Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қырық күн: маңызы мен мәні қандай?

22.01.2020, 16:17 6705

Қазақ халқы ежелден әр нәрсенің маңызына мән берген. Өзіндік ырым-тыйымдар мен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылары да бар. Бұл ұғымдардың барлығы әр отбасы үшін мәдени, рухани заңдылық секілді қызметтерін әлі күнге атқарып келеді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенмен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рәсімдер жеткілікті. Мәселен, дүние дидарына келген сәбиді қырық күнге дейін тысқары көзден сақтандырады. Кейбіреулер мұның түк те пайдасы жоқ деуі мүмкін, алайда жаңа босанған ана мен жаңа өмірдің есігін енді ғана ашқан бала үшін өте сақтықты қажет ететін кезең – осы қырық күн. Сонымен бұл қырық күннің маңызы мен мәні қандай?

Баланы қырқынан шығару – тіршілік цикліне қатысты атқарылатын рәсімнің бірі. Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезеңді» қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» рәсімін жасайды. Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс – адалдықтың белгісі, күміс салынған су ең таза су болып есептелінеді және оған жын-шайтан жоламайды.

Қырық шелпек пісіріп, келген қауымға таратады. Кейбір өңірлерде оның бірнешеуін бесікке тізеді, оны «кемпір шымшысын» деп ырымдайтын болғандықтан, шымшыма нан деп атайды. Баланы қырқынан шығарған әйелдер білезік, сөлкебайларды бөлісіп алады. Баланы шомылдырып болған соң, «қарын шашын» алып, ақ шүберекке түйіп, тұмарша етіп, баланың оң жақ иығына немесе бесігіне қадап қояды, ал «сүт тырнағын» адам баспайтын жерге немесе «ұрпағы көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көміп тастайды. Осы күні баланың ит көйлегі шешіледі. Ит көйлегіне әр алуан тәтті түйіп, бір иттің мойнына байлап қоя береді. Ауыл балалары сол итті қуып жүріп ұстап алып, тәттіні бөліп жейді. Баланың ит жейдесін киелі санап, ақсақалдар алыс жолға шыққанда дауға барғанда қойындарына тығып алып жүрген. Бала таппаған, үнемі түсік тастаған әйелдер оны басына жастап жатады екен. Байырғы орта түсінігінде берілетін әшекейлер баланың денсаулығы мен өмірінің ақысы болып саналатындықтан баланың анасы немесе әжесі «қырқынан шығару» мерекесіне келген әйелдерді, кіндік шешені ренжітпей, риза қылып, қалауын беріп аттандырған.

Міне, баланы қырқынан шығару рәсімінің жөн-жоралғылары. Бұл рәсімдерді мойындамайтын қазақтар да бар. Бұл түсінік әсіресе қазақылықтан шорқақтау қалаларда басым. Осы секілді жаңа босанған ана мен бала күтімі туралы ырым-тыйымдар да жеткілікті. Ең бірінші кезекте, дұрыс тамақтанбаса, жас босанған ана мен оның сәбиінің денсаулығына әсер етеді. Тағы бір айта кетерлігі, қыз баланы жеңілтек болады деп қырқынан ерте шығармайды. Қыз баланың бір тал шашын кез келген жерге тастамайды, құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады деп жорамалдаған.

Халқымыздың қай тәлімдік байлығын алып қарасақ та оның астарына үңілуге тиіспіз. Өйткені біздің қазақ қараша үйде қоныстанып, жайлаудан қыстауға көшіп, мал бағып ғана отырмаған. Өте данышпан, сөзінің зілі мен батпаны бар дана ұлт ретінде тәрбиеге де, денсаулыққа да пайдалы әрекеттер мен қағиданы қатаң ұстанған. Ұрпақ болашағына алаңдаушылығын да сәбиден дүниеге келгеннен бастап мән беретінін осындай рәсімдерден-ақ аңғаруға болады.

Гүлнар Қаражанова, көпбалалы ана, әже:

 – Өзім көпбалалы анамын. Шүкір немерелерім де бар. Дүниеге ұрпақ әкелу, өсіру, бағу-қағу әрбір ананың басынан өткерген жайт. Ал жаңа босанған анаға күтімнің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Түрлі ырым-тыйымдарға сенетін халық болғандықтан, оның бәрі болмағанмен, кейбірін орындауға, ұстануға тура  келеді. Мәселен, жас босанған анаға салқын су, салқын тамақ ішкізбейді, салқан су ұстатпайды, жылы су ғана қолданады. Арғы тегіміздегі әжелеріміз не үшін аузы-мұрнын тұмшалап, қымтанып жүрген? Бәрі сақтықтан. Оларға салқын тимей керек.

Аяғын жылы ұстатып, әр күні қой сорпасымен «шілде терін» шығаратын болған. Оны сол сәби өсіп азамат болғанда – «менің де қалжама бір қой жеген» деп мақтаныш еткен. Себебі, қалжа жемеген ананың баласы нашар, ынжық болады деген ұғым да бар.

Айгүл Дабылова, №4 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:

 – Жаңа босанған кезде анаға да, балаға да өте жақсы күтім керек. Үй іші жылы, таза болғаны маңызды. Бала ана құрсағынан жарыққа шыққан соң оған барлығы жат, таңсық көрінеді. Сәбидің иммунитеті жаңа ортаға үйренуі уақыт алады. Өзге адамдардан, барлық вирустардан аулақ ұстаған ана үшін де, бала үшін де санитарлық талап және гигиеналық тазалық. Алты айға дейін тек ана сүтімен қоректендіріп, күнделікті шомылдырып, кіндігіне дұрыстап күтім жасау керек.

Алтынай Қазанғапова, «SultanAkhmet Alexey» №2 қалалық емханасының аймақтық мейірбикесі:

 – Бала өмірге келген сәтте өте сезімтал, нәзік болады. Қазақ халқы сондықтан қырық күн өткенше тек тұзды суға шомылдырып, кісі көзінен тасада ұстаған. Өйткені әр адамның бойынан түрлі инфекция тарауы мүмкін. Әлі иммунитеті қалыптасып үлгермеген бала үшін ол өте қауіпті. Сондықтан санитарлық-гигиеналық тұрғыдан баланың және оның анасының күтіміне салғырт қарауға болмайды. Сәбиді қырқынан шығару деген халқымыздың дәстүр-жоралғысы болғанымен, оның астарында үлкен жауапкершілік бар.

Ләйла Садықова, жас ана:

 – Босанған соң ана мен баланың ағзасы бірдей қалыпта болады. Яғни ана да бала секілді нәзік, күтімді қажет етеді. Сәби тек қырқынан шығамын дегенше емес, бала қатаямын дегенше анасы өзіне аса ауыр салмақ салмағаны дұрыс. Өйткені оның барлық ағзасы өзгеріске ұшырап, қайта қалпына келу процесінде болады. Қазіргі жас аналар көбіне «сұлулығым жоғалып кетті» деп босанған соң 3-4 күн өткен соң-ақ салондарға барады. Бұл меніңше дұрыс емес. Әр ана өз-өзін және сәбиін күтсе, дені сау ана мен баладан асқан сұлу, бай адам жоқ деп есептеймін.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: