Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдарияның тың тынысы

17.10.2024, 9:40 254

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ірі қалалардың ғана емес, аудан, елді мекендердің инфрақұрылымына айтарлықтай көңіл бөлініп, жол құрылысы, газ жүргізу мәселелері тиісті деңгейде шешіліп келеді. Аталған шаруаны іске асыру қарқыны жаман емес. Мұны Сырдария ауданына жасаған баспасөз сапарында байқадық. Аудандағы ағайынның кәсіпте де аяқалысы жаман емес екен. Көзбен көргенді  сөзбен  жазуға  бекіндік.

БӘСІ  БИІК  БЕСАРЫҚ

Аудан орталығында атқарылған жұмыс барысы­мен таныспас бұрын, бағытты Бесарық­қа  бұрдық.

Сырдария ауданының Бесарық ауылы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, өңірдің үлгілі елді мекендерінің біріне айналды. Ауыл шаруашылығы ауыл экономикасының басты тірегі болып, күріш өсіруде алдыңғы қатарда келе жатыр. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен зама­науи инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс  орындары  ашылуда.

Ауылдағы негізгі кәсіпорындардың бірі – «Абай-Дәулет» ЖШС. Бұл серіктестік ауылды қолдауға зор үлес қосып келеді. Мысалы, ауылдың орталық алаңына 65 млн теңге қаржы бөлініп, демалыс аймағы абаттандырылып, жаңа субұрқақ пен мүсіндер орнатылды. Соны­мен қатар, ауыл тұрғындары ауыл шаруа­шылығына бейімделген, күріш егістіктерін баптап, мол өнім алуға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Биыл Сырдария ауданында 83,1 мың гектар жерге күріш егіліп, егін шаруашылы­ғының  тиімділігі  артып  келеді.

Бесарық ауылындағы кәсіпкерліктің және ауыл  шаруашылығының  дамуы – бұл ауылдың экономикалық әлеуетінің артып, болашаққа  деген  үлкен  үмітінің  белгісі.

«Ауыл аманаты» жобасы арқылы мемлекеттен аз пайызбен грант алған азаматтарға «Абай-Дәулет» ЖШС ғимарат соғып, қолда­нысқа берген. Қыркүйек айында жоба аясын­да бес өндіріс орны іске қосылды, бұл ауыл экономикасына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда. Сабын, қолғап, плас­тикалық ыдыстар, ою-өрнек басып шығару және шұлық тігу өндірісі шалғай ауылда бастау алып, сырттан келетін өнімдерге тоқтам жасап ғана қоймай, өзге өңірлерге де сұраныс тудыратын  бірден-бір  тірлік  тетігі.

– 2024 жылдың тамыз айынан бастап, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 4 жоба қорғалып, қазірде қаржысы түсіп, жұмысын бастап кетті. Оның біріншісі – наубайхана. Жеке кәсіпкер «Балау­са» 2,5 пайызбен, демалысымен, кепілмен  7 млн теңге алды. Одан кейін, «Гүлнар» жеке кәсіп иесі 6 млн теңгемен қаржыландырылды. Ол кондитерлік өнімдер  шығарумен айналысады. Мұнан өзге фото-видео студиясын жасау­ға мемлекеттен қаржы алған кәсіпкерлер бар. Оған берілген қаржы көлемі – 6 млн теңге. «Ауыл амана­тының»  игілігін  көрген келесі кәсіп  иесі  бөдене еті мен жұмыртқасын  сатуды  қолға алып жатыр. Мемлекет  осы  кәсіпке аз пайыз­бен 9,2 млн теңге қара­жат бөлді. Ал өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 3 жоба қолдау тапты. Оның алғашқысы – ою-өрнек басып шығару кәсібі. Қаралған қаржы – 15 млн теңге. Бұдан өзге жұмыс қолғабын өндіру цехын іске қосқан кәсіпкер 6 млн теңге алып, жұмысын бастады. Одан бөлек, плас­тикалық бөтелкені өңдеу өнеркәсібін бастаған ауыл тұрғыны 12 млн теңге қаржылай қолдау­ға ие болды, – деді Бес­арық ауылы әкімдігінің әдіскері Бибізада Бекен­ова.

Жақында ою-өрнек басып шығаруды бас­таған кәсіпкер Жарқын Сапарғалиұлы бұл идея алғаш келіншегінің айтуымен қолға алынғанын  айтты.

– Бұл кәсіпті 2 жыл бұрын жұбайымның идеясымен қолға алған едік. Бастапқы уақытта кішкентай аппараттармен бастап, онлайн тапсырыс арқылы жұмыс істедік. Биыл кәсіпкерлерді қолдайтын «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 15 млн теңге алып, сапасы ең жоғарғы құрылғылармен жұмысты бастадық. Бүгінде отбасылық кәсіп ретінде жүргізіп отырмыз. Сонымен қатар, бір маманды жұмыспен қамтамасыз етіп, шаруаны ширатудамыз. Еліміздің барлық өңірінен сұраныс бар. Өз аудиториямыз­ды қалыптастырып, тұрақты тұтынушыларымызды тауып үлгердік. Осы орайда ауылдан шыққан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ғимарат салған «Абай-Дәулет» ЖШС-на алғысымды білдіремін, – деді «Айқын» ою-өрнек басып шығару кәсібінің иесі Жарқын Сапарғалиұлы.

Ал наубайхана ісін іске асыруды бастаған кәсіпкер Гүлмира Смағұлова қыркүйек айын­да ғана іске қосылса да, күніне 100-ден аса нан түрін шығарып, ауыл тұрғындарын ұн  өнімімен  қамтамасыз  етіп  отыр.

– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша аз пайыз­бен 7 млн теңге несие алып, жұмысты бас­тадық. Алматы қаласынан 2 пеш, қажетті құралдарды алып,  жұмысты жүйелендіріп жатыр­мыз. Ауылдағы бүкіл дүкенде біздің өнімдер тұр. Жалпы оннан аса кондитерлік өнімді нарық­қа шығарып отырмыз. Наубайханамыз­да 2 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, нан пісіру бұрыннан хоббиім еді. Солай ойым кәсіпке, табысқа ұласып кетті.  Цехымыз шағын болса да, күніне 1 қап ұннан нан  пісіріп, одан басқа да заттарға тапсырыс қабыл­даймыз. Мысалы, той-томалаққа, ас беру­ге дастарқанға қажет өнімдер пісіріп беруді сұрайтындар бар. Ол өнімдер нарықтан төмен бағада ұсынылады. Самса 120 теңгеден берілсе, жұқа күлшелер келілеп сатыла­ды. Санитарлық талап­тарға сай орында  жұмыс істеуге мүмкіндік берген «Абай-Дәулет» компаниясына алғысым шексіз, – деді наубай­хана  басшысы Гүл­мира  Смағұлова.

Шағын ауылда шаруасы шираған жүртшылықтың мұнан өзге де кәсібіне таңданыс білдіріп, жұмысына сәттілік тілеп, аудан орталығына  аяқ  бастық.

ТІРШІЛІГІ  ТҮЛЕГЕН  ТЕРЕҢӨЗЕК

Аудан орталығы Тереңөзек кентінде соңғы жылдары абаттандыру және инфрақұрылымдық  жұмыстар  қарқынды жүріп жатыр. Өйт­кені мұндағы көпқабатты тұрғын үйдің барлығы дерлік жаңғырту жұмысынан өтуде. Мұнан өзге көшелер жаяу жүргіншілер жолымен толығу­да. Ауданға жасалған баспасөз сапары барысында куә болған жұмыстар мұны­мен бітпейді. Сонымен бірге Амангелді Иманов көшесі бойында «Жастар» аллеясы салы­нып, жастардың жайлы ортада серуен­деуіне жағдай жасалып жатыр. Бұл жоба аудандық бюджет қаражатынан  қаржыландырылуда.

Кент әкімі Ержан Бақтияров ерікті жастар аллеяны көгалдандыру және көркейту жұмыс­тарына атсалысатынын айтып, аудан тұрғындарын да осындай бастамаларға себепкер болуға шақырды. Аллея жұмысы аяқталса, мұнда түрлі мәдени іс-шаралар мен жастарға арналған көңілді кештер ұйымдастырылып, тұрғындар жақсы көретін жайлы жерге айналарына  сенім  мол.

– Облыс әкімінің қолдауымен Тереңөзек кентінде абаттандыру жұмыстары ғана емес, сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары салынып, көпқабатты тұрғын үйлер де күрделі жөндеуден өтуде. «Тағзым» алаңы қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл жобалар тұрғындарға жайлы дема­лыс орнын жасау мақсатында қолға алынған. Оған қоса, балаларға арналған ойын алаңы да салынатын болады. Айта кету керек, Тереңөзек кентінде 9 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу­ға қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта 6 көшенің жұмыстары толық басталды. Алдымен, әлеуметтік  нысандар орналасқан көшелер қамтылды. Бұл жұмыстар  келесі жылы да жалғасын табады. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің аула аумақтарын қайта жаңғырту жобасы бойынша да бірнеше жоба іске асып жатыр. А.Иманов көшесін­дегі  6 көпқабатты  тұрғын үй күрделі жөндеуден  өтуде, – деді Ержан Бақтияров.

Сырдария ауданында кент тұрғындары ғана емес, шалғай ауылдағы жұртшылық та жақсылыққа куә болды. Баспасөз турында жуырда газға қосылған А.Тоқмағамбетов ауылына барып, әкімді сөзге тарттық.

– А.Тоқмағамбетов ауылдық округіне «көгілдір отын» кіргізу жұмыстары өткен жылы басталды. Қазіргі таңда ауылда 356 тұрғын үй болса, соның 104-ін газға қосуға дайындап қойдық. Алдағы уақытта 100 пайыз қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, ауылдың қазіргі жағдайы өте жақсы. 2013 жылы ауызсу кіргізілсе, келер жылы электр желісін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Ал, ауылдағы 16 көшенің 13-іне тасжол төселіп, қалған 3 көшенің жоба-­сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Ауылды жандандыру бойынша тиісті жұмыс­тар алдағы  уақытта да  жалғасын табатын бола­ды, – деді А.Тоқмағамбетов ауылының әкімі Ғабдолла  Алданазаров.

Айта кету керек, аудан тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейі 35 пайыз­ды құрайды. Өткен жылы С.Сейфуллин мен А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыру жұмыс­тары басталса, енді Шаған мен Н.Ілия­сов ауылдарын да газдандыру жұмыстары қолға  алынды.

Сырдария ауданы соңғы жылдары көз алды­мызда түрленіп, тіршілігі түлеуде. Ауыл мен кенттің арасында тепе-теңдік сақталып, әр ауылға жаңа тыныс беретін бастамалар қолға алынған. Ауылдағы кәсіпорындардың шарықтауы, өндіріс орындарының көбеюі тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ашып, сыртқы өнімге тәуелділікті төмендетуде. Бесарықтағы кәсіпкерлердің батылдығы мен алғырлығы, «Ауыл аманаты» жобасының қолдауымен болған өзгерістер ауылды өз күшімен өркендетуге болатындығын дәлелдеп тұр. Тереңөзек кентінде абаттандыру мен инфрақұрылымдық жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп, халық игілігі үшін атқарылып жатқан істердің жемісі көріне бастады. Әлеуметтік нысандардың жаңғыруы, тұрғындардың өмір сүру сапа­сының артуы ауданның дамуында маңызды қадам­дар екендігі сөзсіз. Бұл бастамалар тек бүгін­гі емес, болашақтың мүддесін де көздейтіні қуанта­ды. Ауданның әр түкпірінде атқары­лып жатқан абыройлы істер елдің ертеңіне деген сенімділікті арттырып, халықтың әл-ауқа­тын жақсарту жолында тың өзгерістердің басы болмақ. Аудан тұрғындары өз еңбектерінің нәтижесін көріп, ертеңге деген үмітін нықтай түсуде. Мұның бәрі – елдің дамуы жолын­дағы  іргелі  істердің  айғағы.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ,

Суреттерді  түсірген  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: