Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос салада қарқын бар

28.03.2024, 10:40 141

ҚАЛАДА  ҚАНША САУДА  НЫСАНЫ  ТІРКЕЛГЕН?

Облыс бойынша жұмысын жүргізіп отыр­ған кәсіпкерлік нысандарының 50 пайызға жуығы Қызылорда  қаласының  еншісінде  болып  отыр. Яғни, 32 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуда. Бұл туралы Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Арын  айтып  берді.

– Бүгінде облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 49,2%-ы – Қызылорда қаласының үлесінде. Нақтыласақ, Қызылорда қаласы мен қалаға қарас­ты кент және ауылдық округтерде барлығы 32 064 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеу­де. Бұл кәсіпкерлік субъектілерде 68 047 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында да кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылдың өзінде қала бойынша 24,45 миллиард теңгені құрайтын 1 415 жоба қаржылай  қолдау  тапты, – деді  ол.

Өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі бойынша қаланың  Қызылорда  облысындағы үлесі 62,1% пайызды құрайды. Өткен жылы осы салада 636,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын 4 жаңа жоба іске асса, 130 жұмыс орны ашылған.

Өткен  жылы  атқарылған жұмыстар мен алдағы  міндеттер  туралы  баяндаған Бауыржан Серікұлы сауда нысандары жайлы да айта кетті.

– Сауда саласының бағыты бойынша қалада 2791 сауда нысаны жұмыс жүргізуде. Оның ішінде, әртүрлі бағыттағы өткізілетін тауарлар бойынша 11 базар, 110 сауда үйі,  2669  дүкен жұмыс  істейді, – деп сөзін жалғастырды.

Сауда базарларын жаңғырту мен заманауи форматқа көшіру бағытында қала орталығында орналасқан «Сыбаға», «Сұлтан», «Асбол» базарлары басшылары және Қызылорда қала­сы әкімдігі арасында «Жол картасы» әзірленген. Соның  негізінде 2023 жылы «Сұлтан» база­рының  ашық азық-түлік сататын аумағы 1064,7 шаршы метр жерге брусчатка төселіп, жоғарғы бөлігіндегі ескі жабындылар алынып отыр. Сондай-ақ, 1802 шаршы  метр құрайтын металлочерепица жабындысымен қапталса, «Сұлтан» базарына жапсарлас орналасқан «Саяжай» әлеуметтік сауда қатары толық жөндеу­ден өткізіл­ген. Яғни, жалпы көлемі 182,1 шаршы метр құрайтын жоғарғы аумағы профнастильмен  қапталып, суағарлар   жаңартылған.

ЖЕР  КЕЗЕГІНДЕ  70  МЫҢНАН  АСА  АДАМ  ТҰР

Өткен жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің  көлемі  15 миллиард  86  мил­лион   теңгені құраған. 9079 гектарға  ауыл шаруашылық дақылдары  егіліп, негізгі  дақыл  күріштің 4 136 гектарынан 20 680 тонна өнім алынып отыр. Ал, мал шаруашылығы бойынша 2 566,1 тонна ет, 5473,3 тонна сүт, 689,8 мың  дана  жұмыртқа  өндірілді.  Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамұратов бірқатар  мәселеге  тоқталды.

– Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша 70 886 азамат жер кезектілігіне тіркелген. 2005 жылы кезектілікте 11 163 азамат тіркелген болса, оның ішінде қалған 2 428 азаматқа жер учас­келерін табыстау жұмысы жүргізілуде. 2023 жылы жер учаскесі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған (игерілмеген) кәсіпкерлік мақсатында 194 жер учаскесі, мемлекеттік жерді заңсыз иеленіп, артық қоршау жүргізген 72 меншік иесі Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Аталған бағыттағы  жұмыстар одан әрі жалғасын таба­тын  болады, – деді  ол.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы  көлемі  2 029,5  гектарды  құрайтын  16 жер  учаскесі мемлекеттік жер қорына қайтарылған. Биылғы жылы аталған жұмыстардың жалғасы ретінде көлемі 752 гектарды құрайтын 6 жер мемлекеттің жер қорына берілген. Сонымен қатар, жайылымдық мақсатында игерілмеген 894 жер учаскесінің пайдалануына жүргізілген мониторинг нәтижесімен көлемі 75 437,72 гектарды құрайтын 744 жер учаскесіне мал басы тіркелді. Қалған 150 жер учаскесі бойынша меншік иелерін нақтылау, мал басын тіркету жұмыстары жалғасуда.

– Қала тұрғындарын көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Қарауыл­төбе ауылдық округінен 10 гектар егістік жер бөлініп, қызығушылық танытқан 100-ге жуық тұрғын бау-бақша дақылын егумен айналысты, – дейді  Пакуатдин  Сыра­жа­динұлы.

Жалпы, қалада қашыртқылар, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша ішкі су жолдарынан 54 300 текше метр топырақ шығарылып, 4 дана гидробекет, 2 дана су құрылысы жөн­деуден  өткізіл­ген.

Атқарылған жұмыстарды қарап, қос салада қарқын бар екенін байқаймыз. Әрине, алдағы міндеттер де жетерлік. Ең бастысы, қандай да бір жаңалықты, жобаны не бағдарламаны халыққа қарапайым түрде түсіндіру.

Р.СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: