Антарктидағы Новолазеревский станциясындағы совет ғылыми-зерттеу экспедициясының дәрігері Л.И.Рогозовтың соқыршегі аяқ астынан ұстап қалады. Мамандығы хирург болғасын, өзіне-өзі ота жасауға тәуекелге барды.

Бұл 1961 жылдың 30 сәуірі еді. Ассистент ретінде экспедицияның инженер-механигі айна ұстап тұрса, метеолог жігіт хирургиялық аспаптарды алып беріп тұрды. Бұл туралы Рогозовтың өзі былай деп еске алды: «Айнадан анық көру үшін ішімді әдеттегіден үлкендеу етіп тілдім. Наркоздан шаршаған соң, әрбір 5 минуттан соң 20-25 секунд демалып алып отырдым. Әлім кетіп бара жатты, қолым да икемге келмей бара жатқанда, қарғыс атқыр аппендиксті ақыры таптым-ау. Операция 1 сағат 45 минутқа созылды. Арада 5 күн өткен соң температурам қалпына келді, 1 аптадан соң тігісін алдым».
Операция жасап жатқандағы түсірілген фото бүкіл әлемге тарап, совет хирургі Леонид Рогозовтың ерлігін барлық бұқаралық ақпарат құралы жарыса жазып жатты. Леонид Рогозов экспедицияның жұмысы аяқталған соң 1962 жылы қазан айында үйіне қайтты.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
тарихшы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!