Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Еркек емес, ез болдым…»

21.01.2020, 9:00 3125

«Рас, үйленбей тұрып әйелді «ашсам – алақанымда, жұмсам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бастады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрттап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаңдата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де…» деп тағы налыды. Ал, әйелін айтқандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан санын қос қолдап ұрған бейнесін көрсеңіз, қатты аяйсыз. Біз аяғаннан бірдеңе болсайшы. Құдай аясын дейміз де…

Шашы уда-дуда, ұстара тимегендіктен сақалы сапсиып, мұрты аузына түскен. Бірақ, киімі жаңа секілді. Әңгімесіне қарағанда әпкесінің үйін паналайтын болып тұр. Ай десе аузы, күн десе көзі бар арудан айырылып қалғаны жанына қатты батса керек. Өйткені, автобус ішінде мұны қайта-қайта айтты.

Қоғамдық көлік ішінде мұны жақтырмағандар болды. Десе де, үлкен кісілердің дені басын изеу арқылы іштей «өз-өзіңе істеген екенсің ғой» деп жатқанын да сездім. Орта жастағылар қалың ойдың жетегінде. Ал, әншейінде ешкімді де елемей, ештеңеге де мән бермейтін біздің буын бұ жолы смартфонындағы музыканы тоқтатып, құлаққабын жинап, қалтасына салып жатты. Айтқандай, әлгінің қасындағы орын бас тұр. Әпкесін санамағанда, отбасы түгілі, бүкіл қоғам оны қабылдамай тұрғандай…

Журналистік зерттеу мақсатында қасына отыра кеттім. Алғашқы сөз менен болмады.

– Еее, мені де адам санайтындар бар екен ғой.

Менің «қоғам қабылдамай тұр» деген ішкі ойымды ол бүкіл автобустағыларға жайып салды. Қанша жерден сөздің адамы болғаныммен, мен оған қалай жауап берерімді, жұбатарымды не жігерлендіретінімді білмедім.

– Бауырым, мен әуелде еркек едім, кейіннен ез болдым. Әйелге қол көтерген сәттен бастап-ақ мен ер-азамат деген атымнан айырылдым. Картада қолым жүрмей қалды. Былыққа бата бастадым. Әкем шіріген бай еді. Не ішемін, не жеймін, не киемін деген «проблема» менде болған емес. Ал, қазір ішетінімді тиын-тебеннің басын құрастырып сатып аламын, – деді де, аузын бақадай ашып күлді. Әлсін-әлсін бетін қос қолымен кезек-кезек оңды-солды сүртіп қояды.

Күлкісінің ызадан шыққанын мұндағылардың барлығы біліп тұрды. «Болары болды…» дей бергенім сол еді.

– Иә, болары болып, бояуы сіңді. Мен мектепте де, университетте де жақсы оқыдым. Әттең, өмірді артқа жылжыта алсам ғой, кейінге шегере алсам ғой…

Осы уақытта кондуктордың зілді даусы шықты. «Ей, жылап-сықтай бермеш(і)! Әйтпесе қазір түсіріп тастаймын. Онсызда мазамызды әбден алып біттің!».

Мен білсем, ішкілікке салынғандар тым сыпайы болып келеді. Мүмкін, шарасыздықтан шығар. «Менің ақшам бар төлейтін. Ана кісіге беріп жіберші. Мені төлемей түсіп кетеді деп тұр-ау» деді де, қалтасынан мыж-мыжы шыққан 500 теңгелікті маған ұстата салды. Қол жалғап жіберуін өтініп, ақшаны кондукторға бағыттаған едім. Ол кері қайтарды…

Мұнан соң мен онымен сөйлеспедім. Түсетін аялдамасына келгенде бәрінен кешірім сұрады да, «жігіттер, әйелдеріңді ешқашан ұрмаңдар!», – деді.

Сол-ақ екен, қапталымдағы жігіт маған қарап: «Тірі мысал иә? Өмір шындығы. Тағдыр…», – деді үнсіз қалып. Мен де басымды изей бердім, изей бердім.

Көз алдымыздан киноның лентасындай өткен бейтаныс жігіттің өмірін екеуара талқылап жатқандар көп. Тағы десең, осыған ұқсас тағдырдың талайы ми қатпарымызда жатыр. Адамның бардың қадірін білмейтіні жаман. Жақсылық та, жамандық та өзімізден екенін ұмытпау керек. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Бүгін баймыз, ертең…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: