Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорғандықтар тың бизнеске бет бұрып келеді

10.08.2023, 11:20 551

Жаңақорған ауданына жасаған баспасөз туры аясында жергілікті кәсіпкерлердің тың бизнесті бастап, жаңашылдыққа құмартқаны бізді ерекше қуантты. Мысалы, «Кәусар» атты жүгері сусыны Кейден ауылындағы кішкентай ғана цехтан шығарылады. Сусынның дәмі тіл үйіреді, ең бастысы денсаулыққа өте пайдалы. Ал Қожакент ауылында жас кәсіпкер үй шатырын жабатын, ауланы қоршайтын қаңылтырларды түрлі формаға келтіріп, сапалы құрылыс материалын шығаруда. Мұндай бизнестің жақын маңда жоқ екенін байқадық, яғни сұраныстың да көп болатыны анық. Сол секілді, Жаңақорғаннан дәретхана қағазы мен кір сабын шығып жатыр. Бір таңғалғанымыз, полистиролбетон өндіретін цех та іске қосылған. Кәсіпкер өнімді әбден зерттегенін, болашақта сұраныстың саны едәуір артатынына өте сенімді. Осы күні жаңақорғандық жиһаздар өзге облыстарға да жеткізіліп жатыр. Шаруалары форвардтық келісімшартпен егін ексе, ауылында құны 85 миллион теңге болатын спорт кешені мен кентте 50 отбасыға арналған тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. «Тау самалы» лагерінде жаз бойы 1000 бала демалып, уақытын қызықты өткізсе, «Прайм парк» жаңақорғандықтардың және кент қонақтарының жайлы демалыс орнына айналып үлгерген.

«КӘУСАР» ЖҮГЕРІ СУСЫНЫ – ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ  БРЕНДІ

Баспасөз туры аясындағы алғашқы сапа­рымыз Кейден ауылындағы «Әбділла» шаруа қожалығынан бастау алды. Жүгеріден жасал­ған таза табиғи өнім өндіруші кәсіпорын қазір ауданның 7 адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауданның шекарасынан шығып, облыс көлеміне танылған, республика деңгейіне шығуды мақсат еткен кәсіпкер 2017 жылы мемлекеттен 3 миллион теңге грант алып, кәсібін дамыту бағытында қарқынды жұмыс істеп  келеді.

Өндірістік қуаты жылына 800 тонна өнімді өндіреді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2018 жылы 1 миллион теңге қаржылай көмек сертификатын, 2019 жылы Қызылорда облысының үздік кәсіпкер номинациясын алды. 2020 жылы жүгері дәнін консервілеу жобасын жасаған.

Әрине, қаншама егін үшін су керек. Осы орайда, судың жайын Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің  басшысы  Талғат  Зейдалиевтен сұрадық.

– Аудан әкімдігінен  және  облыстан  бізге арна­йы  қаржы  бөлініп, 54   шақырым канал таза­ланды. Сондықтан  бізге биылғы су тап­шылығы қатты білініп тұрған жоқ. Сыр­дария өзеніне «Шардара» су қоймасынан 500 куб текше метр су ағып жатыр. «Бізге тиісті кезеңде су азаяды» деген хабарламалар келеді. Бірақ, біз оның да алдын алдық. Қазір кезектестіріп суғару деген тәсіл бар. Соған байланысты бүкіл шаруа­ларды аралап, кезектестіріп суғаруға дайын­дадық. Сонымен қатар, аудан бойынша 37 дана су сорғыш  бар. Сол су сорғыштардың 11 данасын осы қауіпті  аймақтарға орналастырдық, – деді ол.

ЖЕКЕ  КӘСІПКЕРЛЕР  ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА  ҚҰМАР

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие, грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған шағын кәсіпкерлердің жұмысы барысымен де таныс­тық.

Алғашқы кезекте «Sanzhar Mebel» жиһаз өндірі­сіне аялдадық. Кәсіп иесі Санжар Шайын  2019  жылы  жұмысын  бастаған.  Ол  6  адамды  жұмыспен  қамтып  отыр.

– Негізі мамандығым – құрылысшы. Университетті бітіргеннен кейін практикада 3 ай құрылысшы болып жұмыс істедім. Сол кезде мен жеке кәсіпкер болып жұмыс істеу керек екенін түсіндім. 2019 жылы 5 млн теңге несие алдым. Сөйтіп 3-4 бөлмеден  бастап,  қазір 7-8 бөлмеге дейін үлкейттік. Жаңа станок алдық. Қазір өзіммен  қосқанда 7 адам жұмыс істейміз. 3 бригада бар. 3 мастер, 3 көмекші. Тапсырыстың басы Жаңақорғанда болса, шеті Алмат­ыға де­йін. Тапсырыс беретін қалалардың ішінде Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан және Қызылорда бар. Барлығын қамтамасыз етіп отырмыз. Тұтынушыларымыз бізге көбіне инстаграмнан келеді. Оның жарнамасын өзім жүргіземін. Інім  дизайнмен айналысады. Айына шамамен 15 тапсырыс түседі, – дейді  кәсіпкер  Санжар  Шайын.

Онан кейін полистиролбетон блоктарын өндіру цехының жұмысын көзбен көрдік. Кәсіпкер Ляззат Сыздықова 2022 жылы «Микро­бизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ арқылы төмендетілген пайызбен 14 млн теңге несие алған. Бүгінде қуаттылығы айына 35 000 дана полистиролбетон блоктарын өндіре­ді.  4  адамды  жұмыспен  қамтып  отыр.

Әрі қарай ДК «Мейрамбек» дәретхана қағаздарын шығару жұмысымен таныстық. Кәсіп иесі Шолпан Сүлейменова – өзінің қыз­метімен қатар, 2015 жылдан бері отбасылық бизнесті де жандандырып отырған көпбалалы ана. Бүгінгі таңда қияр егіп, өнім алып отырған жылыжайлары, сонымен қатар, саптыаяқтарды, футболкаларды түрлі бейнелермен безендіретін өнері және азық-түлік сататын 2 дүкені тағы бар. 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарла­масы бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грантты иеленді. 2021 жылы дәретхана қағаздарын  шығаратын  аппарат алып, соны іске қосқан.

АУЫЛДА  АЛЫП  НЫСАН  САЛЫНЫП  ЖАТЫР

Сапардың  бағытына Қожакент  ауылындағы  шеберхана қосылды. Жас кәсіпкер Мейір­бек Үсенов «Жанайым» жеке кәсіпкерлігін құрып, үй құрылысына қажетті заттарды өңдеуде. Мысалы, үй шатырын жабуға, сондай-ақ ауланы қоршайтын қаңылтырларды түрлі формаға келтіреді. Сондай-ақ, үй ішінде декоративті жөндеу жұмыстарына қажетті өнімдердің бірсыпарасын да осы цехтан шығарады. Мұнан бөлек, жақында үйдің еденге бетон қабатын құю кезінде пайдаланатын тор көзді  сымтемір  де  шығармақшы.

– Цех 2022 жылдың тамыз айында жұмысын бастады. Нысанды салуға, аппараттарды алып келуге жалпы көлемі 70 млн теңге қаражат кетті. Осы мақсатта 50 млн теңге несие алынды. Аппараттарды Алматыдан алдырдық, ал шикізат Қытайдан келеді. Бұдан шыққан дайын өнімдер қазір Жаңақорған дүкендерінде бар. Біздікі дүкен бағасынан 2000-2500 теңгеге арзан. Біз қазір қоңыр түрін шығарып жатырмыз. Бірақ, болашақта барлық түрін алып келу жоспарда  бар. Қазіргі таңда 6 адамды  жұмыспен қамтып отырмыз. Болашақта 3 аппарат алып келемін деген жоспар бар. Сол кезде тағы 6 адамды жұмыспен қамтитын боламын. Бұндай кәсіп ашу ойы маған жан-жақтан осы жұмыстарды көргеннен кейін келді. Сұраныс жоғары, алдағы уақытта Қызылорда, Түркістан қалаларын қанылтыр мен профнастиль, профильмен қамтимын  деген ой бар, – дейді кәсіпкер.

Қожакент ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында кәсіпкер, меценат, мәслихат депутаты Изатул­ла Үсенов ауыл жастарына арнап құны 85 миллион  теңгені  құрайтын  спорт кешені­нің  құрылысын  салуда.

Спорт кешенінің жалпы көлемі 2000 м2 құрайды. Жастардың  сұранысына  байла­ныс­ты онда кіші футбол залы, тренажер, бильярд және 100  адамға  арналған  асханасы  бар.

ШАРУАЛАРДЫҢ  ЖҰМЫСЫ ШАТҚАЯҚТАМАЙДЫ

Жергілікті шаруалар су тапшылығын сезі­ніп келеді. Сондықтан, кезектесіп суаруды да жолға қойған. Әрі әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруді мықтап қолға алған. Ал форвардтық келісімшартпен егін егу – облыс тарихындағы тың  тәсіл.

Жаңақорған ауданындағы «Жақсылық и К» шаруа қожалығының төрағасы Ерғали Исматул­лаев 20-30 жылдық тәжірибесі бар агроном­дармен  бірлесіп,  жүйелі  жұмыс  істеп  келеді.

Биыл қожалық форвардтық келісімшарт арқылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 10 млн 200 мың теңге жеңілдетілген несие алып, әрекет етіп отыр. Қожалық 3 гектар жерге картоп, 3 гектар сәбіз еккен. Мұнан бөлек, 5 гектарға қарбыз, 1 гектарға қауын және 33 гектарға күріш дақылын орналастырған.

– Әртараптандыру бағытындағы жұмысымыз су тапшылығын тудырмауға, тіпті бағаны тұрақтандыруға да көп көмегін тигізеді. Олай деуге себеп, биыл тұңғыш рет «Байқоңыр» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясына 100 тонна сәбіз, 30 тонна  картоп  өнімін  беру  үшін келісімшартқа отырдық. Сәбізді 110, картопты 120 теңгеге өткіземіз. Ең бастысы, өнімдер қыс мезгіліне сақтауға жарауы керек. Сондықтан, өнімдерді әдейі кеш ектік. Бір суыққа ілінсе, өнімнің сақталуы ұзаққа жарайды. Биыл арнайы жер ашып, дақылдарды тың жерге тастадым, енді өнімін күтеміз, – деді  Ерғали Исматуллаев.

Сонымен қатар, диқан форвардтық келісімшарттың  артықшылығына  да  тоқталып  өтті.

– Ерте көктемде егін еккісі келетін адам көп, бірақ оған қаражат керек. Форвардтық жүйеде алдын ала ақшасын береді, тағы десең күзде өнімді өткізетін жерің бар, еш қорықпайсың. Біздің жұмыс – өнімді барынша сапалы етіп, келісімшарт бойынша уақытылы табыстау, – дейді  ол.

Жалпы, форвардтық жүйемен егін егудің шаруаларға берер пайдасы көп. Мемлекет тарапы­нан қолдау болса, шаруалардың да жұмы­сы  шатқаяқтамайды.

– Су  тапшылығына  байланысты  наурыз  айынан бастап арнайы жұмыс тобымен шаруаларды аралап, олардың суды көп қажет ететін дақылдарды аз орналастыруына, әртараптандыру бағытына бет бұруына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде біз су шықпайтын биік жерлерге, суға қашық жерлерге күріш еккен жоқпыз. Әртараптандыру бағытында бақша дақылдары, көкөніс түрлеріне басымдық беріп келеміз. Биыл форвардтық жүйе­де жаңақорғандық диқандар белсенділік танытты. Форвардтық келісімшарт – диқандарды көктемгі уақытта тұқыммен қамтамасыз ету үшін, басқа да шығындарын жабуға қаржылай көмек беру, – деді Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары  бөлімінің  басшысы  Талғат  Зейдалиев.

Ал, облыс бойынша 5000 тоннаға жуық көкөністі форвардтық жүйемен сатып алуға келісімшарт  жасалған. Десе  де, оның 36%-ы ғана  жергілікті  диқандар  екен.

– Күзгі өнімнен форвардтық шарттар жасасу бойынша 2023 жылғы күзгі егіннен форвардтық сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында 4957 тонна көкөністі сатып алуға келісімшарттар жасадық, оның ішінде картоп – 3080 тонна, сәбіз – 677 тонна, пияз – 800 тонна, қырыққабат – 400 тонна. Келісімшарттың 100%-ы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен жасалды, оның 36%-ы – жергілікті өндірушілер, ал қалған 64%-ы – басқа өңірлердің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, – дейді  Қызылорда  облысы  ауыл  шаруашылығы және жер қатынас­тары  басқармасының  мамандары.

Форвардтық келісімшарт деген ағылшын тілінен аударғанда «болашақтың келісімшарты» деген мағынаны береді екен. Жергілікті диқандардың бір орында тұрып қалмай, болашақ­ты ойлап қарекет қылғаны қуантады.

«ТАУ  САМАЛЫНДА»  ТЫНЫҒАДЫ

«Тау самалы» лагеріндегі тынығушы бала­лардың да қуанышын көзбен көрдік. Жыл соңына  дейін  1000  бала  қамтылады  екен.

– «Тау самалы» лагері – балаларды тынық­тыру мақсатында, осы жылдың маусым айы­ның төртінен бастап демалдыру жұмыстарын бастады.  Енді 28 тамыз күні іс-шараны аяқтайтын болады. Яғни, 10 күндік демалыс бекітілген. Әр ауысымда 150 баладан қабылданады. Жалпы, жыл соңына дейін 1000 бала қамтылады деп отыр­мыз. Негізгі міндетті оқу қорынан, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балал­арын  қамтимыз. Балалар  үшін  негіз­гі 10 күнге  арнайы іс-шара бекітіліп, қызық­тыру мақсатында барлық демалушы баламыз балалық шақтың ең тәтті кезеңін өткізуде. Балаларымыз үшін 5 мезгіл тамақ ұйымдастырылған. Оның 3 мезгілі – ыстық тамақ, 2 мезгілі – жеңіл тамақ. Балалар үшін арнайы монша, қолданып отырған бассейніміз бар. Спорттық және әртүрлі бағыттағы үйірме жұмыс істейді, «Тау самалы тынығы» лагерінің директоры  Бағлан  Мұханов.

Баспасөз туры аясында салынып жатқан 50 үйдің құрылыс жұмыстарымен таныс болдық. Сондай-ақ, Жаңақорған кентінің кешкі көрінісін де тамашаладық. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов «атқарылған жұмыс аз емес, бірақ жоспарлар  да  жетерлік»  деді.

– Ауданда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Алда орындалатын жоспарлар да жетерлік. Соның бірі – 50 жеке тұрғын үй құрылысы. Елді мекендерде жаңа жобалар өте көп. Жаңақорған ауданында кәсіпкерлік саласы жолға қойылған. Аудан бойынша 7 мың кәсіпкер тіркеліп, 96 пайы­зы жұмыс істеп отыр. Кәсіпкерлік дамыған жерде тіршілік болады. Екіншіден, жергілікті жұрттың жұмыссыздық деңгейін азайтуға айтарлықтай септігін тигізеді. Кенттегі Қорасан ата көшесінде «Неке сарайы­ның» құрылысы басталады. Айналмалы жолдар салынып, көлік қатынасы жөнге келуде. Орталықта орналасқан барлық әлеуметтік нысан әсем жарықтармен безендірілді. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан­да 2 мектеп құрылысы жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 млрд 400 млн теңгеге жоба-сметалық құжат тапсырып қойдық. Бүгінде соның 150 млн теңге қаржысына жұмыс істеліп жатыр. Одан да бөлек құрылыс материалдарын шығару жөнінде кәсіпкерлерге тиісті деңгейде қолдау көрсетіліп отыр. Өзімізден шығып жатқан құрылыс материалы болсын, ауыл шаруашылығы өнімдері болсын Жаңақорған ауданы үшін тиімділігі жоғары, – деді  аудан  әкімі.

Осылайша, Жаңақорғанда жақсы жаңалықтың көп екенін байқадық. Жеке кәсіпкер­дердің жаңашылдыққа, тың бизнеске бет бұрып келе жатқаны қуантты. Әсіресе, өнді­рісті  орындардың  көбейгені  жақсы.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: