Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бригат…»

09.11.2020, 9:45 535

HALYQLINE.KZ

Мөлтек  сыр

Қазалының бақша дақылдарының өнімі алыс-жақын шетелге кеңінен мәлім. Бұл сөзіме 1948 жылы Бельгияның астанасы Брюссельде өткен халықаралық көрмеде Қазалының қара күләбісі алтын медаль иеленгені дәлел болады. Хош делік… Осынау ізгі үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Мезгілінде ел арасында «Химчистка» аталып кеткен сауда орнына жолыңыз түссе, қауын-қарбыздың небір сүлейін табасыз.

Қарбыз, жәмбілше, шыртылдақ, қара күләбі, сарт қауын, торлама… осылай тізіліп кете береді. Көзің сүрініп, сілекейіңді шұбыртады. Шынымды айтсам, жаз бойы төккен терінің өтемі бақша өнімдерін саудалап отырған жүзін жел қағып, күн шалған бағбандарды көргенде кеудемді оларға деген құрмет сезімі билейді. Ұнаған қауын-қарбыздың пұлын саудаласпай, айтқан бағасына алу менің тұрақты дағдыма айналған. Әрі бұл қағиданы отбасымның мүшелерінің де бұлжытпай орындауын ескертіп отырамын. Оның мәнісі де бар…

Сонау бозбала кезімде ауылдағы бақша дақылдарын егумен айналысатын бригадада жұмыс істеген едім. Әйел-еркегі аралас, онға тарта адам еңбек ететін шағын ұжымға білікті маман, әкемнің қыз алыспайтын рулас туыс інісі Жасағанберген Дербісов ағамыз басшылық жасады. Менің анам қайнысын «Бригат» деп атайтын.

Бригат көкеміз – сом тұлғалы, тостағандай көзі тіке қарағанда өңменіңнен өтетіндей сұсты жүзді адам. Темірдей тәртіптің иесі, міндетті жұмысына жан-тәнімен берілген, қолы да, ары да таза ондай жан әй, қайдам, сирек шығар…

Ағамыз темекіні, темекі болғанда да қорабының сыртында «Беломорканал» деген жазуы бар папиросты үздіксіз шегеді. Өз басым темекісінің езуінен түскенін көрген емеспін. Кеседегі шайын бір ұрттайды… темекісін тұтады. Оған қоса, бригат көкем тым боқтампаз. Әрине, ретімен боқтайды. Жарайды, бұл туралы сәлден соң баяндармын.

Сол кезде жасы келіп қалған көкеміз қара жұмысты жапырып жіберетін. «Бригадирмін» деп шіреніп тұру мүлде әдетінде жоқ. Бір жылы Ащыкөлдің қырқасына совхоз бақша екті. Талай адамның «биік төбеге су шықпайды, Жасағанбергеннің әрекеті бос әурешілік» деп сыртынан мысқылдап күлгенін құлағымыз шалды. Бірақ… алған бетінен қайтса, Жәкең Түйешінің баласы бола ма?! Жасағанберген ағамның аталары Түйеші деген бабамыз өте алып, әрі өжет, асқан күш иесі болыпты. Ат көтере алмай, түйеге мініп жүретіндіктен шын есімі ұмытылып, Түйеші атанып кетсе керек. Қазекеңнің жер дауы, жесір дауы біткен бе?! Міне, Түйешінің нағыз еленетін шағы. Қас-қабағы жауатын бұлттай түнеріп, топтың ортасында кішігірім төбедей болып тұрғанда жынды есектің миын жемесе, Түйешінің қасына кім жолаушы еді?! Топтанып жеткен жарақты жасақ атамызды көргенде жағаға соққан толқындай серпіледі екен…

Сонымен… Жасағанберген ағам биік төбенің ұшар басына бақша екті. Өзекке алып «Алтай» тракторының маторын орнатып, суды да шығарды. Шығарғанда да маңайды суға қарқ қылды. Бригат көкем өзіне де, өзгеге де тыным таптырмайды. Демалыс, мереке дегенді мүлде ұмыттық. Осы ретте өзімнің басымнан өткерген төмендегі оқиғаны айтып өтсем.

Кеңес өкіметі тұсында 1 майдың дүрілдеген мереке екені менің замандастарыма жақсы мәлім. Мен үшін орны тіпті ерекше. Олай дейтінім, бұл күні Мака (Мейрамбек) досымның туған күні болатын. Соның құрметіне 62-лер (бізді ауылда осылай атайды) бас құрап, табиғат аясына қыдыруды межелеп қойған едік. Кенет… тыр-тыр еткен трактордың дауысын естідім. Бізді жұмысқа тасып жүрген көлік жақындап қалыпты. Тіркеме толы бақшашылардың ортасында Жасағанберген ағам отыр. Жанталаса жүгіріп, есік-терезесі кірпішпен бітелген, іші тастай қараңғы, кірпіштен салынған ескі үйге қашып кірдім. Бригат байқап қалыпты. Ізімше ол да енді. Мен қалтарыста қабырғаға сіңіп кетердей жабысып, дем алуға жасқанып тұрмын. Бригат дәл менің қасыма келіп, шырпы жағып, жан-жақты шола бастады. Жүрек дүрс-дүрс… Маңдайымнан сорғалаған тер өн-бойымды жуып кетті…

Жәкеңнің «Шешеңді… осыдан қолыма түссең… желкеңді үзем…» дегенін естігенде жаным мұрнымның ұшына келгендей болды. Қолына түссем… оңдырмайтыны анық. Абыройым бар екен. Бригаттың жарық қылуға жаққан шырпысы менің жаныма таяғанда быж етіп, сөніп қалды. Тағы да әдемілеп шешемнен бір боқтаған Жәкең сыртқа қарай аяңдады. Ертеңіне қорқасоқтап жұмысқа бардым. Ақкөңіл ағам кешегі жайтты ұмытып кетіпті…

Жоғарыдағы әңгімеме қайта оралсам. Төбенің басына су жеткізді-ау… Алайда басқа бір қиындық тап болды. Құмшауыт жерде суы толған арық-жүйектің сағасын байлау зор күшке түсті. Қаншама тырысқанымызбен судың екпіні топырақты шайып кете берді. Сондайда Жәкең бір дана прессті (төрт бұрыштап тайланған шөп) алып, сарқырап жатқан ағын суды кеудесімен көлегейлеп, арықтың ішіне гүмп береді. Суды белуардан кешіп, салманың су жырған жеріне прессті қолымен ұстап тұрып, «тездетіп, бөгеңдер!» деп айқай салады. Біз әбжіл қиимылдап, топырақты лақтыра бастаймыз. Салма бітеледі. Сәлден соң дәл осындай көрініс және қайталанады. Қайран, ағатай! Өзінің міндетіне не деген адалдық десеңші?! Сол жылы бақша өте бітік өсті. Қауын-қарбыздың ірілігі сонша, анау-мынау адамға жалғыз көтеру салмақ түсіретін..

Жәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін, бірнеше жылдан соң қатты сырқаттанып, ауруханаға түсті. Келіншегімді ертіп алып, көңілін сұрап бардым. Бригат менің қолымды сипап, бетіме ұзақ қадала қарады. Қимастық сезім қылаң ұрып, жұтына бердім.

Соңғы жүздесуіміз екен. Бірнеше күннен соң дүниеден озды. Ағамыздың қазасына ауылдың халқы қатты қайғырды. Жерлеу рәсіміне адам көп жиналды. Бұл ғұмырын ауылдың гүлденуіне арнаған арда ұлына деген халқының құрметі болатын. Арада қаншама жыл өтті. Ал ауылдың маңында Жәкең ектірген бақшалардың ізі әлі күнге дейін жатыр…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы,

Жанқожа  батыр  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: