Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы провизорлық стационар жабылды

18.08.2020, 16:50 584

HALYQLINE.KZ Бүгін Қазалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміндегі соңғы науқас емделіп шығып, провизорлық стационар жабылды.

Ауданымыздағы 100 орынға арналған бұл орталық осыдан 5 ай бұрын ашылды. Індет өршіген кезде ақ халатты абзал жандар күні-түні көз ілмей еңбек етіп, науқастардың өміріне араша болды.

– Соңғы уақыттың ішінде стационарға коронавирус, пневмония дертімен науқастар түскен жоқ. Бүгін мұндағы соңғы науқастарды шығарып, провизорлық стационарды жаптық. Енді бұл жерлерге дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, жұқпалы аурулар бөлімі халыққа қалыпты жағдайда қызмет көрсететін болады, – дейді Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева.

Дәрігерлер провизорлық стационарда ем алып, үйіне асыққан соңғы науқасты құрмет көрсетіп шығарып салды. Емделіп шыққан азаматтар алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге алғысын білдіріп, қолдау шараларын танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

Бүгінде ауданымыздағы эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Бұл, әрине, аурудың беті қайтты деген сөз емес. Бізге әлі де болса қауіпсіздік шараларын сақтап, медициналық маска тағуды ұмытпауымыз қажет. Өз кезегінде медицина қызметкерлері де гигиеналық шараларды сақтауға, жұқпалы ауру белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге көрінуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін аудандағы Қазалы теміржол ауруханасындағы провизорлық стационар да жабылып, қалыпты жағдайда жұмыс істеуді бастап кетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: