Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Басты талап – сұранысқа сай сапа

09.02.2023, 13:30 253

HALYQLINE.KZ Қызылордалық кәсіпкер Сергей Жаңақай құм блогтары мен жерге төсейтін өрнектас (брусчатка) және ағаш өнімдерін өндіру жұмысын жолға қойды. Бүгінде шыққан өнімді аудандарының ауылдарынан тұтынушылар сатып алуда.

Кәсіп иесі Сергей Жаңақай өз қаражаты есебінен 30 млн теңгеге қажетті құрал-жабдығын түгендеп, жұмыс­шыларға жағдай жасады.

– Қай істі болмасын бастау үшін ықылас жеткіліксіз, алған білімге қоса қарым-қабілет керек. Алайда, мемлекет кәсіп бастаймын дегендерге мол мүмкіндік сыйлады. Бізге кәсіпкер атану үшін психологиялық әзірліктен бастап, бизнес-идеяны таңдау оңайға түспес еді. Қазір ісіміз жүйелі, жұмыс ойдағыдай жүруде. Бастысы, тапсырыс көлемі жеткілікті, – дейді ол.

Ағаш өңдеу машинасы (пилорама) – ағашты кесіп, өңдеп-жонуға арналған станок. Онымен жұмыс істеу барысында асқан шеберлілік қажет. Сергей Жаңақай бұл істің жай-жапсарын бүге-шүгесіне дейін ұғынған. Ол ағаш өңдеу ісін жетік меңгерген және өнеркәсіптің бүкіл жұмыс барысын жақсы біледі. Өндіріс орнында күніне 60-тан 100 шаршы метрге дейінгі аралықта өнім шығарылады.

Қазір цехта күніне 3000-3500 дана пескоблок өндіріледі. Тапсырыс аясында жұмыс істейтін кәсіпкер өнімге сұраныс жоғары екенін айтады. Мәселен, бір дана пескоблоктың құны 250-ден басталады, цех шығаратын екінші өнім 1 кв/м -3000 теңгеден саудалануда. Пескоблоктың ені – 20, ұзындығы – 40 сантиметр. Цех басшысының айтуынша, кәсіп ашамын, іс бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан мүмкіндік қарастырылып жатыр. Жеңілдетілген несие береді. Қайтарымсыз грант та – кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Қала аумағын жергілікті өніммен қамтып отырған С.Жаңақай келешекте тауарларын басқа облыстарға да жөнелтуді көздеп отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта пескоблок, брусчатка өнімін көбейтуді және пескоблок өнімін шығаратын тағы 2 құрылғы сатып алу жоспарында бар.

Бүгінде цехта 15 адам еңбек етеді. Бәрі де – білікті, өз ісінің шеберлері. Алдағы уақытта кәсіпкер ісін дамытуды қолға алмақ. Ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдік көп. Иә, шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мем­ле­кеттің экономикалық мүм­кіндігі арта бермек. Ол жаппай кәсіпкерлікке серпін береді.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: