Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсібі өркендеген өңір

26.09.2024, 10:00 838

Ілгері тірлік ғана кез келген дүниенің абыройын көтеріп, әлеуетін арттырады. Бұл тұрғыда жалағаштық жұрттың аяқ алысы көңіл қуантады. Өткен аптаның соңында өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен бір топ тілші Жалағаш ауданына баспасөз турына аттандық.

Солтүстік  ауданға  жасаған сапарымыз өңірдегі кәсіпкерлік нысандарымен танысудан басталды. Жалағаштың кәсіпкерлік әлеуеті жылдан-жылға артып, жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға үлес қосып келеді. Ауданның экономикасын дамытуға атсалысып жатқан жандардың еңбегін көру, олардың тәжірибесімен бөлісу бұл сапардың негізгі мақсаты болды. Өз кәсібін жаңадан бастап, ірі жобаларды іске асырып жүрген кәсіпкерлердің жетістіктері ауданның келешегіне  үлкен  үміт  ұялатады.

Мұндағы кәсіпкерлік субъектілерінің әл-­ауқаты көңіл қуантады. Өйткені кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғаның 95 пайыздан астамы жұмысын жүйелі түрде жүргізуде. Бұл тура­лы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің  басшысы  айтты.

– Аудан бойынша 3011 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, бүгінде оның 2878-і  жұмыс  істеп  тұр. Жыл  басынан  бері  3 млрд  42  миллион  теңгені  құрайтын 94 жоба, ал Қызылорда  өңірлік инвестиция орталығы арқылы 122 миллион теңгеге 4 жоба қаржы­ландырылған. Одан бөлек жыл басынан бері «Бота­қан» сауда орталығы ашылды. Сондай-ақ, кәсіпкердің жалпы құны 250 млн теңге құрайтын жеке балабақшасы іске қосылды. Жақын арада жартылай дайын өнім және ет өндірісіне бағытталған цех іске қосылады. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарынан 27 жоба ұсынылып, өткен аптада сомасы 56,2 миллион теңгені құрайтын 10 жоба  қолдауға ие болды. «Ауыл аманаты» жобасы кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік сыйлап отыр, – деді  Жасұлан  Дүйсекеев.

Жалағаш ауданындағы маңызды жаңалықтардың бірі – «Далида» сауда үйінің ашылуы. Жеке кәсіпкер Бақыт Ахметова өткен жылдың тамыз айында 360 шаршы метр аума­ғы бар заманауи сауда үйін ашты. Бұл жобаға жұмсалған 100 миллион теңгенің 57 миллионы «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында «Банк Центр Кредит» арқылы жеңілдетілген пайызбен  қаржыландырылды.

«Далида» сауда үйі ауданның экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Сауда үйі биыл тағы да кеңейтіліп, 400 шаршы метр  аумағы  бар  жаңа  ғимарат  ашылды.

– Бүгін аудан жұртшылығының куә болуымен «Далида» сауда үйінің екінші нүктесін ашып жатры­мыз. Бұл жаңа нысанда көкөніс, тұрмыстық заттар, ет өнімдері, оргтехника аксессуарлары мен дәріхана сияқты 11 шағын дүкен жұмыс істеуде. Мұның құрылысын өз қара­жатыммен көтердім.  Жобаға 150 млн теңге жұмсалды.  Бұл сауда үйі аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, шағын бизнестің дамуына да үлкен септігін тигізетін болады. Бұған дейін бұл жерде «Әділет» базары болған. Онда сатушылар климаттық жағдайларда түрлі қиындық көрген еді. Ал мынадай заман­ауи сауда үйі сатушылар үшін де, тұрғындар үшін де өте қолайлы, – деді  «Далида» сауда үйінің  басшысы  Бақыт   Жагорқызы.

Сауда үйінде өз кәсібін жүргізіп отырған Сәуле Игібаева басшылыққа алғысын білдіріп, сатушыға қажет мүмкіндіктер қарастырылған сауда үйінің жұмысына риза екенін жеткізді.

– Саудамен айналысқаныма біраз жыл болды. Бұл оңай іс емес. Әсіресе, қыстың суығы мен жаздың ыстығында далада сауда жасау қиын еді. Өнімдер үсіп кетпесін деп оларды киізбен орап, суықтан қорғайтынбыз. Ал жазда күннен сақтану үшін бөзден көлеңке түсіріп жүрдік. Ал бүгін көптен күткен арманымыз орын­далып, заманауи, кең әрі жайлы базарда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдық. Осыған себепкер болған базар иесі Бақыт Ахметоваға алғысымды білдіре­мін, – деді  сатушы.

Кейбір  кәсіпкерлер «Әділет» сауда үйі болып тұрған кезінен осы жерде кәсібін дөңге­летіп, 2006 жылдан бері саудасын жүргізіп келеді. Мұндай кәсіп иелерінің бірі – Ботагөз Жаңабаева.

– Былтыр «Далида» сауда үйі ашылғанда қуанышымыз шексіз болды, ал биыл оның жаңа нүктесі де іске қосылғанына өте қуаныштымыз. Сауда үйі жарық, кең әрі барлық қажетті жағдай жасалған. Біз Жалағаш тұрғындарын сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп, өз ісімізді жалғастырып жатырмыз. Тұтынушылар үшін де жайлы әрі ыңғайлы сауда орнында болу маңыз­ды. Сауда үйінде бізге екі бөлме берілген, онда 8-10 тонна өнімді сақтай аламыз. Мұнда жылу жүйесі, салқындатқыштар және жарықтан­дыру  секілді барлық жағдай қарастырылған. Бағасы  да  қолайлы, бәрі ойдағыдай, – деді Бота­гөз  Жаңабаева.

Сауда үйінің алғашқы сатып алушыларының қатарынан көрінген жалағаштық Жаннұр Жақсылыққызы тұрғындар мұндай баста­маларға  әрдайым  қуанатынын  айтты.

– Бүгін сауда орталығының ашылғанына саудагер­лермен қатар біз де қуанып жатырмыз. Тұрмысқа қажет азық-түліктің көбін осы жерден  аламыз.  Жалпы, жұртшылық мұндай бастамаларға қуанады. Осы арқылы ауданымыз жаңарып, жасарып, экономикасы қуаттана түседі, – деді  аудан  тұрғыны.

Бүгінгі буын тек білімде ғана емес, бизнес саласында да өзін танытып жүр. Жалағаш ауда­нының жаңа толқынының бір көрінісі – шұжық цехының иесі. Бар болғаны 11-сынып оқитын Назым Ережеп жас болса да, табиғи әрі сапалы ет өнімдерін дайындап, өңірдегі тұтынушылардың сеніміне ие болуда. Назымның негізгі мақсаты – аудан тұрғындарына экологиялық  таза,  дәмді  өнім  ұсыну.

Назымның бастамасы кездейсоқ емес. Ас үйге бала кезден бейім болған ол, сапалы тамақ дайындауға деген ерекше ықыласын кәсіпке айналдыруды шешкен. Ол сиыр, қой және жылқы етінен шұжық, әсіп дайындап, сондай-ақ  тауық етін ыстап, нарықтағы көптеген  өнімге балама  боларлық  өз  тауарларын шығарады.

– Бұрыннан тамақ әзірлеуге қызығатынмын. Дүкендегі кейбір шұжықтардың сапасы күмән тудырған соң, өз қолыммен табиғи әрі таза өнімдер дайындауды шештім. Біздің шұжықтар арнайы еттен жасалады, ешқандай фарш қолданбаймыз, – дейді  ол.

Назымның бұл бизнеске ден қоюына ата-ана­сы да барынша қолдау білдірген. Олар тек бизнеске иек артпай, қайтарымсыз грантқа қаты­сып, 400 АЕК көлемінде қаржы жеңіп алған. Енді отбасы кәсібін дамытып, өнім түрлерін кеңейтуге бел байлап отыр. Алдағы уақытта сүт өнімдері де саудаға шығуы мүмкін.

Назымның  әкесі  Алмат  Ережепұлы  қызының  жетістігіне  қуанып  отыр.

– Қызым кішкентайынан тәттілер пісіріп, оларды сата бастады. Уақыт өте келе, оның қызығушылығы ет өнімдеріне ауысты. Қазір Назым­ның өнімдері аудан тұрғындарының көңілінен шығып жатыр. Әрбір шұжық тек табиғи ингредиенттерден жасалады. Біз сапаға қатты мән береміз, бұл – біздің отбасылық кәсіптің бас­ты  ұстанымы, – дейді  А.Ережепұлы.

Өнімдердің  бағасы  да  қолжетімді. Шұжық­тардың келісі 6000-6500 теңге шамасында болса, тауық етінен жасалған «сосискалар» 4500 теңге, сиыр етінен жасалғандары 5000 теңге тұрады. Ысталған тауық – 3000 теңге, қойдың құйрық майы – 4000 теңге. Сонымен қатар, дәстүрлі қазақ тағамы – әсіптің келісі 3800 теңгеден сатылуда.

Бұл жас кәсіпкер­дің жетістігі – ауылдағы мүмкіндіктерді көрсетеді әрі өз ісін бастағысы келетін жастарға үлкен мотивация. Назымның бастамасы – жаңа буынның бизнеске деген тың  көзқарасы  мен  батыл  қадамдарының  айқын  көрінісі.

Мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін өрістеткен жандардың қатарында Нұргүл Алтыбаева да бар. Ол 400 АЕК көлемінде грант иеленіп, аудан тұрғындарын тәтті өнімдермен қамтамасыз етуге бел буды. Нұргүлдің кәсіпкерлік жолы көбінің қызығу­шылығын ашатынын сөзсіз. Қарапайым қызығу­шылықпен басталған іс бүгінгі таңда үлкен сұранысқа ие кәсіпке айналды. Нұргүл тәттілер пісіруді 2013 жылы өз отбасы үшін торт жасау арқылы бастапты. Бұл істі кәсіпке айналдыру туралы ойы арада бірнеше жыл өткенде пайда болған. Ол отбасына тәттілер пісірумен бастаған жұмысты біртіндеп табыс көзіне айналдыруға  шешім  қабылдады.

– Алғашында бұл тек хобби болды. Отбасым үшін  ғана пісіретінмін, бірақ жылдар  өткен сайын бұл іске деген қызығушылығым артып, оны кәсібіме айналдыруды жөн көрдім. Биыл мау­сым айында мемлекеттік грантқа қатысып, қажетті жабдықтарды – пеш, миксер және басқа да құралдарды сатып алдым. Қазір аудан тұрғындары арасында тортқа деген сұраныс өте жоғары. Кей күндері 5-6, тіпті 10 тортқа дейін пісіремін. Әрбір тортты әзірлеу үшін шама­мен бір сағат жиырма  минуттай  уақыт  қажет, – дейді  ол.

Нұргүлдің қолынан шыққан тәтті өнімдері аудан тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленген. Торттарының түр-түрі бар, әр клиенттің талғамына сай торт жасай алады. Бағалары да қолжетімді. Қарапайым торттар 4000 теңгеден басталып, күрделі үлгілеріне қарай 12000 теңгеге дейін жетеді. Әрбір өнімнің сапасы мен дәміне ерекше мән беретін кәсіпкер өз ісін әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр. Ол тек торттармен шектелмей, басқа да тәтті өнімдер пісіруді қолға алмақшы. Бұл мақсатта қосымша құрал-жабдықтар сатып алып, жұмыс орнын кеңейтуді көздейді. Қазіргі таңда Нұргүлдің пісірген торттары тек аудан аумағында ғана емес, көрші аймақтарда да сұранысқа ие. Кондитердің жетістігі – қайтарымсыз гранттардың дұрыс қолданыс тапса, үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатынының дәлелі. Ол сияқты кәсіпкерлер өз бастамалары арқылы ауданның экономикасына үлес қосып, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын да жақ­сартуға  ықпал  етуде.

Жалағаш ауданының құрылыс саласында ерекше орны бар «Бибігүл Ана» құрылыс дүкені аудан тұрғындарына сапалы құрылыс материалдарын ұсынып келеді. Бұл дүкеннің ерекшелігі, ауданның қажеттіліктерін толық қамтамасыз етумен қатар, Қызылорда облысына да өнім жеткізуде. Жеке кәсіпкер Халық Серіктің бастамасымен құрылыс дүкені жанынан жеке қаражаты есебінен жалпы құны 300 миллион теңге болатын құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт биыл толықтай іске қосылды. Зауыт тәулігіне 15 тоннаға дейін құрылыс заттарын өндіруге қабілетті. Онда арна­йы дайындалған 6 түрлі өнім шығарылады, соның ішінде кафельге арналған желімдер мен үйдің төбесі мен еденге пайдаланатын басқа  да  құрылыс  заттары бар. Қазіргі таңда 6 жұмысшы  зауытта  жұмыс  істеп, өндірісті толық  қуатында  жүргізуде.

Кәсіпорын меңгерушісі Ерлан Рашид­ұлы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау жұмыс­тарына да тоқталып өтті. Ол өз сөзінде мемлекеттен ұсынылған қайтарымсыз несие­нің зауытты салуға үлкен септігін тигізгенін айтты.

– Құрылысы былтыр көктемде басталды. Қазірде кәсіпорыннан кафель желімдері, үйдің төбесі мен еденге пайдаланатын 6 түрлі өнім шығады. Құрылыс заттарын дайындауға 6 жұмысшы жұмылдырылған. Мемлекет тара­пынан қайтарымсыз несиенің осы зауытты салу­ға көп көмегі тиді. Қолдау бар. Өндіріс орындарын көптеп салу кәсіпкерге ғана емес, аудан тұрғындары үшін де тиімді. Бағасы нарық­тан арзанға түседі, сонымен бірге жұмыссыздықты азайтар еді. Ерінбей кәсіптің көзін зерттесең, мемлекет қаржылық көмек береді. Тек нәтижеге бағытталған жұмыс істеу керек, – деді  Ерлан Рашидұлы.

Зауыттың іске қосылуы – Жалағаш ауданы үшін үлкен мүмкіндік. Жергілікті тұрғындар сапалы  құрылыс  материалдарын  төмен бағадаалуға қол жеткізіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да куә болуда. Кәсіп­орын алдағы уақытта өнімді тек аудан, облыс көлемінде ғана емес, басқа аймақтарға жеткізуді жоспарлап отыр, бұл Жалағаштың құрылыс  саласындағы  белсенділігін  одан  әрі  арттыра  түсуде.

ТҮЙІН. «Жақсылықты бөліссең, көбейеді» дейді қазақ. Жалағаштың жаршысы болған жұмыстармен танысуда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы расында қуантты. Кәсіп көбейген сайын, бәсекелестік артып, даму жолындағы жанталас күшейеді. Ал бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға үлес қосады. Шаруа шатқаяқтамау үшін шаршауға болмайды. Тынымсыз тірлік иелерінің көзінен байқаған  отты  екпін  осы  болды.

Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ,

Қызылорда – Жалағаш – Қызылорда

Суреттерді түсірген Динар Рахман

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: