Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пандемия кезіндегі пайдакүнемдік

08.08.2020, 11:00 346 0

HALYQLINE.KZ Қазіргі уақытта адамдардың азаматтығы мен адамгершілік қасиеттері және пендешілік пен пейілдің тарылу жағдайлары басымыздан өтуде. Бар нәрсе ел басына сын түскен кезде ғана сыр береді екен ғой. Себебі, пандемия атты мылтықсыз майдан басталғалы бері небір сұмдыққа куә болып, жағамызды ұстаудан шаршамай келеміз. Тіпті, кейде өмірден түңіліп те кетесің. Содан барып, амалдың жоқтығынан:«Мына түрімізбен қашан ел боламыз?» деген сауалдың шырмауына орала бересің. Шынымен де солай. Ең сорақысы – пандемия кезінде халықтың жағдайы мен елдің бірлігін ойлағаннан гөрі жеке бастың пайдасын құнттаған қара пейілді пенделердің әрекеті жаныңа батады.

Оның ең біріншісі – дәрі-дәрмектің тапшылығы. Дәріханаларға дәрі-дәрмек түсті деген сөздің сексен пайызы өтірік десек, қателеспейміз. Себебі, өз басым керекті дәрімді іздеп оннан артық дәріханаларды араладым. Жоқ. Алайда сол дәріханалардың маңайын торып жүрген алыпсатарлар жаныңа келіп: «Қандай дәрі іздеп жүрсіз?» дейді. Сол кезде тиісті дәрілеріңді тізбектеп айта бастасаң, әлгі алыпсатарда іздегеніңнің бәрі табыла кетеді. Сол кезде отыз мың теңгенің дәрісін жүз мың теңгеге алсаң, қуанасың. Себебі, жан керек. Бұл – қаладағы жағдай. Ал ауылда бұдан да сорақы. Қарапайым парацетамол мен аспиринге зар болып отырғандар қаншама?

Мысалы, жуырда саумалдың кезегін күтіп отырған кезде сол жерде отырған бір жігіт өз ауылында бір көшеден бір күнде алты мәйіт жерленгенін айтқанда жағамызды ұстадық. Сондықтан да пандемия және карантин кезінде қолданылатын шаралар төңірегінде арнайы заң шығарылмай, қоғам да, адам да түзелмейді. Мысалы, әлеуметтік желілерде дәрі-дәрмекті үстеме бағамен сатқан жүзден аса медицина қызметкерлері туралы айтылып жатыр. Соларды неге бірден жұмыстан шығарып, суреттерімен әлеуметтік желілерге бермеске? Ондай медицина қызметкерлерін арнайы заң қабылдап, дәрігерлік құқынан айыру керек.

Пандемия етек алғалы бері саумал мен қымызға және шұбатқа деген сұраныс арта түсті. Таудың басына барып тұрып, жарты литр саумал аузыңа тисе қуанасың. Кезек дегенің сұмдық. Ал енді қымыздың әңгімесі бір басқа. Себебі, таза қымыз табудың проблемасы жетерлік. Себебі, көп жерлердегі қымыздың сапасын айтуға ауыз бармайды. Жартылай су араласқан. Шұбат болса жартылай айран қосылған. Ел басына сын туған кезде осындай пендешілікке бару дұрыс емес, әрине. Бұндай әрекет елдің денсаулығын құртпаса, ем бере қоймайтыны ақиқат.

Қорыта айтқанда, біздер пандемия кезіндегі пайдакүнемдік пен пендешілік психологиядан арылмай, бұл індетті жеңуіміз оңайға соқпайды. Тағы да бір ең сорақы тірлік – мәйітханадағы кезек. Мәйітханадан мәйітті тездетіп алу үшін де ақша тықпалап жүрген қазағыңды көргенде төбе шашың тік тұрады. Сонда қара жамылған біреудің қайғысының есебінен мәйіттің сыртынан пайда көруге тырысатындарды қалай ғана адам деп айтуға аузың барады? Бұдан өткен сұмдық бола ма? Пейіл тарылды десек те, мұншалықты тарылудың арты жақсылыққа апармайтыны ақиқат. Осы орайда, «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деп қалай дәл айтылған.

Бекен НҰРАХМЕТ,

Қазақ үні

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: