(Әзіл әңгіме)
Ауылдың күнделікті күйбің тірлігінен жалыққан жұртты бір таңғаларлық жаңалық селт еткізді. «Дала радиосы» атанып кеткен Тыныштық жеңгей ыңғайсыз хабар таратты.
– Ертең, яғни бейсенбі күні, Жер атмосферасына НАСА-ның ескі спутнигі кіреді. Үш тонна темір. Қай аймаққа түсетіні белгісіз, – деді.
Көшеде талдың түбінде отырған Қуат шал мен Сәдуақас шал екеуі бұл жаңалықты жалғастырып әкетті. Қуаттың құлағы шала болса да, Тыныштықтың әр бір сөзін қалт жібермейтін әдеті бар.
– Сәке, «NASA» бірдеңе құлатқалы жатыр! – деді ол көзі жайнап.
– Қайда құлатса да, біздің үйге түспесе болды, – деді Сәдуақас.
– Әлгі аспан денесі қайыры жоқ Қайрақбайдың коттеджіне түссе, қарсы емеспін, – деп қояды.
Бұл айтып тұрғаны құрдасы ғой. Қалжыңдап тұр.
Бір-екі сағаттың ішінде ауыл арасы гу ете қалды. Жастар TikTok-та «ғарыштан құтқарылу жолдары» деген челлендж бастаса, үлкендер «бісміллә» деп төбеге қарап жүретін болды.
Ең қызығы, дүкен сөресінде үш жылдан бері өтпей жатқан, шаң мен тот басқан, шеті майысқан темір шелектер әп-сәтте сатылып кетті. Халық темір шелектерді «ғарыштан қорғану құралы» деп таласа алып жатыр.
– Апыр-ай, кеше ғана 200 теңгеге де алмап еді, бүгін шелектер бес мың теңгеден өтіп кетті, – деп дүкенші Күлшәт апа қуанып тұр. Тыныштықтың жаңалығы саудасын әп-сәтте қыздырды.
Кешке қарай ауылда шелектің «модасы» басталды. Біреу шелекті каска секілді киіп алса, енді бірі оны үйдің шатырына шегелеп қойыпты. Ал, ауыл балалары оны бастарына киіп алып, өздерін «ғарыш сарбазы» сезініп жүр. Ауыл әкімі Талтаңбай Салпаңбаев мыжырайған қара қалпағын темір шелекке ауыстырыпты. Батырға да жан керек деген осы ғой. Бәрі – қара бастың қамы. Төбелеріне бірдеңе түсіп, милары шашылып қалса не болады?
Бәрінен озық шыққаны – Бәкібай. Тұрғындар оны бұрыннан «жындылау» дейтін, бірақ өзі өте ақылды, озық ойлы кісі еді.
Басында шелек, үстінде әскери шинель, беліне қап байлап алыпты. Қолында таяғы бар.
– Мен бәріне дайынмын! – деді ол көшенің қақ ортасына шығып.
– Мына шелек – антикосмос қалқан! Шелекті жай зат деп ойламаңдар! Бұл – менің «шапаным мен сауытым», – дейді, бұрын әскери қызметте қырық жыл жұмыс атқарған зейнеткер.
– Әй, Бәке, ол баяғыда су тасыған тесік шелек қой, – деді бір көршісі күліп.
– Ол кезде су таситын еді. Қазір қауіп-қатерден сақтандырып тұр! «NASA» не түсірсе де, менің басыма түсіре алмайды! Шелек дайын! Мен дайынмын! Ал сендер дайынсыңдар ма? – деді дауыстап.
Ел ішінен ду қол шапалақ естілді. Бір сары әйел: «Шіркін, Бәкең президент болса ғой, ешкімнің төбесі ойылмайтын еді», – деп, ілтипат білдірді.
Сол күні кешке ауыл аспанын бір белгісіз дүние жарып өтті. Шар ете қалған дыбыс естілді де, бәрі жерге отыра кетті. Түнгі аспаннан бірдеңе құлағандай болды. Жүгіріп барған жұрт қараса, қарапайым кепкен сиыр тезегі екен.
– Бұл не енді?! – деді Сәдуақас шал.
– Ғарыштан түсті! – деп Бәкібай сенімді түрде айтты. – Қарапайым көзге тезек, ал менің көзіме ғарыштық қоңыр метеорит!
Аңқау халық аң-таң…Сенбеске амалдары жоқ.
Келесі күні таңертең ауыл әкімдігі ресми хабарлама жасады:
«Бұл – жай ғана техникалық ақау. Аспаннан ештеңе түспейді. «NASA» спутнигі мұхитқа құлаған…».
Халық сабырға келді. Дегенмен, дүкен сөресі шелектен босап тұр. Күлшәт апа болса әлі мәз:
– Құдайдың бұйыртқаны осы болды. Тыныштық апама мың рақмет…
Бұрын темір зауытында инженер болған Серікбай езу тартып:
– Бұл жалпы менің идеям ғой… Күлшәттің шелегі өтпей тұрса, бір «ғарыштық дүрбелең» керек деген едім. Айтқаным келді.
– Сонда мұның бәрі әдейі болды ма?! – деді біреу таңданып.
Серікбай:
– Әрине, халық тас төбеден қауіп төнсе ғана қимылдайды. Қарапайым жарнама өтпейді, ал «аспаннан бірдеңе құлайды» десең, шелектің өзін қасиетті санайды, – деді.
Қысқасы, бұл жолы шелек саудасы қатып жүрді.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!