Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазалы» кәмпиті Қытайға экспортталады

14.03.2024, 9:40 169

Жалпы, қызылордалықтар үшін «Қазалы» кәмпитінің алар орны ерекше. Өткен жылы Қызылорда облысына жасаған сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Қазалы» кәмпитімен танысып, ерекше таңданысын білдірген еді. Тіл үйірер дәмімен қазақстандықтардың көңілін жаулап үлгерген өнім енді Қытай еліне экспортталып жатыр. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның экологиялық таза майлы дақылдары, ет және басқа да өнімдері Қытай нарығына шығарылуда.

– Қазалы ауданынан осы уақытқа дейін экспортқа жеке кәсіпкер М.Есқожаевтың күріші, «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің балық өнімдері Ресей мемлекетіне, жеке кәсіпкер Т.Игіліковтің балық өнімдері Ресей, Литва, Дания, Әзербайжан, Грузия елдеріне, «Азия-Қамыш» ЖШС қамысы Нидерланды, Германия, Беларусь сынды Еуропа елдеріне экспортталса, осы жылдан бастап шетелге шығарылатын тауарлардың қатары артты. Ол – «Қазалы» кәмпиті. Осы брендпен танылған жеке кәсіпкер Нұрбек Қазбергеновтің өнімі шетелдіктердің де қызығушылығын тудырды. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер өз өнімін Қытай еліне экспорттауды жолға қойды. Отандық өнімдеріміз мемлекетімізде ғана емес, Орталық Азия елдеріне де сұранысқа ие болып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады, – деді Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов.

Бұған дейін газетімізде «Сыр өніміне Еуропа елдерінің сұранысы ерекше» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Онда Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Гүлмира Исабергенова Агроөнеркәсіптік кешенін қарқынды дамыту бойынша ауыл шаруашылығы саласының маңыздылығы, органикалық және экологиялық таза өнім өндірісі және өңделген өнімді экспортқа шығару қажеттілігі айқындалып отырғанын айтқан еді.

Бүгінде  Сыр  топырағында  өндірілген  түрлі  өнім  әлемнің  21  мемлекетіне  экспортталып  жатыр.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Нұрлан  Қанат  (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: