Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Індет қайта өрши ме?

28.06.2022, 12:20 238

Еліміз бойынша коронавирус инфекциясынан күні бүгінге дейін 67 жағдай тіркелген. Індеттің біршамасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Ақмола мен Қарағанды облыстарынан шыққан. Ал біздің аймақ бойынша маусым айына дейін 5 жағдай ғана тіркелген.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтты. Онда өңірдегі эпидеомологиялық ахуал барысын қозғап, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет берді.

Соңғы уақытта коронавирус індетін жұқтырушылар саны көбейіп келеді. Біздің аймақта эпидемиологиялық жағдай бір қалыпты. Дәлірек айтсақ, сәуір айында 3 жағдай анықталса, мамырда 2 жағдай тіркелді. Дегенмен сақтық шараларына бейқам қарауға болмайды. Себебі бұл індет жаз мезгілінде қайта белең алатыны байқалып отыр. Сол үшін қайта егу шараларын белсенді түрде жүргізуіміз керек. Жалпы облыс тұрғындарының 95 пайызы коронавирусқа қарсы толық вакцина қабылдаған. Қазіргі таңда 16 797 адам қайта ревакцинациядан өтті, – деді Әлия Мүтәліпқызы.

Сонымен қатар, коронавирус індетінің жаз айларында өршіп кету қаупі басым. Айта кететін болсақ, 2020 жылдың шілде айында вирустың 1773 жағдайы тіркелсе, 2021 жылдың жаз мезгілінде 5333 ахуалмен күрес жүргізілген. Сондықтан вирустың күшеюінің алдын алу мақсатында мониторинг жұмыстары тыңғылықты атқарылуы керек.   

– Облыс бойынша вакцинаны қайта егу шаралары жүргізіліп жатыр. Өйткені, вирустың қайта үдеюіне тоқтам қойылу керек. Сол себептен, облыс тұрғындарын толықтай егу шараларын алуға шақырамын. Одан кейін гигиеналық талаптарды барынша ұстанып жүріңіздер. Қазіргі таңда, облысымызда тазалықтың жоқтығынан жедел ішек ауруы белең алып отыр. Әсіресе, балалар арасында жедел ішек ауруы күшейіп бара жатыр. Сондықтан барлығымызға мейлінше, балалардың тазалығын сақтағанымыз дұрыс, – дейді  Әлия Әбдіқайымова.

Сондай-ақ, қазір саяхатқа шығу науқаны басталғандықтан медициналық тұрғыда сақтық шараларын ұстанып жүргеніміз абзалырақ. Ол өзіміздің денсаулығымызға пайдалы. Қажетті кеңес ретінде, сапарға шыққанда өзіңізге керек-жарақтармен қоса, арнайы медициналық бетперде мен лас бактерияларды жоятын теріге арналған антисептик құралын, сонымен қатар, дәрі-дәрмектерді бірге алып жүргеніңіз жөн болады. Және өзге адамдармен ара қатынасыңыз тым жақын болмауын қадағалаңыз. Оған қоса, адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармауға тырысқаныңыз жақсы.      

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: