«Аспаздық өнер маған анамнан дарыған. Анам Күнсұлу – 25 жылдық тәжірибесі бар бас аспаз. Қыз бала отбасында анасына қарап бой түзейді ғой. Мен де бала кезімнен анама көмекші бола жүріп, асүйдің тірлігіне машықтандым».
Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз, кәсіпкер Динара Бағланқызы әңгімесін осылай деп бастады. Ол – кәсіпкерлік саласында бой көрсетіп келе жатқан жас есімдердің бірі. Динара жақында қаламыздан шұжықтың 15 түрін дайындайтын цех ашты.
32 жасында кәсіпкерлік саласына бетбұрыс жасаған Динара Бағланқызы көп жасқа үлгі боларлық тындырымды ісімен танылып жүр. Бүгінгідей нарық заманында пайдаға кенелудің оңай жолын көздемей, бейнеті бес батпан, жауапкершілігі жоғары шұжық дайындау ісіне тәуекел етіп кірісуінің де астарында үлкен мән жатыр. Бұл өмірде кездескен сынақтың нәтижесінде пайда болған ой мен тәуекелдің жемісі көрінеді.
– 2017 жылы дүкен сөресіндегі шұжықты пайдаланамын деп қатты ауырдым. Денсаулығыма айтарлықтай зиян келтірген соң отбасымызбен шұжықтан түбегейлі бас тарттық. «Ауру – астан» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Негізі адам денсаулығына ең бірінші зардабын да, пайдасын да әкелетін – ол біздің күнделікті ішіп, жеп отырған тағамымыз. Өзім балалардың табиғи таза өнім тұтынғанын қалаймын. Олардың жеген асын қадағалап, барынша пайдалы, дәруменге бай тағамдар әзірлеуге тырысамын. Бірақ уақыт өте келе балаларым «Анашым, таңғы асқа шұжық жегіміз келеді» деген өтінішті жиі айта бастады. Сонан соң «шұжықты қалай үй жағдайында дайындауға болады?» деген сауалға жауап іздей бастадым, – деген Динара өзін толғандырған сұрақтың шешімін әлеуметтік желіден тапқанын айтты.
Осыдан кейін ол үй жағдайында шұжық дайындай бастайды. Не істі қолға алса да жан-тәнімен кірісетін Динараға шұжық дайындау да барған сайын қызығушылығын оятып, сүйікті ісіне айналады. Балаларына табиғи таза ас дайындауды мақсат еткен ананың уақыт өте келе бұл кәсібіне айналды.
– Бастапқыда үйге келген қонақтарға ұсынып жүрдім. Мен дайындаған шұжықты олар сүйсіне жейтін болды. Өздері де қонақ шақыратын болса, тапсырыс беретін. Бұл менің шабатымды оятты. Кейін шұжық жасауды толық меңгеру үшін өз білімімді толықтырдым. Үнемі ізденісте болдым. Жаңа тәжірибе жасап көрдім. Бәрі оң нәтиже берді. Сонан соң ғана кәсіпкерлік саласына толық бетбұрыс жасадым. Бизнес жоспарын құрдым. Мен сияқты тың идеясын жүзеге асырғысы келетін жас кәсіпкерлерді қаржылық жағынан қолдайтын мемлекеттік жобаларға қатыса бастадым. Нәтижесінде 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп, қажетті техникаларымды алып, кәсібімді бастадым, – дейді ол.
Қазіргі таңда Динара Бағланқызы табиғи таза жолмен ешқандай бояғыштар мен консерванттар қосылмаған сиыр, жылқы және қой етінен дайындалған шұжықтың 15 түрін шығарады. Кейіпкеріміздің бойындағы ерекше қасиет – ол әрдайым жаңа дүние жасауға ұмтылып, ізденісті тоқтатпайтын табанды жан. Және өзінің білгенін өзгелерге де үйретуден шет қалмайды. Аз уақыттың ішінде мол тәжірибе жинап, жетістікке жеткен кәсіпкер білім, білігін шұжық дайындау ісіне қызығушылығы бар басқа да жандарға үйретіп жүр. Бір жылдың ішінде 170 шәкіртті үйретіп шығарған. Олар да қазіргі күні осы салада өз нәпақасын тауып жүрген көрінеді.
– Мен кішкентай цехтан басталған бұл кәсібімді Қазақстанға танымал үлкен өндіріске айналдырып, тіпті өнімдерімді шетелге экспортқа шығарғым келеді. Елімізде ауылшаруашылық өнімдерін дамытуға мүмкіндік көп. Соның ішінде Қызылорда өңірінің шөбінің тұздылығы оны жеген малдың етіне айрықша дәм беріп отыр. Негізгі мақсат – қазақстандықтарды сырттан келетін шұжықтарға мұқтаждықтан арылтып, өзіміздің таза өнімді тұтынуға мүмкіндік беру, – деген Динара болашақ жоспары туралы айрықша шабытпен айтып берді.
Динара өзінің сүйікті ісін кәсіпке айналдырған нәзік жанды ғана емес. Сондай-ақ ол – үлгілі келін, аяулы жар, балалары үшін ештеңеден тайынбайтын көпбалалы ана. Отбасындағы келіндік, әйелдік, аналық міндеттерін қалтқысыз атқарумен қатар, іскер әйелдік келбетін қалыптастыра білген жан.
– Отбасы болып, өмірге ұрпақ әкелген соң олардың мұқтаждығын өтеуде әке мен ана бірдей болу керек деп ойлаймын. Мен бар жауапкершілікті жолдасыма артып қойғым келмейді. Қазір заман өзгерді. Әйелдер отбасы, ошақ қасында шектелмей табыс тауып, еріне болысуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, ниет түзу болса, әйел бәріне жол табады, – деген ой айтты.
Отбасының махаббатына бөлене жүріп, жолдасы мен балаларына дәмді тағам жегізсем деген асүй ханшайымынан іскер әйелге айналған Динара Бағланқызын қанаттандырып, табысқа жетелеп жүрген де – бауырлары мен отбасының қолдауы. «Тәуекел ете білмеген адам мақсатқа жете алмайды» деген ұстанымды ұстанған кейіпкеріміз жастық шақта тәуекел етіп сабақ алып, жетістікке жетпесең қартайған соң өкінгеннен пайда жоқ дейді. Шындығында Динара осындай бас изеп қолдайтын ұстанымның арқасында бармақ басын көрсеткен көптің ықыласына бөленіп жүр ме деген қорытынды жасадық.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!