Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Давай, төбелесейік!

16.06.2022, 10:00 274

Киелі сахнаны кір-сатпақ сахнаға айнал­дыратын әнші-жұлдыздарды көрсем, жыным жар астынан шыға келеді. Біздің қалада Аузынбек Жыбырлатқышұлы концерт беріп жатқан. Әртістер киінетін жаққа өтіп кетіппін. Аузынбек ішімдіктен сылқылдатып, денесін былқылдатып, достарына әзіл айтқан болып, ыңқылдатып  тұр  екен.

– Братан, автол бересің бе? – деп сұрадым мен.

– Жоқ, автобус беремін! – деп кекетті ол.

– Мына параққа автол жазып бересің бе?

– Автол емес, автограф! Кетші әрі, мал десе!

Көңілім  көн  арасына  түсіп  қалды. Сыра ішсем де, дәл осы жұлдыздай жыртиып, теңселіп тұрғаным жоқ. Ол сахнаға ән шыр­қауға, фонограммамен аузын жыбырлатуға шыққанда, артынан мен де ере шықтым. Ол мені  көріп, қулыққа  басты.

– Құрметті көрермендер! Менің шәкіртім Айдос  Асылбаев екеуміздің «Түнгі қорыл» атты  әнімізді  қабыл  алыңыздар!

– Айдосты  танымаймын, – дедім  мен.

– Айдос,  баста!

– Бастасаң, өзің  баста!

– Әннің  басында  қорылдайсың  деймін.

– Өзің  қорылда.

– Кешіріңіздер, – деді ол көрермендерге қарап. – Осындай «прикольмен» бастаймыз.

– Мен Айдос емеспін деймін. Алтын­бекпін.

– Ну что, Алтынбек?

– Төбелесесің бе?

– После концерт.

– Жоқ, төбелес те – шоу! – дегенім сол, оның достары келіп, дырылдатып сүйреп әкетті. Кезінде «дзюдо»-ға қатыс­қаным жақсы болар ма, оларды «ұйықтатып», ауыздарына «соска» тығып, сахнаға  қайта  келдім. Жұлдызсымақ ән шырқап  тұр екен. Арасында қорылдың дыбы­сын  салып  қояды. Осыған  шапалақ  ұрып отырған көрермендердің де көздері соқыр,  бастары  «қотыр»  екен.

– Төбелесесің  бе? – деп  сұрадым  тағы.

Ол  ән  айтып  жатып:

– О, шешең… Кетші әрі! – деп қояды. Әннің қайырмасы сияқты. Бір әнші сахнада көк туымызды масқаралап, былапыт сөздер айтты емес  пе?  Тура  сол сияқты мынау да. Ертең менен  кешірім  сұрап, құтылып  кетпекші  ғой.

Тағы да екі жігіт келіп, мені қолтықтап, сахна­дан дырылдатып сүйреп әкетті. Көрер­мендерге бәрібір сияқты. Дуылдатып, қол шапа­лақтады. Оларды екі жаққа шашып, сахна­ға қайта  шықтым. Әнші әнін аяқтап, иіліп  жатыр  екен.

– Шапалақ, шапалақ! – деп айқайлады. Жұрт  тым-тырыс.

– Е, малдар, шапалақ қайда? – дегені сол, жетіп келіп, тұмсығынан бір ұрып, шалқасы­нан  түсірдім. Ол  шалқалап  жатып: – Шапалақ, шапалақ! – деп қояды. Көрермендер осы жолы керемет шапалақ ұрды. Орындарынан тұрып. Екі жігіт мені емес, құлап жатқан әншіні  дырылдата  сүйреп  бара  жатты.

Мұхтар   ШЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: