Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Табыс көзі – түйеқұс

22.02.2023, 10:25 824

Өңір тұрғындары төрт түлікті түгендеп, енді түйеқұс өсіруді кәсіпке айналдырып жатыр. Сырдария ауданының Бесарық ауылында кәдімгі африкалық түйеқұстар жерсіндіріліп, күтімге алынуда. Әкелінгеніне бірнеше ай ғана уақыт болған түйеқұстар Өзбекстан арқылы жеткізіліп, еліміздің климатына сіңіру үшін Шымкент қаласында біраз уақыт болып, карантинде тұрған.

Түйеқұстың аталығының бойы 3 метрге жуықтап, 100-120 келі ет береді екен. Аналығының бойы 1,5 метрге дейін ғана, ал салмағы 90 келіге жуықтайтын көрінеді. Қауырсындарына дейін сатуға болатын бұл түйеқұстар наурыз бен қазан айларының арасында жұмыртқалайды екен. Жұмыртқасының салмағы 2,5 келіден 4 келіге дейін барады. Түйеқұстың бір жұмыртқасы 15 адамды азықтандырып, бір келі еті 7 мың мен 12 мың теңге арасында бағаланады.

 Шаруашылықты жүргізіп отырған «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбек түйеқұс шаруашылығын қалдықсыз өнім ретінде қарастыра отырып, одан үлкен табыс күтетінін айтты. Және алдағы жоспарларымен бөлісті.

 – Осыдан екі ай бұрын 12 түйеқұстың әрқайсысын 400 мың теңгеден сатып алдық. Одан кейін 15-ін алдырдық. Қазіргі таңда, 30 шақты түйеқұс баптап жатырмыз. Негізінде бұлар жерсіндіріп болғаннан кейін екі аналық пен бір аталық болып бөлінеді. Көбі – 5 жаста. Бұл құсты қазір елімізде өсіруді қолға алған шаруашылықтардың ісі оңынан жүріп жатыр. Өйткені, өнімі сұранысқа ие. Еті  пайдалы, әсіресе, қан қысымы және қант диабетімен ауыратындар үшін мың да бір ем. Бір қызығы, күтімді, қамқорлықты қажет ете бермейді. Күніне екі келіден пайдалы дәрумен болатын жем, шөп беріледі. Шаруашылықта екі баптаушы бәріне үлгеріп жүр. Көбінесе құсқа ашық жер пайдалы. Алда бұлардың өсіп-өнуіне барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Негізі 1,5 жасында жұмыртқа туа бастайды. Инкубатор құрылғысы арқылы көбейтуді көздеп отырмыз. Көпшіліктің көзі бұрын-соңды үйренбегендіктен, басында жергілікті халық бұған біртүрлі көзқараспен қарап, кейін көздері де, бойлары да үйренді – дейді ол.

Әзірге түйеқұстардың санын арттырып, өсіруді мақсат еткен шаруашылық құс саны артқаннан кейін өнімдерін сатумен айналыспақ. Иә, түйеқұстың тұяғынан бастап еті мен түгіне дейін пайдаға жарайтын болғандықтан, кейін сыртқы нарыққа да шығару жоспарларында бар. Өңірде мейрамхана саласымен айналысатын кәсіпкерлерден де ұсыныстар түсіп жатқан секілді. Сондықтан шаруашылық түйеқұстардың бабын тауып, көбейтуге асығыс үстінде. Келесі айдан бастап жұмыртқалайтын аналық түйеқұстардың біреуі аптасына екеуден, бір маусымда 50 шақты жұмыртқа беруі мүмкін. Жұмыртқаның нарықтағы бағасы біреуі 3-5 мың теңге аралығында бағаланады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: