды. Ізіне еріп жүріп осыны көрген хатшысы да үндемеді. Сәлден кейін:

– Бұл кімнің үйі, білесің бе? – деді. Хатшысы:

– Совхоз кезінде директордың үйі болған деп атам айтып отыратын, – деді.

– Атаң бар ма? – деп сұрауын сұраса да, ыңғайсызданып хатшысына қарады.

– Бар, аудан әкімі сізді ауылға таныстырғанда сөз сөйлеп, бата берген қария, – деді.

– Онда қарияға сәлем берейін, – деп көлігін от алдыра бастаған Әлім иығынан бір зіл түскендей жеңілдеп сала берді.

***

– Иә, шырағым, қызметіңді үлкенге сәлем беруден бастауың, ауылдың сүреңсіз жайларына көңіл бөлуің ұнап отыр. Біреулердің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Ол жай ауылдың кәрі-жасына аян болғанмен, ауызға ала бермейтін едік. Қолқа салған екенсің, айтайын.

Сырттан келген бір азамат совхозда директор болды. Сол замандағы талап па, әлде қанында бар ма, қаталдау еді. Қызметін де жақсы бастап еді. Бірақ түбіне өркөкіректігі жетті-ау деп ойлаймын. Өзін қарапайым жұмысшыдан үнемі жоғары санап жүретін. Ауылда жалғызбасты кемпірдің тракторшы жалғыз ұлы болды. Көзі қарақты, зерек, білімді болып өсті. Мектепті озат оқушының бірі болып бітіргенмен қолы қысқалықтан оқуға бара алмады. СПТУ бітіріп, тракторшы болып ауылда анасының жанында қалды. Аудандық газетке мақала жазатыны, өлең шығаратыны бар, келісті азамат еді. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген емес пе, ауылдың көп қыздары жақсы жігітті жақтап жүрді. Соның бірі – директордың қызы. Өзі де ажарлы еді. Оның үстіне үлде мен бүлдеге оранғасын тіптен ажарланып кетті. Аядай ауыл, келін-кепшік, әйелдер түгілі біздің құлағымызға дейін «тракторшы жігіт пен директордың қызының ара жақындығы бар екен, жарасып-ақ жүр» деген сөз жетіп жүрді.

Қыз Алматыда оқуда жүргенмен хаттары үзілмей, келсе екеуінің жұптары жазылмай жүргені директорға ұнамады. Қысқасы, қайдағы бір жетім тракторшыға үлде мен бүлдеге орап отырған қызын бергісі келмеді. Оның үстіне қасқа бала совхоздағы кейбір келеңсіз жағдайларды газетке жазып, директорға аудан басшылары ескерту беріпті деп те естідік. Содан есебін тауып ол байғұстан тракторын тартып алып, қойдың соңына салып, қойшыны куә қылып, жоғалған төлдерді «ұрлады» деп соттатып жіберді.

Сауатты бала ғой, алты жылға сотталса да, ізденіп бір жарым жылда босатылғанымен өкпе ауруына шалдығып келді. Сөйтіп жүргенде ауыл тағы дүрлікті. «Директордың қызы тракторшы жігіттен екіқабат екен» деп. Сөздің қысқасы, байғұс балаға қараспанның қара бұлты қайта үйірілді. Қатыгез әке қызының тракторшы жігітті жақсы көретінін, бас қосқысы келетінін, бар жағдай өз еріктерімен болғанын еңіреп айтса да еміренбеген әке, жалған құжаттар жасап, жазықсыз жанды «қызды зорлады» деп абақтыға қаматты.

Әлі есімде, бағұс ана ауылдағы ақсақалдарға, ауыл советтің председателіне, кәсіподақ комитетінің төрағасына жалынды. «Мені алып барып, кешірім алып беріңдер, қара орманымды, менің өзімді кепілге алса да, баламды енді соттатпасын, соттатса енді көрмейтінімді ішім сезеді»,- деп еңіргенде етегі толды. Сабаздар-ай, біреуі тырп етпеді-ау. Содан мектеп директоры, ол кезде жай күрішшімін, мен жігіттің анасын ертіп, жаңағы сен көрген аулаға бардық. Келісті үйдің кең ауласына алты қанат ақ үйді тігіп, ішін жиһаздап-ақ тастаған екен, төрінде қолтығында құс жастық директор қисайып жатыр. Бізге аларып бір қарады. Шай құйып отырған әйелі:

– Жоғарылатыңыздар, төрлетіңіздер…, – деп орнынан тұра беріп еді, директор:

– Отыр орныңа, шошаңдамай, менің төріме шығатын осылар ма… Сөздеріңді шығындамай-ақ қойыңдар… есік анау, – деді дауысын көтеріп, қолын шолтаңдатып.

Сонда байғұс ана:

– Әй, көзіңді шел қаптайын деген екен… Жалғызым үшін алдыңда тізерлеп кешірім сұрайын деп келіп едім. Алла енді сенің алдыңда тіземді бүктірмесін. Жалғызды бір Аллаға тапсырдым. Бізді лайық көрмеген төріңе адам шықпасын, ордалы жылан жатсын, аулаңды арамшөп бассын. Бала-шағаңнан аулақ, – деп екі алақанымен бетін сипады. Жүзіқара сұрланып, шүңірек көздері от шашып тұр екен. «Қарғысының түрін..!» деп кекесінмен мырс еткен директорға жонымызды беріп сыртқа беттедік.

Трактошы жігіт бір жарым ай абақтыда жатып, «зорлады» деген қағазға қыздың өзі қол қоймағасын сотталмай қалды. Бірақ анасы оны көре алмай, жүрегіне түскен салмақты көтере алмай көз жұмған еді. Ал қызды әкесі Қарақалпақстанға әйелі өлген біреуге зорлап беріп жіберіпті.

Көлденеңнен келген дүние көзге түспей тұра ма, көп ұзамай директорымыз да әңгімелі болып сотталып, сол жақта біреулердің қолынан қаза тапты деп естідік. Жанашыр жан болмады ма, сүйегі сол жақта қалды. Бұл Алланың құдіретін қара. Көп ұзамай тракторшы жігіт пен директордың әйелі бір күнде қайтыс болды. Директордың әйелін жерлеуге жақын туыстарынан басқа адам бармады. Тіпті армияға барып, Ресейде қалып қойған баласы да, Қарақалпақстандағы қызы да келмеді. Ал тракторшы жігітті бүкіл ауыл болып шығарып салды. Кластастары мен ауыл жастары тік тұрып қызмет жасады.

Өткен жылы тракторшы жігіттің кластастары жиырма бес жылдан кейін бас қосты. Жігіт пен анасының бейіттеріне барып құран бағыштады. Араларында қасында тракторшы жігіттен айнымайтын бозбаласымен директордың қызы да жүрді.

Ал, сен көрген үйді алуға келгендер үйдің ішінде, киіз үйдің теңінде жыландар толып жүргенін көріп жоламай кетті. Қарғыстан болды ма, көлге жақын, адам көп бармайтын үй болғасын солай болды ма, ол Аллаға ғана аян. Кейбіреулер директордың әйелін де жылан шағып өлтірді, адамға зияны жоқ адам еді, жұбайының кесірі тиді-ау деп жүр. Бірақ, жанына жайылған малды жылан шақты дегенді естігенім жоқ, – деп қария сөзін аяқтады.

Қариямен қоштасып, «ашынған ананың қарғысы текке кетпейді» деген осы екен-ау» деп ойлаған Әлім, «ол жерді үлкен басшы көрмейтіндей етіп қоршасам ба екен, әлде көрген жандарға ой салар орын болып тұра берсе қайтеді екен?» деп келе жатты.

Құдайберген  Есекей,

Қазалы  ауданы

Әйтеке  би  кенті

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: