Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шынайы еңбек қана масылдықтан құтқарады

07.04.2022, 10:00 620

2019 жылдан бері ҚР Үкіметінің қаулысымен  «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген еді. Содан бері қаншама кәсіпкерге шағын және орта кәсіпті дөңгелетіп алып кетуге мұрындық болып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – аймақтық кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құру. Бұл мақсатқа жету үшін көптеген жаңа және тісқаққан кәсіпкерлерге қолдау білдірілді. Бағдарлама аясында қаржылай және қаржылай емес те қолдау қарастырылған. Мемлекеттік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған бұл жоба өзінің нәтижесін береді  деп  күтілуде.

Бұл мемлекеттік бағдарламамен 2021 жылы грант алған бірсыпыра кәсіпкердің нәтижесімен бөлісетін боламыз. Барлығы өз қарым-қабіле­тін жіті талдап, өз деңгейінде жұмысын атқаруда. Ең алдымен, бағдарламаның толық мүмкіндігіне шолу жасайық. Аталмыш бағдарламаның қаржылық операторлары – «Даму» кәсіпкерлікті  дамыту  қоры мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. 2019 жылы қолға алынып, жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы бұл бағдарлама табысты болатынына сенім артылған. Бағдарламаның негізгі төрт бағыты бар. Атап айтсақ, шағын қала және ауыл кәсіпкерлерінің бизнес бастамаларын қолдау, экономика және өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлікті қолдау, валюталық тәуекелдерді төмендету, сондай-ақ қаржылық емес шаралар қарастырылған. «Бағдарламаға кім қатыса алады?» деген сауал туындаса, жауап берелік. Шағын кәсіп иесі, әйел азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар һәм 50 жастан асқан азаматтар қатысуға толық мүмкіндігі бар. Көбі атауын білсе де, бағдарламаның жай-жапсарын білмейтін жандарға сәлде болса  ақпарат бердік деген ойдамыз. Ал енді, осы бағдарламамен кәсібіне қолдау алған азаматтардың бүгінгі жай-күйімен танысу үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен облыс орталығында баспасөз туры өткізілді.

Өңірдің БАҚ өкілдерін шақыр­ғанымен, ақпараттандыруға санаулы журналист келді. Бәлкім, солай болғаны да дұрыс шығар. Өйткені «Барбаросса» жоспары дұрыс құрылмаған. Басқарма басшысы немесе баспасөз қызметі жоқ «ерекше пресс-тур» болды. Сынықтан сылтау іздеді демеңіз. Ұйымдастырушылар тарапынан жауапкершілікті сезіну керек еді. Баратын нысандағы кәсіпкерлер дайын емес, бірі тіпті орнында болмаған соң, жоспарда жоқ нысанға баруға тура келді. Егер барлығы жоғарғы деңгейде өткізілсе, сөзге түр, бейнеге өң кіріп, мазмұнмен  толысар  еді.

Хош деңіз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп атаған еді. Міне, Лаура Шынжырбаева есімді жеке кәсіпкер балаларға білім және өнер орталығын, тіпті күту қызметін де ұсынады. Ол 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемле­кеттік бағдарлама аясында грант арқылы 3,8 млн теңге алған. Қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. 3 сағат көлемінде ораторлық, қобызда ойнау, қолөнер сынды түрлі қазақылықтың иісі шығып тұрған өнерді үйретеді. Сондай-ақ, ҰБТ-ға физика-математика пәндері бойынша жоғарғы сыныптағы 3 талапкерді дайындауда. Бұған қоса, 3 мүмкіндігі шектеулі баланы демеушілердің қолдауымен ата-анасы жұмыста болған кезде  қарайды.

– Бұл – менің екінші грантты жеңуім. Бірінші рет 2019 жылы алдым. Одан кейін осы бағдарлама аясын­да алған қомақты қаражатқа смарт-теледидар, ноутбук, үстел, кілем, кір жуғыш машина, газ, бала­лардың демалыс орынын жабдық­тадық. Кейбір заттарымыз сапасыз келуіне байланысты қайтарып жіберуге тура келді. Ата-аналардың сұранысына сай, әртүрлі бағытта қызмет көрсетеміз, – деді  жеке  кәсіпкер.

Ал 2017 жылдан бері тігін әлеміне машықтанған Индира Мамбетжа­нова аталмыш бағдарламаның көмегімен 5 млн теңге грант жеңіп алған. Жұмысының негізгі бағыты – қыз жасауы мен құрақ көрпе. Перде тігу­ді де жақында қолға алыпты. Сондай-ақ, шеберлік шыңдау сынды бір айлық курсы бар. Республика бойынша тапсырыс алып қана қоймай, Шымкент қаласындағы азаматшаға кәсіп ашуына септігін тигізіпті. Кәсіпкер  шәкірттерімен  жиі фидбэк болып тұратынын жасырмады. Химия ғылымы бойынша магистратураны Испания елінің алдыңғы шептегі университетінде білім алған ол қолөнер Еуропада жақсы дамығанын айтты. Қолөнер – адам жанының айнасы, көнеден қалған көзді заманауи қылып, алайда қазақы сарында беріп жүр екен. Халықаралық көрмелерге қатысып, ұлттық өнерді де дәріптейді.

Аталмыш бағдарлама бойынша  5 млн теңге көлемінде қомақты қаражат  алған жеке кәсіпкер Асан Дархан кондитерлік цех ашыпты. Тәтті құмарлардың  сүйіп  жейтін  отандық өнімі «Қазақстан» шоколадының аналогы ретінде «Қызыл­орда» деген атаумен шоколад шы­ғаруда. Жалпы, шоколадтың төрт түрі жасала­ды. Әзірге тек облыс бо­йынша саты­лымда ғана бар. Кәсіпкер  4 адамды жұмыспен қамтып, тұрақты жалақысын  беріп  отыр.

– Ақырындап халық бізді танып жатыр. Төрт тойды да өткізіп үлгердік. Әсіресе жәрмеңке жәрдемін беруде. Жаңадан бастап жатқан соң бағаның көтерілгеніне қарамастан шоколадтың бағасын 100 теңгеден артық көтермедік. Алдағы уақытта тәттінің түрін көбейтіп, республика бойынша өніміміз сұранысқа ие болады деген сенімдеміз, – деді кәсіпкердің анасы.

Ал 5 млн теңге көлемінде қолдау алған Алтын Ойнарова есімді кәсіпкер еріткіш плоттер арқылы жұмыс істеуде. Оның сөзінше, қандайда бір зат эко-өнім болғаны дұрыс. Сол себеп­ті осы кәсіпті бастаған екен. Ол фото обои, 3d-обои, баннер, наклеи­ки, стикер, визитка, т.б. қызметтер көрсетеді. «Қаңтар оқиғасы» кәсібіне біраз қиындық әкеліпті. Дегенмен қазіргі таңда біршама кафе, дүкен­дерден ұсыныс түсуде. Бұл кәсіп арқылы 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша алған қаражатқа тек еріткіш плоттер алған екен. Ал басқа құрылғыларды өз қаражаты есебінен алыпты. Соны­мен қатар орталыққа білікті дизайнер  қажет  екенін  жеткізді.

Кәсіп ашуға мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетілген. Дей тұрғанымен, жүрексініп отырғаныңыз­да өзгелер табыстың көзін табуда. Біреу­дің қолынан келген іс, сізден де келетіні анық. Тәуекел етіп, еңбек ету маңызды. Бірақ еліктеп, көзге көрінген кәсіптің жетегінде кетпеңіз. Өзіңізді іздеп барып, бағдарламаға жүгінген жөн. Әр нәрсеге асық болғанша, бір  нәрсеге машық бол деп бекер  айтылмаған. Бүгін «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағ­дарламасының механизмін түсіндірдік. Мақсаты осымен тектес өзге де бағдарлама жетерлік. Шынайы еңбек ете білген адам ғана, өз шыңын бағындырып, масылдықтан құтылады.

Азамат  АБИМОЛДА.

Суреттерді  түсірген  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: