Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақын атанғысы келген тілші-ғалым

18.01.2024, 9:40 353

Өңірдегі білімнің қара шаңырағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіндегі қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика БББ-ның профессоры, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Болат Елтайұлы Боранбай асқаралы 60 жасты бағындырды. Кейіпкеріміз – бүгінгі уақыт талабына сай ғылымда және қоғамдық ортада өзіндік айтары бар, тіл жанашыры ретінде жемісті жұмыс істеп жүрген абзал азаматтың бірі.

Дүние дидарын ашқаннан кейін, азамат болып қалыптасу – әркімге парыз. Ғылым, білім жолындағы тынымсыз ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді. Міне, осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, талапты жастан танымал ұстазға айналған, саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған, талай жылғы қажырлы да қайырлы еңбегінің арқасында құрметке бөленіп жүрген Болат Елтайұлы жайлы ағытылар көңіл күй сыры айрық­ша.

Бүгінде «Терең теңіз тартылмайды, терең білім сарқылмайды» деген тәмсілге ден қойған Болат Елтайұлы 1964 жылы қаңтардың 20-сында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қаратау сілемдерінің аяқ жағындағы Қарамұрын деген таудың тұсында, қазір Бестам аталатын ауылда көпбалалы отбасында дүниеге келген. Боранбай ақсақалдың кіндігінен Елтай, Алтынбай, Насыраддин атты үш ұл, Зағипа, Нағипа есімді екі қыз өрген. Есте жоқ, есті заманнан бері қалыптасқан үрдіс бойынша отбасындағы  тұңғыш перзенттің ұрпағын «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деп қабылдап, ата-әжесі өз бауырына басқан. Осындай жазылмаған заңдылыққа сай Болат Елтайұлы да атасы Боранбай мен әжесі Шәрилланың тәрбиесінде болды. Ата-әженің бауырында өскен бала ерке әрі еркін болатындығы анық қой. Осы қасиет Бөкеңнің де бойында әлі күнге де­йін сақталған. Ол үшін алынбайтын қамал, бағынбайтын белес, ойын бүкпелеу деген мүлде жоқ.

Шал мен кемпірдің бауырында мейірімге қанып, жас күнінде талай айтысқа қатысқан, өлең құрайтын өнері бар, түркі халықтарының біртұтас идеясының авторы, Сыр өңірінің ардақты перзенті Мұстафа Шоқайдың қарындасы болып келетін әжесінен талай тұщымды естелікті естіп өскен Болат Елтайұлының сөз киесін терең түсініп, тіл саласының маманы болуы да заңдылық  еді.

Әкесі Елтай сонау қиын-қыстау кезеңде 7-сыныпты бітіргеннен ке­йін кәсіптік-техникалық училищеде білімін жалғастыруға мәжбүр болады. Алғашқы жылдары трактор тізгінін қолына алады, кейіннен зейнет­ке шыққанға дейін көлік жүргізу­шісі болды. Елтай әкей заман­ның қиындығында байланысты кезінде білім ала алмағандықтан өзінің жеті ұлы және бауырларының жоғары білім алуына мұрындық болады. «Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» деген нақылды жоққа шығара алмайтынымыздың тағы бір дәлелі, анасы Айторы – елдегі геология ғылымы мен өндірісін дамытуға сүбелі үлес қосқан белгілі академик Шахмардан Есеновтің  қарындасы.

Болат Елтайұлы 1971-1981 жылдар аралығында №205 қазақ орта мектебінде білім алады. Мектепте алты Алашқа әнін асырған күміс көмей, жезтаңдай, жоғары тенор, мөлдір дауыс иесі, әнші, термеші Әбілаш Әбуов қазақ әдебиеті және музыка пәнінен сабақ береді. Ұстазының Абай өлеңдерін нақышына келтіріп, әнімен айтып беруі оның қазақ тілі мен әдебиеті бағытына бейімделуіне ықпал етіп, мұғалімдік мамандықты таңдауына мұрындық болған. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең жазып, кәдімгідей өзін үлкен ақын сезінген бала Болат асқақ арманын арқалап, 1981 жылы Алатау бөктеріне аттанады. Десе де, бабы болғанымен, бағы жанбай осы жылы жоғары оқу орнының студенті атана алмай, елге қайтады. 1982 жылы кезіндегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетіне қабылданады. Бойында романтика тұнып тұрған бозбала оқу орнына келіп, өлең, өлеңнің техникасы, теориясынан хабардар болғаннан кейін ақындық деңгейінің өзі ойлағандай еместігін түсінеді. Сөз өнерінің сан саласымен таныса бастағанда сыры көп қазақ тіл біліміне деген қызығу­шылығы  оянады.

Шәкірт ұстазға қарап өседі, бой түзейді. Бұл – заңдылық! Жүрек жылылығын, адамгершілік, кіші­пейілділік ұлылығын, білімін шә­кірттерінің бойына дарыта білген Әуелбек Қоңыратбаев, Әли Байжолов, Медеуәлі Бимағамбетов, Мол­даш Достанов, Әнес Жақып, Әбжаппар Әбілақов, Бағдат Кәрібозұлы, Темірхан Медетбаев, т.б. ұстаздарының есімін ұлықтап жүреді. Әсіресе, бүкіл қазаққа есімі мәшһүр ғұлама, түрколог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың аузынан Қорқыт ата аңыздарын естіп өскен бақытты шәкірттің бірі болғандығын мақтан етеді. Ұстаздарының талапшылдығын, өз мамандығына деген адалдығын, әділдігін көріп өскен Болат Елтайұлы «Ұстазыңды пірдей көр, ата-анаң­мен бірдей көр» деген халық даналығын  бойына  сіңіре  білді.

Институтты бітіргеннен ке­йін 1988-1990 жылдар аралығында өзі білім алған №205 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, қызмет істейді. 1991 жылы кафедрамыздың ардагер ұстазы, белгілі ғалым Ж.Сәдуақасұлының арнайы шақыр­туымен Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда гуманитарлық университетіне қызметке келеді. 1994-1997 жылдар аралығында ҚР ҒА Тіл білімі институтының аспирантурасында білім алып, нәтижесінде 1997 жылы филология  ғылымдарының  докторы С.Омарбековтың жетекшілігімен «С.Жиенбаевтың лингвистикалық мұралары»  тақырыбында  канди­даттық диссертациясын сәтті қорғады.

Болат Елтайұлы – 36 жылдық педаго­гикалық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз. Ол – тіл білімінің өзекті мәселелері, қазақ тілінің дыбыс жүйе­сі, графика, орфография, Сыр өңірі ономастикасы салалары бо­йынша 150-ге жуық ғылыми мақала, 2 әдістемелік құрал мен 3 монография, 1 оқу құралының авторы.

Мұсылман әлемінде ғалымдарға, ұстаздарға деген сый-құрмет өте жоғары болғандығын, білгенін басқаларға үйретіп, ғылыммен айна­лысудың беделі тым биік екендігін білмейтін пенде жоқ. Педагогикалық-ғылыми және қоғамдық жұмыс­тар үдерісінде ғалым-ұстаздың ұстанымы біреу-ақ, ол – бүгінгі шәкірттің өз мамандығына адал, сауат­ты, білімді және тәрбиелі болуы. Б.Боранбай – ілім үйретуді ең сауапты, әрі қадірлі іс деп есептейтін  азамат.

Тілші-ғалымның ұлттық руханияттың өзегі – тіл мәселесі, тілдің ұлтты ұйыстырудағы, ұлттың дара болмысын сақтаудағы рөлі жөнінде тұщымды пікірлері республикалық, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүр. Әсіресе қазақ тілінің әліпбиін, емлесін жасау­мен бірге ішкі заңдылықтарын ғылыми дәйектеуде, қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі ұлттық әліпбиге көшіру қарсаңындағы тілдік жағдаятқа сипаттама беруде өзіндік айқын  ұстанымын  білдіре алған белсенді азаматтың бірі. Ол «Мектепте қазақ тілінің грамматикасын оқытуда жүйелілік жоқ. Тілімізде жазу мен айтудың арасында алшақтық көбейіп келеді. Біздің тіл орфографиялық тіл ме, яки Ахмет атамызша айтқанда, «Ит деп жазып, шошқа деп оқитын» тіл ме? Жоқ әлде орфоэпиялық тіл ме? «Көш жүре түзеле­ді» деген халық даналығын әліпби мәселесінде қолданудың еш керегі жоқ!» деп ашынып, латын әрпіне көшу­ді тіліміздің табиғатын қалпына келтіру үшін тиімді пайдаланудың аса қажеттілігіне назар аударады. Сонымен бірге терминжасамдағы транлитерация мәселесіне қатысты термин түзу мен емле мәселесін біріздендірудің бірге жүргізілуінің тиімділігі жөніндегі ғылыми тұжырымдары жас зерттеу­шілердің жиі сілтеме жасайтын, жүгін­етін мәселесі болып отыр. Емле мәселесі, құрмалас сөйлем табиғаты, тіл біліміне қажетті реформаның маңыздылығы  жөніндегі тың  ойлары республика деңгейінде өзінің жоғары  бағасын алды. Студент кезінде профессор Ә.Жақыптың жетекшілігімен ономастика мәселелерінің жетістіктері мен қиындықтарын зерттеген диплом жұмысы бүгінде көлемді ғылыми зерттеуге айналды. Білімді игеру және оны кәдеге жарату бар. Бұл екінің бірінің қолынан келеді деу қиын. Болат Елтайұлының азаматтық болмысы мен ғылым жолындағы ірілігі, шығармашылық даралығы  дегеніміз  міне,  осы!

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенге салып, біз ғалым-ұстаздың ұлт руханиятына сіңірген еңбектерінің ауқымды деген­дерін ғана тізіп шықтық. Бұдан бөлек, Болат Елтайұлының сертке беріктігі, досқа адалдығы, бауырмалдылығы, қате жазылған сөзді көре қоятын байқампаздығы сияқ­ты ерекше қасиеті де бар. Соны­мен бірге орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне сауатты аударма жасайтын қабілетке де ие. Оны жақсы танитындар бір басынан артыла­тын қырсықтығы мен қыңырлығынан да хабардар. Десек те бұл – мінез. Мінезсіз адам жетістікке жете алмайтындығы да анық. Бұл – дегдар болмыстың, азаматтық қалыптың көрінісі  деп  білеміз.

Абзал азаматтың еңбегі де елеусіз емес. Ол – «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалінің», «Үздік түлек» медалі­нің иегері. Сыр өңірінің әлеу­меттік-рухани  дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысы­ның Құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен  де  марапатталған.

Болат Елтайұлы  мен  отанасы  Рахия Әбуова сынды қос ұстаз – екі ұл, бір қыз тәрбиелеп  отырған бере­келі шаңырақ иесі. Отбасында бедел­ді әке, немерелеріне сүйікті ата, шәкірттеріне қадірлі ұстаз, айтары бар ғалым әріптеске осындай қуаныш­ты күні ғұмырыңыз ұзағы­нан, көрер қуанышыңыз молынан болсын  деген  тілек  білдіреміз.

Ағалық ардақты асудың бел орта­сына келіп, ақсақалдық мерейлі кезеңге аяқ басқан шағында ұстазға жылдар бойы жиған ұлттың інжу-маржанын болашақ ұрпаққа жеткізу жолында еңбегіңіз нәтижелі болсын  дегіміз  келеді.

Аягөз  ӘБДІРАЗАҚОВА,

Қорқыт Ата атындағы ҚУ-дың аға оқытушысы, баспа ісінің магистрі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: