Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсібі бардың нәсібі бар

29.09.2022, 10:40 682

Газетіміздің алдыңғы санында Шиелі ауданы­на жасаған жолсапарымыздан естіген, тілдескен әңгіме барысын, көзбен көріп, көңілге түйген жайттарды жеткізген болатынбыз. Жалғасы кәсіптен нәсібін тауып отыр­ған Шиелі ауданының өндіріс саласы туралы бүгін­гі санда жарияланып отыр. Ауданға бара сала ішкі саясат бөлімі басшылығынан Шиеліде жасалатын өнімдермен таныстырып, кәсіпкерлермен жүздестіруді сұрадық. Кәсіпкерлер нысанын Шиелі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің қызметкері Бегімхан Ғабитұлымен араладық. Сондай-ақ, биыл қандай өндіріс орындары іске қосылуда, өнеркәсіп өнімін өндіру бойынша қандай қарқын көрсетуде екенін біліп, керекті мәліметтер жинақта­дық.

Қазақ жері барлық қазба байлыққа толы мекен екені бәрімізге мәлім. Сол жер байлы­ғының арқасында даму үстінде екеніміз белгілі. Бір ғана Қызылорда облысының өзінде талай байлық табылып жатыр. Сондай қазыналардың бірі – Шиелі жерінен ванадий, алтын, мыс, күміс, мырыш, мышьяк қорлары өндірі­леді. Бұл бағытта Шиелі ауданы инвесторлар тартып, өнеркәсіп өндірісін жандандыруда. Инвестиция тарту қарқынымен биылдан бастап ауданда 4 ірі инвестициялық жобаның құрылыс  жұмыстары   басталған. «ADK GROUP Kazakstan» ЖШС-ның әк өндіру зауы­ты 1 млрд теңгеге, «KUTAU SP» ЖШС әк зауытының  құрылысы 2,4 млрд теңгеге, «Шие­лі Тас Оңтүстік» ЖШС әк зауыты және силикат кірпіш зауыты 3 млрд теңгеге қаржыланып, қазіргі таңда инвестициялық жобаларға қажетті жер телімдері беріліп, құрылыс жұмыстарын бастау күтілуде. Бүгінгі таңда құны 384 млн теңгені құрайтын 8 жоба іске қосыл­ған екен. Атап өтетін болсақ, «Арсен» ЖК наубайханасында ұннан жасалатын тағамдар, тәтті бәліштер әзірленеді. «Бупежанова» ЖК – әк зауытын кеңейту бойынша құнтты жұмыстар жүргізіліп, бүгінде іске қосылып отырған өндіріс орны. Және «ЖК «Нұрым», «Жансаулет» кәсіпкерлігінде шлакаблок өндіру зауыты ашылған. «Нұр» ЖК «Terrace» қоғамдық тамақтану орны мен ЖК «Мухамбетова» сауда үйі іске қосыл­ған. Ал Дәулет Нұрмағанбетұлы қоғамдық монша құрылыс жұмысын аяқтап, ауданда ең үлкен «Керемет» моншасы қызмет көрсетуде. «Ұлытау Агро» ШҚ тамшылатып суару арқылы бақша дақылдарын және жоңышқа өсіру бо­йынша бүгінгі күні аудан тұрғындары  өзін-өзі дамытуда  деуге  болады.

Сонымен ауданда жасалған өнімдерді көру үшін Тұран ауылының тұрғыны Жандәулет Құрманбекұлының шеберханасына келіп тоқтадық. Атадан балаға мұра болып қалған етік тігетін шеберхананың иесі Жандәулет аға бізді жылы шыраймен қарсы алып, үй ішінен орнатқан етік тігетін шеберханасын көрсетіп, кәсібі  туралы  баяндап  берді.

– Әкем аяқкиім тігу арқылы бізді асырап бақты. Мемлекеттен «Атамекен» бағдар­ламасы арқылы рәсімделген қаржыға тігін машина­сын алып, шағын шеберхананың ішінде мәсі,  етік, жеңіл аяқкиімдер тігіп сатамын. Мен бұл тігін өнерін әкемнен үйренбедім. Жүк көлігін  айдай­тын   шопыр  болғанмын. Әкемізден тек  машина  мен біз  ғана   қалған  болатын.  Кейін маған тігін өнерін ағам үйретті. Ағам қазір ұлттық аспап­тар жасаумен айналысады. Осылайша кәсіп бастау ойыма келіп, тігін шебер­ханасын ашып, қазір аяқкиімдерім сұраныс­тан түспейді, – деді «Нұртуған» аяқкиім тігін шеберханасының иесі  Жандәулет  Қаракеев.

Иә, кішігірім бөлмені шеберхана үйіне айнал­дырған кәсіпкердің жұмысы жақсы жүруде. Ол етік тігу үшін сапасы тәуір материалдар қолданып, оны арнайы тапсырыс арқылы алды­рып, халықтың рақметіне бөленіп отыр. Қыста аяққа жылы, суық өткізбейтін үлкен ата-әжелерге етік, мәсі тігіп берсе, орта буындағы аға-апалар жеңіл аяқкиім мен етіктерге тапсырыс беретін көрінеді. Аяқкиімнің үлгісі мен қандай сапада тігетінін айтса, Жандәулет аға өзі кескінін сызып, екі күнде бір аяқкиімді аяқтап  береді.

Кәсіпкерлер санатына қосылып, байқау­ларға өз өнімін ұсынып жүрген Жандәулет Құрманбекұлы «Қазақстанның үздік тауарлары – 2022» конкурсына да қатысып, көрмеге арнайы етіктер тігіп, көпшілікті таңдандырған болатын. Байқауда етіктердің сапасы бұқараны ғана емес, облыс әкімінің де қызығушылығын оятты. Облыс әкімі дамытатын кәсіп екенін, тіпті  бір мамандық ашуға болатын сала деп тілге тиек еткен болатын. Кәсіпкерлер конкурсының нәтижесінде Жандәулет аға мемлекеттен қайтарымсыз грант иегері атанып, 5 млн теңге көлемінде қаржы алған. Ендігі уақытта шағын  шеберханасын үлкейтіп, көркейтуді қалап, берілген қаржыға тігін машинасы мен керек құрал-жабдықтарын, дизайн бөлмесі мен тігін  бөлмесіне жөндеу жұмыстарын істеп, өзгертуді  қолға  алуда. 

Кәсіпкерлік үшін елімізде мүмкіндіктер өте жақсы қарастырылған десек те болады. «Қарманған қарап қалмайды» демекші, осындай мүмкіндікті уақытында сауатты пайдаланып үлгерсе, бірінші өзінің игілігіне, одан кейін елінің, халықтың пайдасына жарайтыны сөзсіз. Шие­лі ауданының оң имиджін қалыптастыру бағытында өзіндік үлесі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға нәсіп болсын деп жүрген Жандәулет аға шәкірт тәрбиелеуге де уақыт табады екен. Ерінбейік, өйткені «қимылдаған қыр асады» деген қазақ­та  жақсы  сөз  бар.

Тұран ауылынан орталыққа қарай жолға шығып, жол-жөнекей ауданда жаңадан ашыл­ған ірі жобалардың бірі «Керемет» моншасына көзіміз түсіп, үлкен болып салынған орынды көруге тоқтадық. Ішінде шаштараз, салоны бар монша шынымен де аудан тұрғындарын толықтай қамтитын көрінеді.  «2021-25 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» аясында кез келген кәсіпкерге және жаңадан ісін бастайтын адамдарға үкіметтен кепілдендірілген пайыздық мөлшерде және сыйақы негізінде несие беріледі. Осындай мемлекеттен берілетін 6 пайыздық несиемен кәсібін бастаған Нұрсұлтан Досымов аудан тұрғындарын да жұмыспен қамтып отыр. Монша ішінен ашылатын салонға арнайы маман­дар алып, жұмыс қарқынын енді бастайтын  болады  дейді.

Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы да, жұмы­сы да берекелі, еліне абыройлы болады емес пе? Бүгінгі заманның талабы да – осы. Өз мүмкіндігіне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгеле­тіп отырған Шиелі ауданының тұрғындары бүгінде осындай дәрежеге жетіп отыр. Әрі қарай іссапарымыз кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің қызметкеріне сұрақ қойып, әңгіме-дүкен құру арқылы жалғасын тапты. Оның айтуынша, ауданда ірі кәсіп иелері тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын созып, қайырымдылық ісімен үнемі айналысып отырады. Сондай жомарт жандардың бірі Шиелі ауданының тұрғыны Сағындық Тыныс­беков – «Ақсәуле» кеңсе, оқу құралдарын сата­тын дүкеннің иесі. Ол аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы мүгедек балаларға, «Мейі­рім» оңалту орталығына қаржылай көмек көрсетіп, ауданның қоғамдық-саяси жұмыстарына, қайырымдылық іс-шараларына белсене араласады. Сондай-ақ, биылғы  «Мектепке жол» акциясына қаржылай көмек беріп, кәсібі арқылы аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуда  екен.

– Одан кейін Ақайдан Қойшыбекова – кәсіпкерлік жолында оқып, өз күшімен дамып, қазіргі таңда көпбалалы кәсіпкер ана. Кәсіпкерлікті 2009 жылдан бастап жүргізіп, халыққа адал қызмет көрсетуде. Бүгінде ауданнан 15 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауданымызда кәсіпкерлік саласына өз үлесін қосып келе жатқан жеке кәсіпкер. Шиелі кентінен 2 қабатты балалар ойын-сауық кешенін ашып берді. Ойын-сауық кешенінде балаларға арналған атракциондар, асханасы және 2-қабатында 15 сауда орны орналасқан, – деді  Бегімхан  Ғабит­ұлы.

Кәсіп көзін тауып, халықтың қуанышын арттырып, тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі ерен. Шиелі ауданы осындай деңгейде даму жолын жалғастыра берсе, жоғары санаттағы қалаға айналатыны анық. Бұл біздің қуанышымызды еселейді.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ,

Шиелі  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: