Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Анадырь» операциясы туралы не білеміз?

04.02.2021, 10:30 616

Екінші дүниежүзілік соғыста төрт жылға созылған қанды шайқас пен шығыс Европа елдерін неміс фашизмінен, Азиядағы бірқатар елдерді Жапон миллитаристерінен азат еткен Кеңес әскерінің беделі мен қуаты барынша арта түсті. Кеңес үкіметі соғыстан қираған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтірумен қатар өзінің қарулы күштерін заманауи ғылым мен техниканың даму негізінде қайта дамытуға күш салды. КСРО-ның ықпалымен социалистік жүйеге көшкен елдердің қатары кө­бейіп, жер шарының түкпір-түкпірінде бұрынғы үшінші колония болған елдерде ұлт-азаттық көтерілістері үдеп, өз тәуелсіздігін алу жолында күреске түсіп жатты. Коммунис­тік идея дүниежүзінде басымдыққа ие бола бастады. Капиталистік дүние де қарап қалмады. Соғыста масқара болып жеңілген фашизм АҚШ-тан қолдау тауып, өздерінің кек алу рева­ншизм идеясын көкседі. Бұл идеяға АҚШ және Европаның қуатты мемлекеті бірігіп, КСРО-ға қарсы Солтүстік Атлантика деп аталатын (НАТО) соғыс блогын құрды. Оның бас штабы Белгияның астанасы Брюссельде орналасты. Бұл соғыс блогі қазіргі уақытқа дейін өмір сүріп келеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары өкімет басына келген Гитлер елдегі еврей ұлтына жауша тиді. Бұл ұлттың өкілдері ғылым мен техникалық дамуды игерудегі озық ойлы ғалымдар болатын. Олар амалсыздан жан сауғалап, АҚШ-қа кетуге мәжбүр болды. АҚШ үкіметі оларға жағдай жасап, өздерінің мақсатына пайдаланды.

КСРО мен Германия қан төгіп қырылып, соғысып жатқанында АҚШ-тағы бұл ғалымдар «Атом  ғасыры»  деп  аталып кеткен атом бомбасын  жасап, АҚШ-тың қуаты мен беделін арттыра түсті. Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңестер одағының  жеңісімен аяқталған кезде АҚШ өздерінің күшін көрсету мақсатында соғыстан жеңіліс тапқан жапондардың екі бейбіт қаласына атом бомбасын тастады. Дүние­жүзінде алғаш рет жаппай қырып жоятын атом қаруы мыңдаған бейбіт жапон халқын құрбан етті. Американың өте құпия жаппай қырып жоятын қару шығарумен айналысып жатқанын тиісті орындардан 1942 жылдың басында естіген И.В.Сталин  академиктер  А.Иоффе,  Н.Кур­чатовқа  сол  жылдың соңына дейін атом бом­басын жасауды қолға алуды қатаң тапсыр­ды. 1943 жылы КСРО ғылым академия­сында­ғы №23 зертхана құрылып, оны Н.Курчатов басқарды. Бұл зертханада академиктер Ю.Хари­тон, Г.Флеров, Я.Зельдович, Н.Кикони басқа да ғалымдар жұмыс істеді. Кейіннен бұл зерт­хана КСРО Ғылым Академиясының Атом-Энер­гия институты болып аталды. 1945 жылдың  20 тамызында КСРО Қорғаныс комитетінің шешімімен арнайы комитет құрылып, оны Л.Берия басқарды. Алғашқы кеңестің атом бомбасы 1949 жылдың 29 тамызында таң­ғы сағат 6-дан 20 минут өткенде тапсырманы орындауға дайын болды. Семей қаласының жанындағы атом полигонында 7:00-де атом бомбасы сынақ алаңында жарылды. Жаппай қырып жоятын қарудың өрісі кеңейіп, оның қуаты күшейтіле түсті. КСРО 1953  жылы АҚШ-тан бұрын сутегі атом бомбасын жасап сынап үлгерді. Өзінің әскери қуатын дүниеге танытты. Енді Кеңес Одағы бұл қаруды өздігінен басқарылатын, ядролық, континентаралық аймақтың кез келген нүктесіне атып жеткізетін ракета­ларды пайдалануды жүзеге асыра бастады.

Алғаш рет Кеңестер Одағында Ұлы Отан соғысы кезінде қолданыста болған алысқа атылатын артиллериямен «катюша» құралының негізінде 1958 жылы Ростовтағы Жоғарғы Артил­лерия училищесінің зертханасында раке­таның жаңа жүйесі өмірге келе бастады және жетілдіре түсті. Ғалымдар мен әскерилер­дің ақыл-ойымен ядролық қондырғыларды ракетамен атып жеткізу жүйесі қолданысқа енді. Бұл Кеңестер Одағының қарулы күштерінде стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлері деп аталды. Бұл 1959 жыл болатын. Осы жолдар­дың авторы осы қаһарлы қарудың бірінші сыныптағы маманы, екінші сыныптағы жүргізуші тасымалдаушысы, техникалық күтім жасаушысы, №1 дайындық сабында болуын қамтамасыз етушісі болған жауынгер еді.

Стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің негізін қалаған алғашқы Бас қолбасшы, Кеңес­тер Одағының маршалы Сергей Семенович Бирюзов болған еді. Бұл батыс пен шығыстың қырғиқабақ қақтығыс кезі болатын. Батыс өзінің «қырғиқабақ», «қауырт соғыс» доктринасын жүзеге асыру жағдайында еді. Осы мақсатта АҚШ Кубаға қарсы соғыс әрекеттерін жасап, «Кариб дағдарысы» туып жатқан болатын. «Бостандық аралына» қиындық туған кезде достық көмек қолын созған Кеңестер Одағы Кубаға әскери, тұрмыстық, моральдық көмек көрсеткені тарихтан белгілі. Әлем АҚШ бастаған агрессиялық үшінші дүниежүзілік соғыстың басталып кетудің алдында тұрды. Осы сыналар сәтте Кеңес Одағының айбынды күші стратегиялық мақсаттағы ядролық ракеталары АҚШ-ты тәубесіне келтірген болатын. Осы халықаралық шиеленіс миссиясын оның Кубаға жеткізілген қаруларды және гуманитарлық жабдықтарды «қолдан май тартқандай» жеткізген және басшылық жасаған маршал С.С.Бирюзов болатын. 1962 жылы «Кариб дағдарысы» кезінде стратегиялық мақсаттағы ракета  әскерінің  Бас қолбасшысы маршал С.С.Бирюзовқа Кубаға шиеленіскен халықаралық жағдайда теңіздер мен мұхиттардан асып, барынша құпиялық пен сақтықты сақтап, Кеңес үкіметі КСРО Қорғаныс министрлігі, оның бас штабы стратегиялық мақсаттағы раке­та әскерінің күшімен «Анадырь» опера­циясын жүзеге асыруды міндеттеді.

1962 жылы 28 мамырда Фидель Костромен келіссөз жүргізу мақсатында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президум мүшесі Ш.Р.Рашидов, СМР әскерінің қолбасшысы С.С.Бирюзов, бас штабтан П.В.Агеев басқа да әскери маман­дар Кубаға барды. Кездесу кезінде Кеңес әскерле­рінің орналасатын аудандары, жеткізілген әскери, азаматтық жүктерді түсіру, оның қауіп­сіздігін сақтау, теңіз порттары мен ракета­лардың ұшу алаңдарын нақтылау мәселе­лерін қараған. 1962 жылдың 10 маусымында Ш.Р.Рашидов, С.С.Бирюзов КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президумында Фидель Костромен жүргізілген келіссөздің қорытындысын баян­даған. 1962 жылдың 23 маусымында Кеңес үкіметі Кубаға жеткізілетін стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлерін жөнелтудің, қайта жасақтаудың 40 сағаттық жоспарын бекітіп, оны жүзеге асыруды С.С.Бирюзовқа жүктеген.

Маршал үкіметтің тапсырмасын орын­дауға Р-12, Р-14 ракеталармен жабдықталған 29  РД-бір, 50 РД-бір, 43 РД-бір полктерді 51-ші ракета дивизиясына қосып, 3 ракеталық полкті жасақтады. Осы құрамадағы осы жолдардың авторы 50-ші дивизияның №78408 әскери бөлімінде қызмет атқарған еді. Дивизия командирі генерал Дадаян болатын. Кеңес әскерлерінің Куба­ға жетудегі қиындықтары жайлы мен «Куба­да болған Әділбек», «Кеңес жауынгерлерінің Куба­дағы зираттары» деген мақалаларда жазған болатынмын. «Анадырь» операциясын жүзеге асыруда Кубаға 7956 әскери  қызметкерлер Р-12, 42 ракета, оның 36-сы ядролық қондыр­ғылармен жабдықталған, 6-ауы оқу-жаттығу мақсатында болған, 9,5 мың тонна құрылыс материалдары мен жабдықтар, 1000 тонна азық-түлік, қару-жарақ, киім-кешектерді жеткізген. 1962 жылдың 27 қазанында стратегиялық мақсаттағы ракеталар №1 дайындық сабына келтіріліп, Мәскеуден бұйрықты күтумен болған.

«Кариб дағдарысы» кезінде Фидель Костро бастаған Кубадағы азаттық революцияны Кеңес Одағы қолдап, Кубаға (АҚШ-тың іргесіне) Кеңестің ядролық ракеталарының жеткізілуі Америка Құрама Штатының үрейін ұшырды. Сол сәтте А.И.Микоян Кеңес үкіметі атынан Америкаға барып, АҚШ президенті Джон Кеннедимен дипломатиялық тұрғыда келіссөз жүргізіп, бәрі де бейбіт жолмен шешілген еді. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде марқұм болып кеткен Теміртау қаласындағы қазақ азаматы 1963 жылы Куба қақтығысы кезінде қайтыс болған баласының денесін елге әкелуге Мәскеу­ге қорғаныс министрлігіне арызданғаны, ең соңында өзінің жәбір көргені жайлы мақала жариялаған болатын. Көздегеніне жете алмай кеткен әкесінің арманын кенже ұлы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 2007 жылы Қазақстандағы Кубаның елшілігі арқылы туған жерінің топырағын Гаванадағы бауырластар бейітіндегі ағасы жатқан жерге салған. Онда кеңес жауынгерлері жерленгені айтылған. Осы мақаланы оқып Кубадан оралған қарулас дос­тарымды еске алып, осы мақаланы жаздым.

Кезінде ортақ Отанымызды көздің қара­шығындай қорғаймыз, интернационалдық борышымызға адал боламыз деп Отанымыз­ға берген антымызбен қызмет атқардық. Бұл күндері батыр бабаларының ерліктерін жалғастыр­ған қазақ жігіттері антына адал, елін, жерін сүйген жүректі жауынгерлік өнерді жетік меңгерген, ұлтымыздың адал перзенттері болып қызмет атқаруда. Олар ата-бабаларымыз аңсаған егеменді еліміздің туын сенімді қолдарымен берік ұстауда. Біздер аға буын, қарт жауынге­рлер олардың істеріне сенеміз.

Рысбай  КӘРІМОВ,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі,

бұрынғы  стратегиялық  мақсаттағы  ракета  әскерінің  жауынгері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: