Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланың дұрыс дамуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс

18.01.2024, 11:55 246

Фото: el.kz

«Баланы құрсақта жатқанда-ақ тәрбиелеу керек» деген қағида бар. Әрине, оған ешкім күмән келтіре алмайды. Ал, ол тәрбиеге не жатады? Ана үшін құрсақтағы бала күтімі – өте құнды, ең маңызды фактор. Иә, солай және солай болуы да керек. Жалпы, құрсақтағы баланың дұрыс дамуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Уақытылы дәрігерлердің бақылауында болу, көтеріңкі көңіл күйде жүру, дұрыс тамақтану, күнделікті қозғалыста жүру, жайлы орта қалыптастыру, бәрі-бәрі балаға тікелей әсер етеді.

Сәбидің құрсақтағы өмірі мен барлық жүктілік кезеңі анасының және дәрігердің жіті назарында болады. Ең маңыздысы – баланың денсаулығынан кінәрат табылмай, өмірге аман-есен келуі. Бұл процестің оңай болмасы да анық. Өйткені, әр әйелдің ағзасы әртүрлі. Сонымен қатар, олардың өмір сүру жағдайы да, аяғы ауыр келіншекке жасалатын күтім де өзгеше. Сондықтан, акушерлер сан түрлі тағдыр иелерінің өмірін сақтап қалу жолында күш-қайратын жұмсап, кәсіби шеберлігін іске қосады. Акушерлік – қызығы мен шыжығы қатар жүретін күрделі мамандық. Әрбір қыз-келіншектің арманы ана бақытын иелену десек қателеспейміз. Сондықтан, акушер аяғы ауыр әйелдің өмірдегі ең бақытты кезеңіне куәгер болады. Мамандығымыз сол үшін де өзімізге ерекше ұнайды.

Акушерлік салада сәбидің құрсақішілік даму сатысы әдетте триместрлер деген атауға ие. Бұл – барлық жүктілік кезеңін үш сатыға бөлудің бір түрі. Ең біріншіден, ұрықтың өміршеңдігі, яғни белсенділігі бағаланады, сынақтар мен УДЗ тағайындалады, жүкті келіншектің антропометриялық дерегі қаралады. Болашақ ананың ағзасындағы кез келген физиологиялық, психоэмоционалды өзгеріс, т.б. жіті бақыланады.

Негізі, баланың құрсақішілік дамуы, физиологиялық процесі 3 кезеңнен тұрады. Ғылымда бұлардың бәрі – өте маңызды. Бірі қауіпті, екінші кезең қауіпсіз деуге болмайды. Барлық уақытта күтім керек. Десе де, уақыт өткен сайын, ұрықтың дұрыс жетілгені баладан айырылу каупін айтарлықтай сейілтеді. Сәбидің құрсақтағы дамуында кідіріс байқалуы мүмкін. Ол кезде жүкті келіншекке дәрігер кеңесі ұсынылады. Бала жан-жақты, дұрыс дамуы үшін уақытылы ұйықтау, жақсы демалу және дәрумендерге бай тағамдар жеу де маңызды.

Жалпы, құрсақтағы сәби күтімі – дені сау, өмірге құштар баланың болашағына жасалған қадам. Сондықтан, әрбір болашақ ана бұл кезеңнен өкінішсіз өту үшін барлық кеңеске құлақ түріп, өзіне дұрыс күтім жасаудан қашпауы керек.

Гүлзат ЖҰМАБЕКОВА,

Көпбейінді облыстық ауруханасының

Акушерлік босану бөлімінің жоғары санатты үздік акушері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: