Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бетіңіз ревматизм болса…

14.07.2022, 9:00 233

Мен осы таңғаламын, ауырсақ болды дәріханаға жүгіреміз. Қазақ­ша ем-дом жасауға болады ғой. Мен соның бірнешеуін айтып  берейін.

Арқаңыз  суықтағанда

Шүберекке жүз грамм арақ құйып, арқаңызды алты минөт ысқылаңыз. Сонда суық біткен мас болып, арқаңыз алқаш атанып, теріңіз жиырылып, «зәкөске» сұрағандай дуылдап, жаныңыз кіреді.

Тісіңіз  ауырса…

Ең жаман нәрсе – тіс ауруы. Тісіңіз қақсағанда еңіреп жылай беріңіз. Жылаған сайын тісіңіздің ауырғаны қояды. Ауырғанын ұмытып  кетесіз.

Ішіңіз  өтсе…

Ішіңіз өтсе, жүдә ыңғайсыз. Күшене-күшене көзіңіз қызарып, тіліңіз ұзарып кетеді.

Ішіңіз өтсе жүгіре беріңіз, жүгіре беріңіз. Тоқтамаңыз.

Басыңыз  ауырса…

Бас – әңгелек. Бас – қарбыз. Бас ауырса, басыңызға тұз сеуіп, желкеңізге жеті минөт пияз сүйкелеңіз.

Кірпігіңіз  суықтаса…

Кірпік кейде суықтайды. Түбі қышиды. Күн сайын көзіңізді жылы суға батырып, кірпіктеріңізді қимылдатыңыз. Болмаса, кірпігіңіз­ді  рентгенге  түсіріңіз.

Бетіңіз  ревматизм  болса…

Бет – адамның ажары. Бетке бәрі орналасқан. Мұрын, ауыз, көз дегендей… Бет кейде суыққа шыдамайды. Ревматизм болады. Беті қалың, ұялмайтын шенеуніктердің беттері ревматизм бола қоймайды. Дегенмен бетіңізді ыстық үтікке басып, қақсаған жерлеріне массаж жасау керек.

Мойныңызға  жүн  шықса…

Мұндайда қорықпаңыз. Бұл экологиямыздың нашар болуынан деп түсініңіз.

Мойныңызға жүн шықса, қуаныңыз, қыста шарф тағып әуре болмайсыз, мойныңыз жылы болады.

Тіліңіз  қышыса…

Тіл кейде қышиды. Ыстығы көтеріліп, ысиды. Тіліңіз қышыса, оны таза ауаға шығарып, күнге кептіріп алыңыз, әбден кеуіп, қатырлақ болып қалғанда, сірке суына батырыңыз, бұрынғы қалпына келеді.

Айта берейін бе? Менің ем-домым өте көп. Қалағанын пайдаланыңыз. Тегін рецепт беріп отырмын. Шын айтамын!

Мұхтар  ШЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: