Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тверь облысында ұшақ құлап, 10 адам қаза тапты. Пригожин жолаушылар тізімінде бар

24.08.2023, 9:10 164

HALYQLINE.KZ

23 тамыз кешкісін Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлады. Росавиацияның мәліметінше, ұшақтың жолаушылар тізімінде «Вагнер» жеке әскерінің басшысы Евгений Пригожин мен оның «оң қолы», «Вагнердің» командирі Дмитрий Уткин болған.

Росавиация жариялаған жолаушылар тізімі мынандай:

  • Propustin Sergey
  • Makaryan Evgeniy
  • Totmin Aleksandr
  • Chekalov Valeriy
  • Utkin Dmitriy
  • Matuseev Nikolay
  • Prigozhin Evgeniy
  • Levshin Aleksei, командир
  • Karimov Rustam, екінші пилот
  • Raspopova Kristina, бортсерік.

Дегенмен қазірге дейін Пригожин мен Уткиннің қаза болғанына қатысты ресми мәлімет жоқ. Кремль де ұшақ апатына қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.

Ресей төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, бортта он адам (үш экипаж мүшесі мен жеті жолаушы) болған. Олардың бәрі қаза табуы мүмкін. РИА Новости ақпарат агенттігі ұшақ құлаған маңнан он адамның сүйегі табылғанын жазды. Ресейдің тергеу комитеті Тверь облысындағы ұшақ апатына байланысты іс қозғап, тергеу бастағанын мәлімдеді.

Кейбір сарапшылар ұшақ жолаушылар тізімінде Пригожин болғанымен, оның бортқа мінбеуі де мүмкін дегенді алға тартады. Бұған қоса, кейбір басылымдар мен сарапшылар Пригожин мен Уткинге «ұқсас адамдардың» болғанын еске салды.

Кремльшіл «Россия 24» телеарнасы Пригожиннің қаза тапқанын айтты. Ресей билігін қолдайтын «Царьград» телеарнасы да дереккөзіне сілтеме жасап, оқиға орнында Пригожин мен Уткиннің мәйіттері «анықталғанын» хабарлады. «Вагнерге» жақын Grey Zone телеграм-каналы Пригожин мен Уткин «Ресейді сатқандардың әрекетінен қаза тапты» деп, олардың қазасын растады.

Ұшақтың құлаған сәті видеоға түсіп қалған. Бұл видеоны «База» және Mash телеграм-арналары жариялады (видеода былапыт сөздер бар).

Ресейлік журналист Ксения Собчак дереккөзіне сілтеме жасап, апатқа ұшыраған бортта Пригожин де болғанын жазды. Ал Ресей оккупациялап алған Запорожье облысының өкілі Владимир Рогов «Вагнер» өкілдерімен сөйлескенін, олар Пригожин мен Уткиннің қазасын растағанын айтады.

Пригожиннің өкілдері жағдайға байланысты әзірге мәлімдеме жасамады. «Вагнермен» байланысы бар Grey Zone каналының жазуынша, ұшақты ракетаға қарсы құрылғы атып түсіруі мүмкін.

Екі ай бұрын Пригожин бастаған «Вагнер» отряды бүлік шығарып, Мәскеуге қарай аттанған. Бүлік кезінде Ресей әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы құлаған. Бүлікке қатысты қозғалған іс кейін тоқтап, «Вагнер» жасағы Александр Лукашенконың шақыртуымен Беларуське аттанған еді. Ал Пригожин біраз уақыт Ресейде болған.

21 тамызда Пригожин видео жариялап, Африкада жүргенін айтқан.

Евгений Пригожин – бизнесмен, Путиннің жақыны. Ол ресторан бизнесінің ұйымдастырушысы ретінде танылды. Пригожин Кремльді тамақпен қамтамасыз еткендіктен жұрт оны «Путиннің аспазы» дейді. Кейін Пригожин мен Уткин «Вагнер» жеке әскери тобын құрады. «Вагнер» бейресми түрде Кремльдің атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты.

Украинадағы соғыс кезінде «Вагнер» Бахмут үшін шайқасты. Кейін Пригожин Ресей қорғаныс министрі мен Ресей әскерінің қолбасшыларын жиі сынап, талаптар қоя бастаған. Бүліктен соң «Вагнер» тобы Украинадағы соғысқа араласуын тоқтатып, Пригожин жұрт көзіне сирек көріне бастаған еді.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: