Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлік қолдағанда көркейеді

27.04.2023, 10:00 333

Ел экономикасының өсуі, халық жағдайының жақсаруы, әлеуметтік ахуалдың өзгерісі жұртшылықтың кәсіп көзін табуымен түрленіп отырады. Белгілі бір саланы дамыту үшін мемлекет арнайы қаржы қарағанымен, сол істің түбегейлі оң бағытқа шешілуіне көбінде кәсіпкерлердің үлесі басым. Сонымен бірге, кәсіпкер атануыңызға да үкімет барынша жағдай жасап, жобаларды іске асырып келеді. Жастардың кәсіп бастауына, жұмыссыздыққа тіркеліп, жұмыс орындарынан шақырту алуына ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен, әлі де масыл­дық сана басым. Хош. Кәсіп айналасын айтқаннан кейін, соған арналған жұмыстарға да  тоқталып  өтейік.

Айтпақшы, осы ретте елімізде жұмыссыз­дардың азайғанын да атап өткен жөн. Оның ішінде аймақ бойынша жұмыспен қамту бағдарламаларының арқасында жұмыссыз­дардың саны 4,2 пайыздан 4 пайызға дейін төмендеген. Жастар қатары іске икемділігін білдіріп келе жатыр деуге болады. Оның ішінде жұмыссыз жүріп, арнайы грант ұтып алып, өз кәсібін бастап кеткендер де бар. Айталық, Қызылорда облысында биыл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 130,3 пайыз­ға ұлғайған. Елімізде осы және өзге де кәсіп көзін табуда қандай бағдарламалар жүзеге асып жатқанын білу үшін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына хат жолдаған едік. Білгенімізбен  бөлісе  отырайық.

Аймақ бойынша 73686 кәсіп орны болса, оның 69686-сы жұмыс істеп тұр. Өз шаруасын дөңгелетіп отырғандар өткен жылмен салыс­тырғанда  136,1  пайызға  артқан.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-та (шағын және орта бизнес) 116,3 мың адам жұмыспен қамтылып, 429 млрд теңгенің өнімі өндірілді. ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 15,5 пайызға көбейіп, ал орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 2,4 па­йыз­ға  жеткен. 

– Атап айтқанда, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 6,8 млрд теңге бөлінді, жыл басынан бері жалпы несие портфелі 3,5 млрд теңгені құрайтын 88 жоба субсидияланды және несие портфелі 2,2 млрд теңгені  құрайтын  62  жоба  кепілдендірілді.

Өңірдегі ауыл кәсіпкерлеріне несие беруді жүзеге асыратын «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығына 1,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 1 млрд теңге сомасына 189 жоба қаржыландырылды.

Жалпы, 2015 жылдан бастап, бұл орталықпен микро және шағын бизнестің 2227 жобасы 10,3 млрд теңге шамасында жылдық 2%, 6%-бен несиелендіріліп, 2,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Несиелердің қайтарымдылығы – 95%, – деді  басқарма  басшысының  орынбасары  Ринат  Сұлтангереев.

Жыл сайын кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Сөзімізге тұздық болсын, өткен аптаның сәрсенбісінде Үкімет үйінде Мемлекет басшысының төрағалығымен кеңес өтті. Жиында ҚР Премьер-Минист­рі Әлихан  Смайылов  кәсіпкерлік саласын дамыту­дың  негізгі  бағыттары  туралы  баяндамасында  нақты  тетіктерге  тоқталып  өтті.

«Енді реестрде жоқ талаптар бойынша тексерулер жүргізілмейді. Биыл заңнамадан бизнес үшін 10 мың керексіз талаптар алынып тасталады. Бұл тексерулердің санын едәуір қысқартады. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін  тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру толығымен аяқталады»  деді  ол.

Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау шаралары кеңейтілді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесі (жеңілдетілген несиелер және қаржылық лизинг) 116-ға артты. Бірқатар басым қызметтер бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Және бизнестің жол картасын қаржылан­дыру көлемі 224 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау, 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру көзделіп отыр. Орта бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады.

Осы талқыда  Үкімет басшысы кәсіпкерлік саласында цифрландыруды енгізу қарқынды жалғасатынын айтты. Сонымен қатар жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің жобаларын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтынан алған  ақпаратымыз – осы.

Ал, облысқа оралайық. Аграрлық несие корпорациясы  арқылы 85 жобаға 431 млн теңге шамасында қаржы берілді. Кәсіпкерлікті қолдау нәтижесінде 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін  25%-ға  дейін  арттыру  жоспарлануда.

Сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру мақсатында 2019 жылдан бастап «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылып келеді.

Бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданып, өнеркәсіп өнімін шығаратын кәсіпорындарға жеңілдетілген шарттармен 600 млрд теңге бөлініп,  қаржыландыру  басталды.

Кәсіпкерлердің үлкен ауқымын қамтып, жаңа жұмыс орындары мен жаңа өндірістер құру үшін  былтырғы  жылдан бастап, бұл сома  1 трлн теңгеге артты. Оның ішінде:

– 300 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібі мен қызметт­ерді  ынталандыруға;

– 200  млрд  теңге – агроөнеркәсіптік  ке­шен­ді  қайта  өңдеуге;

– 500  млрд  теңге – агроөнеркәсіптік  ке­шен­дегі өндіріске бағытталады, соның  ішінде 100 млрд теңге көктемгі дала жұмыстарына жұмсалады. Бұндай бөлініс агроөнеркәсіп сала­сы мен тамақ өнеркәсібінің импортқа тәуел­ді  еместігімен  түсіндіріледі.

Сонымен қатар, пандемия кезеңінде өңіріміздің экономикасы агроөнеркәсіп сала­сы­на  тәуелді  екені байқалды. Сол үшін осы бағдарламаны іске асыру арқылы өніріміздің экономикасын қалпына келтіруге мүмкіндік  береді.

Дегенмен, соңғы уақытта бағдарламаға бір­қатар  түзету  енгізілді. Олар:

– кәсіпкерлерді несиелеу мөлшерлемесі жылдық  8%-дан 6%-ға дейін төмендетілді;

– жеңілдікті  кезең  енді несие мерзімінің 1/3  бөлігіне  берілетін  болады;

– қарыз сомасының 50%-на дейін кепілдік беру  құралы  енгізілді;

– айналым қаражатын қарыз сомасының 50%-на дейін толықтыру мүмкіндігі қарас­тырылды.

Бағдарлама бойынша оператор ретінде екінші деңгейлі банктермен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» қосылды. Әрі корпорацияға несие серіктестіктерін қаржыландыруға құқық берілді. Несиелер бойынша мақұлдау­ды оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, өтініш­терді  қарау  мерзімі 30 күннен  10 жұмыс күніне дейін  қысқартылды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дарламасы аясында Қызылорда облысында жалпы құны 11,9 млрд теңге болатын 130 жоба өтінімі мақұлданды. Толығырақ айтатын болсақ, ауыл шаруашылығы  саласында – 90, тамақ – 17, жеңіл өнеркәсіп – 3, жиһаз – 6, құрылыс индустриясы саласында – 1, қызмет көрсету  саласында – 12, химия  өнеркәсібінде 1  жоба  мақұлданған.

Қорытындылай келе, индустрияны дамытуда  кәсіптік орындарына бөлінетін қаржы­мен қатар, берілген соманы өз игілігіне емес, өніміне салып жатқан кәспкерлердің санын да арттырған дұрыс. Артық қыламыз деп жүріп, тыртық етіп алмасақ болды. Мемлекет­тің қаржысы талан-таражға түспеуі керек. Жақсы өзгерістерді жарыса айтып жатырмыз, тек нәтижесі осыған сай болса игі. Қалғанын уақыт  көрсетер.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: