Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр топырағына лимон мен банан да жерсінеді

14.03.2024, 12:00 547

Қызылордадағы жылыжай мәселесі – біраздан бері талқыда жүрген, шешімі сол күйі табылмай келе жатқан мәселе. Халық жыл он екі ай жұмыс істеп, аймақты өніммен қамтамасыз етіп отыратын жылыжайдың жоқтығына наразы. Жақында ғана бұл мәселенің жай-жапсарын «31 арна» зерттеп көрген еді. Айтуынша, облыс орталығында 668 миллион теңгеге салынған 120 жылыжай көп уақыттан бері қаңырап бос тұр. Халықты арзан бағадағы көкөніспен қамтамасыз етуге бағдарланған жобаның рақатын ешкім көре алмай отыр. Қала тұрғындары аталған жобаға салынған қаражаттың бос кеткендігіне қынжылады. Бұл жайт жылыжайға жауапты азаматтардың жауапсыздығынан ба, әлде шынымен Сыр топырағының құнарсыздығынан ба, белгісіз. Осы және өзге де жаңалықтарды естіген жұрт «Қызылордада ештеңе өспейді» деген таптаурынға келіп, кері тұжырым жасауы мүмкін. Дегенмен, біздің кейіпкеріміз бұл сөзбен келіспейді. Ақерке Кеңесбайқызы – 22 жыл бойы жылыжай өндірісімен айналысып келе жатқан ауыл шаруашылығы маманы. Қазіргі таңда «Болашақ» университетінде аға оқытушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магист­рі атағы бар. Ғылыми тәжірибесін іске жаратып, үйіне азғантай қаржымен жылыжай салған ол, қазіргі сәтте бұған дейін Сыр елінде мүмкін емес саналған банан мен лимон өсіруді қолға алған. «Мүмкін емес нәрсе жоқ, ниеттенген адам Қызылордада да бәрін өсіре алады» дейді кейіпкеріміз.

Журналистік зерттеу жасап, жылыжайдың тыныс-тіршілігімен таныс болу үшін Ақерке Кеңесбайқызының өзімен жолыққан едік. Жылыжайға кіре салысымен мамыражай, жылы лепті сезіндік. Құдды көктемнің соңғы айындағыдай өзгеше ауа, температура бірқалыпты сақталған. Күтімдегі тотықұс тұқымдас екі құсы жылыжайға одан сайын көрік беріп, көктемнің аурасын сездіріп тұр. Бағбан жылыжайды мемлекеттің көмегінсіз, кәсіпкерлік грантсыз, өз қаражатымен салғанын айтады. Қазіргі сәтте жеке  5 жылыжайы бар. Үйінде екеуі болса, қалған үшеуі «Сабалақ» саяжайында екен.

Ақерке Кеңесбайқызы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің жылыжайы ашылғалы бері басы-қасында жүріп, ең алғаш бұл өндіріспен етене танысқан. Негізгі мамандығы – жануарлар ғылымы. Кейінірек  қысқартылып  қалып, қазіргі  «Болашақ»  университетінің құрылтайшысы  Бақберген  Досмамбетовтан шақырту алған. 6-7 ай жұмыссыз, біршама несиемен қалған ауыл шаруашылығы маманы үшін бұл таптырмас мүмкіндік болды. Сол кезден бүгінге дейін ол «Болашақ» университетінің жылыжайын гүлдендіріп, жеке әуесқой кәсібін де жүргізіп келеді. Жылыжай басшылығы біраз уақыт бұрын лимон отырғызу үшін Өзбекстаннан арнайы мамандар шақырған. Олардың еккені ойдағыдай болмай, өнім бермеген екен. «Бір жыл уақыт өткен соң, мен 40 түбін әкеліп, баптап, өсірдім. Қазір 2,5 жылдай болды, түйнек беріп тұр» дейді бағбан. Айтуынша, лимон еккеннен кейін, 8 ай өткен соң піседі. Қызылорданың суының тұздылығы лимонның тезірек өнім беруіне ықпал етеді екен. Негізі 3 жылда өнім беруі керек болған лимон 2 жыл ішінде өсіп, жеміс берген. Алғашында керекті дәрілерді ексе жеткілікті, кейінірек қарабайыр әдіспен-ақ өсіре беруге болады.

Жалпы, Қызылорда қаласында жылыжай шаруашылығымен айналысып, үздіксіз кәсіп етіп отырған 6-7 адам бар. Солардың әрқайсысына бағбан кейіпкеріміз көмектесіп, жол  көрсетіп  жүр. Ал  облыс  аумағында жылыжай  кәсібімен айналысқысы келетіндердің саны 100-ден асады.

– Көбі  менен  «жылыжай  салуға қанша қаражат  керек?» деп сұрайды. Жылыжай салу үшін шашылып, миллиондап құртып керек емес. Кішігірім ғана 300 мың теңге көлемінен-ақ бастап, кәсібінің берекесіне қарай кеңейте берсе болады. Көшет өсіру – қазір жұмыссыз, үйде отырған азамат, азаматшалар үшін таптырмас дүние. Наурыздан бастап өсірсе, базарда саудасын жүргізе берсе болады. Қызым осы лимон өсіру жобасымен 2,7 млн теңгелік гранттың иегері атанды. Осылайша,  құлпынай өсіру арқылы «шоколадтағы құлпынай» жасап, кішігірім кәсіппен айналысып жүр. Құлпынай өсірушілер кейде ол өнім берген соң, ары қарай тоқтап қалады деп қателесіп жатады. Негізінде, құлпынай өнім беріп болғаннан кейін мұртшаларын, жалпақ тілмен айтқанда, балаларын жібереді. Соның көмегімен көбейтіп, қаншама көшет істеп сатуға болады. Ал лимонның қаламшасынан көбейтіп алып, оны да сатса болады. Мұндай көшеттердің бағасы қымбат, кем дегенде 10-15 мың теңге тұрады, – дейді Ақерке Кеңесбайқызы.

Бағбан бүгінде экзотикалық жеміс-жидектерден тыс, гүл мен көшет өсіруді де кәсіп еткен. Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар жылыжай шаруашылығы маманы қазіргі аталған кәсіп түрін енді меңгеріп, игеріп жатқандардан көмегін аяған емес. Өлкедегі тоқырап тұрған салаға әр беріп, бар білгенін үйретіп жүрген жайы бар. Алдағы уақытта үлкен инновациялық жобаларға қатысып, грант жеңіп алсам деген ниетте жүр. Сондай-ақ агродүкен ашып, көшет отырғызып, өсімдік  өсіріп  жүргендерге  қол ұшын  соза  беремін дейді.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ,

Суретті  түсірген  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: